• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қыркүйек, 2017

Алматыда IT-квартал таныстырылды

353 рет
көрсетілді

Алматыда жаңа технологиялар, жоғары білікті мамандар мен инвестицияларды шоғырландыратын бас орталық - IT-квартал таныстырылды. Ортақ алаң аумағында біріккен жетекші IT-компаниялардың әлеуеті Елбасының Қазақстан экономикасын цифрландыру жөніндегі алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін басты қорға айналмақ.

IT-кварталдың басты міндеті – бірлескен жұмыстан синергетикалық нәтижені алу үшін технологиялық компанияларды біріктіру. Қазіргі таңда ҚР-дағы IT-компаниялардың 60%-дан астамы Алматыда жұмыс жасайды. IT-компанияларды бір алаңда шоғырландыру отандық мамандардың біліктілігін көтеруге, күрделі жобаларды жүзеге асыруға және ұзақ мерзімді шарттарды жасасуға мүмкіндік бермек.

«Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры (Almaty Tech Garden брендімен қызмет жасайды) IT-кварталды құру туралы бастамасын елдегі ақпарат және коммуникация саласын дамыту және елді цифр жүйесіне көшіру міндетін тиімді жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қолдауымен жүзеге асыруда.

«Жібек Жолы» бизнес орталығында орналасқан IT-квартал 17000 шаршы метр аумақты алып жатыр. Үстіміздегі жылдың соңына дейін онда 10 IT-компания және 15 стартап жайғаспақ. 2018 жылы 20 IT-компанияны және 50 стартапты тарту көзделіп отыр. IT-квартал дамыған сайын оның алаңын кеңейту үшін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен бірлесе жеке кампусты салу мүмкіндігі қарастырылып қойған.

IT-кварталдың басты артықшылығы – резиденттердің  IBM, ARM, Autodesk, 1С сынды басқа да мамандандырылған заманауи платформаларға қол жеткізе алатындығында. Сонымен қатар, «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағының эксаумақтылық туралы шарттарына сәйкес келетін компаниялар әлеуметтік салықтан, жер салығынан, корпоративтік кіріс салығынан, мүлік салығынан босату сынды салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Қазіргі таңда эксаумақтылық қағидасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ның артықшылықтарына ие болған Алматыдағы 45 компания IT-кварталға қатысуға мүмкіндігі бар. IT-квартал аумағында инновациялық стартаптардың шоғырлануы оның дамуына үлкен қозғау салмақ. Үстіміздегі жылдың қазанында Almaty Tech Garden халықаралық Startup Kazakhstan бағдарламасын іске қосқалы отыр. Оның қатысушылары IT-кварталда орналаспақ. Startup Kazakhstan - отандық стартаптарды дамытып, шетелдік стартаптарды елге тартуға бағытталған тұңғыш ауқымды қазақстандық бағдарлама. Ол Almaty Tech Garden және GVA Capital-GVA Alatau Fund-тың ортақ венчурлық қоры арқылы қаржыландырылатын болады. Стартаптарға құйылатын инвестициялардың көлемі 100 000 долларға дейін жетеді. 2020 жылға дейін 500-ге тарта инновациялық стартап қаржыландырылып, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған 50 компания инкубацияланады. Өткен айда Almaty Tech Garden GVA ұйымымен бірлесіп, Кремний алқабында тұңғыш ресми технологиялық өкілдігін ашты. Осылайша Startup Kazakhstan қатысушыларының дамуын жеделдету (даярлау) шаралары ішінара Кремний алқабында (АҚШ) жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, Қор баламалы қаржыландыру көздері, соның ішінде цифрлік токендер арқылы стартаптарға көмектесуді жоспарлап отыр. Кейде ICO немесе «Initial Coin Offering» деп аталатын бұл цифрлік токендер – қазір бүкіл әлемде танымалдығы қарқынды түрде дамып келе жатқан блокчейн технологиясы негізінде инвестицияларды тартудың жаңа әдісі. Startup Kazakhstan қатысушыларын ICO-ға шығуға дайындау үшін ICO-инкубаторды іске қосу жоспарланған.

«Жетекші инновациялық орталықтармен ынтымақтасу стартап экожүйесін дамытудың негізі болып табылады. Кремний алқабында өкілдіктің іске қосылуы инновациялық ортаны дамытуға, озық технологияларға сұранысы жоғары жаһандық желіге біріккен шетелдік стартаптарды тартып, қазақстандық стартаптарды оқытуға есік ашып отыр», - деді Global Venture Alliance басқарушы серіктесі Лейрд Каган.

Almaty Tech Garden-нің «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен өзара әрекеттесуі  осы шараларды жүзеге асыру кезінде үлкен демеу жасамақ. 20 қыркүйек күні Астанада Almaty Tech Garden, АХҚО және GVA блокчейн технологиясына арналған экожүйені құру саласында ынтымақтасу жөнінде меморандумға қол қойды. Осыған қоса, Ақылды технологияларды дамыту орталығы құрылатын болады. Ол IBM-мен бірлескен «Зияткерлік жүйелер», EcoDomus және Autodesk-пен бірлескен «BIM+ зертханасы», британдық IntelliSense.io компаниясымен бірлескен «Цифрлік өнеркәсіп» сынды үш орталықтан тұратын болады.

«IT-кварталды ашу арқылы біз IT-компанияларға ортақтасып, синергетикалық нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін жайлы инфрақұрылымды қала ішінде жасап беріп отырмыз. Біз осы алаңды бағдарламашыларға, инноваторларға, жаңа идеялар, озық технологиялар мен тың шешімдерді жасаумен айналысатын жасампаз тұлғаларға ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Сонымен бірге, біз «ИТП» АЭА негізінде машина жасау, жаңа материалдар, геологиялық барлау сынды ауыр өнеркәсіптерді инновациялық тұрғыда дамытуға бағытталған экожүйені дамытудамыз. Кезең-кезеңімен әрекет ете отырып, біз Индустрия 4.0, Жаңа материалдар және Машина жасау сынды бағыттарға арналған Біліктілік орталықтарын қалыптастырып жатырмыз. Сондай-ақ, АЭА базасында геологиялық кластерді құру мүмкіндігі пысықталып, жер қойнауын пайдаланушы ірі инвесторларды тарту бағытында жұмыс жүргізілуде. Осылайша «ИПТ» АЭА экономиканың негізгі салаларын цифрлендіру жөніндегі міндетті жүзеге асыруға арналған басты қорлардың біріне айналуы үшін қажетті біліктіліктер мен жағдайлар жасалуда», - деп атап өтті Almaty Tech Garden бас директоры Санжар Кеттебеков. Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ