Ұлылар мекені, Абай елі әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығын есте қаларлықтай тағылымды шаралармен атап өтті. Қаламгер мерейтойына арналған шаралардың легі Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында «Дала данышпаны – Құнанбай» атты жинақтың тұсаукесерінен бас-талды.
Үш бөлімнен тұратын еңбекке дала данышпаны туралы ел аузындағы және ұрпақтарының айтқан естеліктері, аға сұлтанның ұлағатты сөздері топтас-тырылып, тұлға жайында жазылған кітаптардан үзінділер ұсынылыпты. «Жазушы Тұрсын Жұртбайдың Құнанбай туралы кітабындағы «Өскенбай асы» деген бір тарауды тұтасымен бердік. Өйткені, Өскенбайдың асы Құнанбайдың даңқын шығарған, Үш жүзге атын танытқан ас. Бұл ас үш күнге созылған екен. Жалпы, Құнанбай туралы жазылған дүниелер аз емес қой. Біз сол дүниелердің негізгілерін жинақтап, мерейтойға келген қонақтарға Құнанбайдың өмірі мен тағдырын қысқаша таныстыруды мұрат еттік», дейді аталған жинақтың құрастырушысы, қаламгер Əсет Мырзақасым.
Заңғар жазушының бұл мерейтойының бір ерекшелігі – қаламгердің «Абай жолы» романындағы бас кейіпкерлердің бірі, Алашқа Абайдай дананы сыйлаған құдіретті Құнанбай есімінің ел жадында жаңғыруы дер едік. Бұл күні мерейтойға келген жұртшылық замана қыспағымен айтарын айта алмаған, жазарын жаза алмаған ұлы Мұхаңның көп арманының бірінің орындалғанына куә болғаны анық. Өйткені бұл күні Қарауылдың қақ ортасына «қарадан шығып хан болған», «табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген» (Адольф Янушкевич), қара қылды қақ жарған әділеттілігімен, парасаттылығымен, қайраткерлігімен, имандылығымен ел құрметіне бөленген Құнанбай Өскенбайұлының еңселі ескерткіші орнатылды. Оң қолына қамшысын сығымдай ұстаған дала данышпанының бейнесі бедерленген тас мүсіннің салмағы – 12 тонна болса, биіктігі тұғырымен қоса алғанда – 7 метр. Ескерткіш авторы, семейлік жас мүсінші Нұрбол Қалиев Балқаштың мысынан құйылған туындыны жасауға 10 айдай уақытын жұмсағанын айтады.
Дара тұлғаның көрген жанның еңсесін көтеріп, рухын асқақтатар алып ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Абай ауданының бұрынғы әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков Құнанбай бейнесінің Қарауыл төрінен қасқайып орын алуына жергілікті кәсіпкер азаматтардың, бүкіл аудан жұртшылығының жұдырықтай жұмыла үлес қосқанын ерекше атап өтті. «Бәрі де «Құнанбай» фильмінің экранға шығуынан басталды. Халық бұл туындыны жылы қабылдады. Жыл басында аудандық мәслихат депутаты Ардақ Белібаев дала данышпанына ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс айтқанда, бас-тама бірден қызу қолдауға ие болды. «Құнанбай қажы» қоры құрылды. Ұлы бабамыздың ескерткішін орнату аудан халқының көптен күткен, ойда жүрген арманы болатын. Бұл мекен ауылымыздың ажарын ашып, сәулетіне сәулет қосып, рухани күш сыйлайтын көрнекті орынға айналатынына сеніміміз мол», деді ол.
Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен, облыс аумағынан ат арытып арнайы келген қонақтардың барлығы да толқып, тебірене сөйледі. «Рухани жаңғыру, ұлттық кодты сақтау дегеніңіз осы» десті бәрі де бірауыздан. «Шындығына келсек, бұрынғы тарихымызды, өткенімізді құрметтемей, қазақтың бауырмалдығын, қонақжайлығын, батырлығын, даналығын білмей біз қалайша жаңғырамыз, қалайша ел боламыз? Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылығы, маңыздылығы осында. Осы ескерткіштің ашылуына, тарихи оқиғаның болуына үлес қосқан осы ауданның алыс-жақында жүрген азаматтарына мың алғыс. Аман жүріңдер, айналайындар. Туған елге тағзым деген осы. Осыдан үзілмеңдер», деді Құнанбай қажының ұрпағы, Абай ауданының құрметті азаматы, ұлы Мұхтардың тәрбиесін көріп, тәлімін алған Манатай Толғанбаев ақсақал. Туған елге тағзым демекші, ескерткіштің ашылу салтанаты барысында Қарағанды облысынан арнайы келген Өскенбай бидің ағасы Мырзатайдан тараған ұрпақтар Қарауылдағы «Құнанбай қажы» мешітіне көлік тарту етті.
Сонымен қатар бұл күні аудан орталығында толықтай күрделі жөндеуден өткен 400 орындық стадион салтанатты түрде ашылды. Стадионның ашылу рәсімі барысында Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков жұртшылықты жазушы мерейтойымен құттықтап, осы өңірдің тумасы, жуықта ғана «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаровқа құрмет көрсетіп, 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ал балуанның бапкері Серік Қоржыкеновке 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Су жаңа стадиондағы шаралар одан әрі «Әлем таныған Әуезов» атты композициялық қойылыммен жалғасып, жұртшылық бала Әуезовтен дана Әуезовке дейінгі мезеттерді жергілікті актерлердің ойыны арқылы тамашалады. Жазушының Алаш баласынан шыққан алғашқы футболшы болғаны да, қазақ даласындағы алғашқы спектакльді өзі сахналағаны да осы композиция аясында көрініс тапты. Бұдан кейін қаламгер мерейтойына келген жұртшылық назарына биыл 45 жылдығын атап өтіп жатқан «Қаламқас» ән-би ансамблі өнерпаздарының концерті ұсынылды. Түс ауа Қарауылтөбеде арнайы тігілген киіз үйлерде ас беріліп, мерейтой одан әрі ат бәйгесімен, балуан күресімен жалғасты.
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы