Оңтүстік өңір мен батыстағы облыстарда бұл жұмыс қазірдің өзінде өз мәресіне жетті. Ал солтүстіктің астықты облыстарында науқан қызу қарқынмен жүзеге асырылуда. 2017 жылдың 25 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша елімізде әзірге егістік алқаптардан 20 368,2 мың тонна астық жиналған. Астық бастыру жұмыстары әлі жаппай толық аяқталмағандығын есепке алсақ, бұл жақсы көрсеткіш. Алдын ала болжам бойынша биыл Отан қамбасына 22 миллион тоннаның астығы құйылуы тиіс. Бұл, жағдай ойдағыдай болса, биыл Қазақстанның 10-12 миллион тоннадай астықты сыртқы рыноктарға шығаруға толық әлеуеті бар деген сөз. Ендігі міндет – егін орағын ұйымшылдықпен қорытындылай отырып, егістен жеткен алтын дәнді дұрыс сақтау шараларын жүзеге асыру, сөйтіп астықты ел ризығына айналдыру.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановтың сөзіне сенсек, биылғы жылы бұл жөнінен проблема болмауға тиіс. Өйткені еліміздегі астық сақтау орындарының жалпы қуаты 26,6 миллион тоннаға дейін жетіп отыр. Бірінші вице-министр, сондай-ақ биылғы астық бастыру науқанына еліміз бойынша 14 мың данаға жуық техника жұмылдырылғанын айтып өтті. Жергілікті жерлерде шаруаларға дизель отыны литрі 92 теңгеден берілуде. Бұл – жанар-жағармай стансаларындағы нарықтық бағадан (ол – 124 теңге) едәуір арзан көрсеткіш. Міне, осындай шаралардың нәтижесінде егін ору жұмыстары дер кезінде жүзеге асырылуда.
Енді өңірлердегі жағдайға тоқталсақ, астықты облыстардың ішінде егін орағын алғашқы болып 25 қыркүйек күні Ақмола облысының диқандары аяқтады. Қолымыздағы деректерге қарағанда, бұл облыс биылғы жылы 4,3 миллион гектар жерге астық сеуіп, одан 5 миллион 123 мың тонна өнім алған. Әр гектардың орташа түсімділігі 11,85 центнерден айналған. Ал майлы дақылдар мен көкөніс жинау жұмыстары жалғаса түсуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Балапанның айтуына қарағанда, биыл ақмолалықтардың 2 миллион тонна астықты экспортқа жөнелтуге толық мүмкіндігі бар. «Биылғы күрделі ауа райы жағдайына қарамастан облыс диқандары күзгі жиын-терім жұмыстарын дер кезінде ұйымшылдықпен жүзеге асыруда. Сондай-ақ былтырғы жылға қарағанда, астықтың сапасы да едәуір жоғары болып отыр. Қазіргі күні астық қабылдау пункттеріне келіп түскен 1 миллион 300 мың тонна астықтың 87 пайызы 3-ші сыныпты. Ал былтыр бұл көрсеткіш 57-60 пайыз деңгейінде ғана болып еді», дейді ол.
Биыл осы облыстың Сандықтау ауданының диқандары мол өнім алуға қол жеткізді. Мұндағы әр гектардың орташа түсімділігі 17 центнерден айналды. Облыста науқанды уақытылы әрі жақсы көрсеткішпен аяқтауға Сандықтау ауданының «Свободный» серіктестігі, Есіл ауданының «Заречный» серіктестігі, Жақсы ауданының «Труд» серіктестігі, Аршалы ауданының «Ижевский» өндірістік кооперативі, Астрахан ауданының «Фермер-2002» серіктестігі сынды шаруашылықтар жақсы үлес қосты.
Сондай-ақ 25 қыркүйектегі мәлімет бойынша Павлодар облысында астықтың 94 пайызы жиналып алынған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжановтың айтуына қарағанда, облыс диқандары осы аптаның соңына дейін егін жинау жұмыстарын толық аяқтауы тиіс. «Облыста дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл астық 694,1 мың гектар алқапқа егілді. Қазір соның 655,6 мың гектарында жұмыс аяқталды. Әзірге 770,7 мың тонна астық бастырылды. Апта соңына дейін бұл көрсеткіш 800 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін», дейді ол.
Осы ретте Павлодар облысында былтырғы жылы да егістіктен 800 мың тонна астық алынғандығын айта кетсек, артық болмас. Бұл облыста, мәліметтерге қарағанда, астық дақылдарын жинау бойынша Ертіс ауданы көш бастап келеді. Мұндағы шаруалар әр гектардан орта есеппен 12 центнерден астық жинай отырып, өнімнің жалпы көлемін 209 мың тоннадан асырған. Сондай-ақ Успен ауданы 136 мың тонна, Қашыр ауданы 124 мың тонна бидай бастырған. Сөйтіп облыс диқандары осы аптаның аяғына дейін дәнді дақылдарды жинап бітіріп, келесі аптада майлы дақылдар алқабына ауыспақ. Биылғы көктемде Павлодар облысында 200 мың гектар жерге майлы дақылдар тұқымы себілген.
Биылғы күздің берекесі көршілерімізде де жаман емес. Әлемдегі астықты елдің бірі саналатын Ресейде қазірдің өзінде 120 миллион тонна дәнді дақыл өнімі бастырылды. Жиын-терім жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Ресейлік сарапшылардың болжамы бойынша бұл ел биылғы жылы кемінде 130 миллион тонна астық өндіруі тиіс. Ресейде жыл сайынғы жалпы орта көрсеткіш 90-100 миллион тоннаның айналасында қалыптасатындығын ескерсек, астықты экспортқа шығару ісі бұл елде де төтенше сипат алатын болады. Осыны ескере отырып, астықты сыртқа шығарудың жолдарын кеңейту, экспорт бәсекесіне төтеп беру шаралары бізді де қазірден бастап толғандыруы керек.
Еліміздің тиісті орындары бұл жөнінен де қамсыз емес секілді. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаеваның жуықта өткен брифингте мәлімдегеніндей, күншығыстағы алып көршіміз Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі ұлттық комиссиясымен осы елге 500 мың тонна тағамдық бидайды кейіннен бұл көлемді 1 миллион тоннаға дейін жеткізе отырып экспорттауға, сондай-ақ 300 мың тоннадан бастап 2,5 миллион тоннаға дейінгі аралықта тағамдық емес астық кіргізуге квота алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Айта кетейік, соңғы екі-үш жылдың айналасында Қытайға жөнелтілген қазақстандық бидай экспортының көлемі 4 есе өскен. Қазірдің өзінде еліміздің 24 кәсіпорны Қытайға өнімдер кіргізуге рұқсат алғандығы мәлім болып отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»