С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде «Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы» атты іс-шара өтті.
«Мемлекеттік тіл – менің болашағым» ақпараттық насихаттау шарасы аясында танымдық үлгідегі студенттер арасындағы өзара ой қозғаған, пікір бөліскен қызықты кеш болды. Кешті жоғары оқу орнының Этикалық кеңесінің төрайымы, профессор Жанар Мұстафина кіріспе сөзбен ашты. Биылғы оқу жылындағы студенттерге ерекше жылылық сыйлаған, көңілді тербеткен сөз болды. «Ежелгі тілдер жайлы әңгіме қозғалғанда, ең алдымен ескі латын мен грек тілдері келеді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқып, жақсы әсер алдым. Елбасы өз ойларын түйіндеп, әңгімені ұлттық санадан бастайды.
Негізінен ұлттық санаға әсер ететін қуатты күш ана тілінен бастау алады. Тілімізді латын әліпбиіне көшіру мәселесін халық талқысына ұсынуы мен үшін де шат-шадыман сәт деп білемін. Латын әліпбиі ел болашағы жолындағы жарқын сәттеріміздің арайлы кезеңдерінің көрінісі ретінде ерекшеленетін кез болып қала берсе керек. Бүгінгі жастар, мына сіздер үшін ғылыми инновация кезінде латын әріптерін оқып, жаза алатын дәуірдің ашылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұның өзі ертеңге деген үлкен сенім, жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Латынша жаза алатын ертеңгі дәрігер толыққанды маман деп білемін. Адамдық фактордың ұлы өзгерістерінің бірі деп сезінемін», деді Ж.Мұстафина.
Өз кезегінде «Халықаралық терминдерді латын әліпбиімен жазу» мәселелері жөнінде Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Төлеубек Зайсанбаев айтып берді.
Сонымен қатар ол Елбасы мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі және «Туған жер» бағдарламасын қабылдау жөніндегі ұсынысының айрықша маңыздылығына тоқталып өтті. «Латын әліпбиі: артықшылығы және басым бағыттары» жайында тартымды әңгімелер айтқан «Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі» кафедрасының оқытушысы Назым Төлееваның әңгімесін жастар ұйып тыңдады. Латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екенін білдіреді. Жастардың оқуына тың серпін беретінін аңғартқан ерекше құбылыстың барын сезінген стоматология факультетінің деканы медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Бақанай Амантаев кешті орнықты ойлармен қорытындылады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ