• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қыркүйек, 2017

Қызметтік көліктерге арнайы белгі орнатылмақ

309 рет
көрсетілді

Таяуда Қарағандыда Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл стратегиясын жүзеге асыру бойынша Арнайы мониторингтік топтың отырысы өтті. Аталған орган Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанында жұмыс атқарады. 

Жиын барысында айтылғандай, Қарағанды облысының мемлекеттік органдарының қызметтік көліктеріне арнайы эмблемалар орнату бастамасы республикада құпталды. Бұл тәжірибені еліміз бойын­ша қолдану ұсынысы жасалды. 

– Арнайы мониторингтік топтың кейінгі отырысында мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерінде ерекшелік белгісін қою мәселесі қарас­тырылды. Қала және аудан әкімдеріне қызметтік көліктерге айрықша белгі орнатуды қамтамасыз ету ұсыныстары жасалды, – деді Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ермек Әбілдин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда көптеген әкімдік­тер мен басқармалар ерекшелік белгілерін орнатқан. Алайда ол жаңашылдықты елемегендер де бар. Олар­дың қатарында – білім басқармасы, Абай және Нұра аудандарының, Саран қаласының әкімдіктері бар.

– Кей мемлекеттік органдар белгілерді орнат­қандарын растайтын материалдар жіберген жоқ. Ол дегеніміз, аталған шара тек қағаз жүзінде орындалуы мүмкін дегенді білдіреді. Айта кетейік, 2017 жылдың 7 қыркүйегінде өткен республикалық Арнайы мониторингтік топтың хаттамасында біздің баста­мамыз республиканың барлық орталық және жергілікті атқару органдарына ұсынылды, – дейді Е.Әбілдин.

Топ мүшелері жергілікті полиция қызметімен бірігіп ерекшелік белгілерінің орнатылғанын тексеру бойынша рейд өткізуді ұсынды.  Отырыста сонымен қатар 2015-2020 жылдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша үш жылдықта жасалатын шаралар жоспары талқыланды. 

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы