Соңғы кездері қоғамда еңбек құқығының бұзылуы жайлы жиі айтылады. Мұндай жағдай әсіресе түрлі кәсіпорындарда, сондай-ақ құрылыс саласында көбірек орын алып жатады. Бір жағы реттеліп жатса, екінші жағынан тағы бір қисынсыздықтың қылаң беретінін көріп жүрміз. Талай жұмысшының топ болып барып кәсіпорынның алдында адал еңбегін талап етіп жүргенін елдің бәрі біледі. Әрине бұл жерде нәпақа үшін жүрген қарапайым жұмысшылардың базынасы орынды. Сондай кезде еңбек құқығына құрметпен қарай қоймайтын компанияларда көк тиын қалмағанына қайран қалмасқа амал жоқ.
Бір кезде Жамбыл облысының бірегей жобасы ретінде қолға алынып, халықты жұмыспен қамтуда біраз еңбек еткен өңірдегі кейбір кәсіпорындар бүгінде жұмысшыларын көк тиынсыз қалдырып отыр. Өңір экономикасын өрге бастырып, әлеуетін арттыратын дейтіндей кәсіпорындардың мұнысы ақылға сыя қоймайтын нәрсе. Мәселен, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мәліметі бойынша, ағымдағы жылы 8 кәсіпорында 922 жұмыскер алдында 99,035 миллион теңге жалақы қарызы анықталған. «Бүгінгі күнге 170 жұмыскердің алдындағы 54,4 миллион жалақы қарыздар банкрот және оңалту рәсімдері жүргізіліп жатқан «Қордай цемент зауыты» ЖШС мен «Подгорный» акционерлік қоғамы үлесінде. Бұл кәсіпорындардағы жалақы қарызын өтеуі бойынша шараларды «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы заңына сәйкес Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тағайындаған конкурстық басқарушы жүргізуде. Ал, қалған 6 кәсіпорынға 44,6 миллион жалақы қарыздарын өтеу үшін, мемлекеттік еңбек инспекторлары заң талаптарына сәйкес жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беріп, әкімшілік шаралар қолданылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 30,4 миллион теңге өндіріліп, 702 жұмыскердің құқықтары қорғалды», дейді басқарма басшысы Серғали Айдапкелов.
Бірақ бүгінгі күнге үш айдан аса мерзімі өткен жалақы қарыздары «Казпроммонтаж» және «Мекен жай Тараз» кәсіпорындарында 50 жұмыскер алдында 14,2 миллион теңгені құрап, бұл қаражат толық өтелмей отыр. Сондай-ақ осы тізімде өткен жылы «Talas Investment Company», «Жамбыл металлқұрастыру зауыты-Имсталькон», «Таразхиммонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «ACIG» акционерлік қоғамы болған. Алайда бүгінде «Talas Investment Company» кәсіпорнында өндірістік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарының басқару жүйесі құрылып, кәсіпорын заң талаптарына сай жұмыс істеп отыр.
Енді жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауда аталған басқарма қандай жұмыс атқарып отыр? «Мемлекеттік еңбек инспекторлары 125 кәсіпорын мен мекемені тексеріп, бақылау шараларын жүргізу нәтижесінде, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзған жұмыс берушілерге оларды жою туралы 59 нұсқама беріліп, 30 айыппұл, 13 ескерту түріндегі әкімшілік шаралар қолданылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 4,832 миллион теңгені құрап, оның 3,857 миллион теңгесі өндірілді», дейді Серғали Өмірзақұлы. Аты дардай кәсіпорындардың жұмысшылардың құқығына бей-жай қарамағаны дұрыс. Әулиеатаның әлеуетін танытатын, атын шығаратын, экономикасын өркендететін мекемелер үшін бұл қиын шаруа емес.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы