Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қыркүйектің 27-29-ы күндері Ақтөбе облысында «Туған жер» атты тұңғыш республикалық форум өткізілмек.
Оған әлемнің алыс-жақындағы жиырма елінен бір кезде Ақтөбе аймағында туып-өскен, алайда өзге өңірлерге көшіп кеткен, тіпті тағдырдың жазуымен бүгінгі күндері жер шарының өзге құрлықтарында тұрып жатқан 300-ге жуық жерлестеріміз келеді деп күтіледі. Баспасөзде Мемлекет басшысының рухани жаңғыру жөніндегі кең тынысты, кемел ой-пікірлері жарияланғаннан кейін Ақтөбе облысында дереу «Туған жер» бағдарламасын іске асыру тетіктері, оны жүзеге асырудың бүгінгі тактикасы мен ертеңгі стратегиясы белгіленген болатын. Бүгінгі күні Ақтөбеде әзірленген бұл байыпты бағдарлама өзге өңірлер өнеге, тағылым аларлықтай деңгейге жетіп отыр.
Сондықтан да «Туған жер» тұңғыш республикалық форумы кезінде республикамыздың барлық облыстарынан келген делегациялар рухани жаңғыру шеңберіндегі осы базалық бағдарламаның қызметімен таныспақ. Форумның ашылу салтанаты республика облыстары арасында баламасы жоқ жаңадан бой көтерген шығармашылық академияда өтеді деп белгіленген. Бұдан кейінгі кезекте форум қонақтары өңірде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылған көптеген нысандарды аралап көрмек.
Форум аясында әлемдік стандарттарға сай салынған жекпе-жек сарайында дзюдодан республика Президентінің кубогі үшін халықаралық жарыс ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге «Туған жер» бағдарламасына сәйкес «Ақтөбе кеше, бүгін және ертең» атты конференция өткізу жоспарланған. Форумның соңғы күні оған қатысушылардың бір бөлігі облыс аудандарына жол тартса, екінші бір легі облыс орталығындағы білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінде семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізбек. Мемлекет басшысы Нрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің басты белгісі. Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін «Туған жер» тұңғыш республикалық форумында туған жердің мерейін асқақтатар істер молынан көрініс табады деген сенім мол.
АҚТӨБЕ