Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның әлеуметтік сала еңбеккерлерінің форумына қатысты. Форумның мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласында жинақталған тәжірибені талдап қорыту, негізгі бағдарларды анықтау, әлеуметтік сала еңбеккерлерінің рөлі мен олардың еңбегін қайта сараптау.
Форумға жиналғандарды құттықтаған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлеуметтік қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне баса назар аударылғанын атап өтті. Осы орайда ол Қазақстанда әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын, соған сәйкес әлеуметтік салаларды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Мемлекеттік хатшы заманауи жаһандық сын-қатерлер мемлекеттер алдына әлеуметтік саясатқа қатысты жаңа талаптарды көлденең тартып отырғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, БҰҰ-ға мүше елдер 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарын қабылдады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттер азаматтардың өз мүмкіндіктерін кедергісіз, ал әлеуеттерін кеңінен пайдалануына, еңбек нарығында мейлінше ұзағырақ қалуына жағдай жасауы тиіс. Бұл үшін түрлі әдістер мен тетіктер қолданылады: қайта оқыту, оңалту бағдарламалары, жұмыс күшінің жинақылығын ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту және т.б.
«Бүгінде Қазақстан үшінші жаңғыруды жүзеге асырып жатыр. Ел алдына адами капиталдың сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау, сондай-ақ барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер қойылды», – деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы 2009 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заң қабылданған соң елімізде әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту қолға алынғанын сөз етті. Оның негізгі бағытының бірі – әлеуметтік сала еңбеккерлері институтын қалыптастыру және дамыту. Мемлекеттік хатшының пікірінше, аталған мамандықтың маңызы мен қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан, әлеуметтік қызметкерді қарапайым күтуші секілді жұмысшы деген түсініктен арылу күн тәртібінде тұр.
Г.Әбдіқалықованың сөзіне сүйенсек, қазіргі жағдайға бейім мамандар әзірлеу де маңызды міндет саналады. Мемлекеттік хатшы әлеуметтік қызмет саласындағы заманауи жаңалықтарды енгізген сапалы бағдарлама керектігіне тоқталды. Сондай-ақ форумның күн тәртібіне әлеуметтік саладағы менеджмент, әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру, коммерциялық емес ұйымдардың арнаулы әлеуметтік көмек көрсету ісіне атсалысу аясын кеңейту, еріктілік пен қайырымдылықты қолдау тәрізді өзекті мәселелер енген.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 20 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», деп жазғанын атап өтті Г.Әбдіқалықова.
Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев форумның маңыздылығына тоқталып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Әрбір төртінші қазақстандық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылған. Атаулы жұмыстың тиімді нысандары мен әдістері енгізілді. Әлеуметтік мекемелердің жаңа түрлері құрылып, әлеуметтік қызмет көрсету түрлері кеңейтіліп отыр. Бұл жұмыс әлеуметтік қызметкерлердің, олардың жоғары кәсібилігі және керемет адами қасиеттерінің арқасында жасалып келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік қорғау саласы белсенді жаңғыртылды» делінген Премьер-Министрдің құттықтауында.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы өз құттықтауында әлеуметтік және кәсіпкерлік идеяларын, қайырымдылық және еріктілік институттарын ілгерілетуге, халықты әлеуметтік қорғау саласына инновациялық технологияларды белсенді енгізуге және бизнесті тартуға жағдай жасауға ниетті екенін жеткізген. Премьер-Министр бұл әдістер тұрғындардың, көмекке, ерекше күтім мен қамқорлыққа зәру адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатынын атап өткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жергілікті басқарушы мекемелердегі әлеуметтік қызмет саласында қайта жаңғырту жүргізу қажет. Т.Дүйсенова аға буынның әлеуметтік қызметке қатысты қатып қалған түсінігі жастармен және жас отбасылармен бірлесе жұмыс істеуге кедергі келтіріп отыр. Сондықтан, осы саланың деңгейін көтерудің маңызы ерекше. Сонымен бірге әлеуметтік қызмет осы саладағы бүкіл бағдарламалар мен жергілікті жердегі жұмыспен қамту бағдарламаларына мұрындық болмақ.
Алқалы жиынға алыстан ат терлетіп келген Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски Қазақстанның осы салада атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура еліміздегі әлеуметтік бағдармалардың сапасы жоғары екенін мәлімдеді.
Форум аясында «Қазақстанда жүзеге асып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесі ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық аймағынан 155 өтініш келіп түсіп, соның 20-сы үздік шыққан. Бұл көрменің мақсаты – қиындыққа тап болған азаматтардың мәселесіне қоғам назарын аударту. Жиын соңында өзгелерден оқ бойы озып шыққан үш жоба ең үздік деп танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абай Асанкелдіұлы, «Егемен Қазақстан»