Қазақстан халықтарының тіл фестивалін атап өту аясында Сүлеймен Демирел атындағы университетте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, этносаралық ынтымақтастықты, Қазақстан халықтарының достығы мен бірлігін насихаттауға, сондай-ақ, көптілділік үрдісін дамытуға бағытталған тіл апталығы өтті.
Тіл апталығының ресми бөлігі еуропалық тілдер күніне арналған халықаралық симпозиуммен ашылды. Симпозиум аясында «Көптілді білім беру дәуіріндегі тіл саясаты мен мультимәдени сәйкестік» тақырыбында семинар өткізілді. Оған Литва, Ұлыбритания, Франция, Италия елшіліктерінің, ЮНЕСКО және БҰҰ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ, Канададан келген профессорлар, СДУ, ҚазҰУ, КИМЭП және Қазақстандағы Сорбонна институтының профессор-оқытушылары қатысты.
Жаһандану заманындағы тілдердің даму тенденциясына қатысты бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, халықаралық қатынас, дипломатиялық серіктестік және білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктерді нығайту жөнінде пікір алмасқан симпозиум қатысушылары бірнеше жылдар бойы көптеген тілдер мен өркениеттердің ықпалында болған Қазақстан үшін маңызды фактор саналатын мәдениеттер диалогы идеясының маңыздылығына айрықша тоқталды.
Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Витаутас Наудужас Сүлеймен Демирел университетіндегі білім беру жүйесіне жоғары баға бере отырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандардың басын қосқан осындай халықаралық симпозиум өткізудің өзектілігін атап өтті.
Ал Елбасының үштұғырлы тіл идеясына сәйкес көптілді білім беруді жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Сүлеймен Демирел атындағы университет ректоры Қанат Қожахмет: «Үштұғырлы тіл» стратегиялық жобасын іске асыру бойынша Елбасының белгілеген бағыттарына сәйкес, көптілді білім беруді дамытуға қатысты ауқымды жұмыс атқаруымыз қажет. Ең алдымен, бұл мәселе оқытушылар мен білім алушылардың лингвистика саласынан хабардар болуын, сондай-ақ олардың мультилингвистикалық дайындықтарын тексеру мен бағалауды көздеуі керек. Қазіргі уақытта әлемдегі ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде дайындалады. Әр екі жыл сайын оның ауқымы екі есеге артып келеді. Ағылшын тілінсіз Қазақстан жалпыұлттық дамуға қол жеткізе алмайды» деген еді Елбасы. Алдымыздағы 2019 жылдан бастап кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылатындықтан, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруға іс жүзінде сақадай сай. Көптілділікті дамыту қауымдастығының алдында тұрған ең күрделі міндеттердің бірі – оқытушылардың мультилингвизм саласы маманы ретіндегі позициясын қалыптастыру. Білім беру жүйесіндегі ең қиын өзгеріс ағылшын тілі немесе француз тілінің мұғалімдерін емес, мультилингвизм мамандарын оқыту болмақ», – деген ойларын ортаға салды.
СДУ сарапшыларының болжамы бойынша бірнеше тіл білуге ғана емес, сонымен қатар, бірнеше өркениеттердің құндылықтарын сіңірген ерекше ойлау қабілетіне негізделген мультилингвизм заманауи әлемнің сұраныстарын толық қанағаттандыра алады.
Оқу ордасының басшысы сондай-ақ, студенттердің патриоттық рухын көтеру, олардың арасындағы этносаралық бірлікті дамыту мақсатында біраз жұмыс атқарылып, нақты қадамдар жасалғанын туралы айта келе, оқу орны құрылғаннан бері математика, екі шет тілі және қазақ тілі мамандығы бойынша педагогтар әзірлеумен қатар, биылдан бастап физика-информатика, химия-биология пәндері бойынша педагогика мамандарын даярлау үшін арнайы лицензия арқылы ағылшын тілінде дәріс беру қолға алына бастағанын жеткізді. «Қазіргі таңда Сүлеймен Демирел университетінің «Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар» факультетінде 919 студент білім алып жатыр. Осы уақытқа дейін факультеттен 1044 түлек білімін тамамдап, бүгінгі күні отандық және әлемдік беделді компанияларда біраз тілді еркін меңгерген табысты қызметкерлерге айналды», – деді Қанат Қожахмет.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ