• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Қыркүйек, 2017

Гобелен тоқу инемен құдық қазғандай

2110 рет
көрсетілді

– дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бәтима ЗӘУІРБЕКОВА

Бүгінде қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш гобеленші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бәтима Зәуірбекованың есімі тек отанымызға ғана емес, шетелдерге де таныс. Түркияда тіпті «Бәтима ханымның қыздары» дейтін термин де қалыптасқан. Біз белгілі тұлғамен әңгімелесудің ретін оның Астанада өткен көрмесі кезінде таптық.

– Бәтима апай, кейінгі кез­дері сізді сирек көретін бол­­­дық қой. Көрмеңізді де көп өт­кізбейсіз. Мұның бір­ се­бе­бі бар ма, әлде атақ-абы­рой­ға бө­ленген соң сурет­ші­лер­дің өзін көр­сетуге қызығу­шы­лығы бә­сеңдей ме?

– Бұл қызық сұрақ екен. Сурет­шілер дегенді де ас­тын сыза айтып отырсың-ау. Су­ретшілер басқа өнер иелері­мен салыстырғанда бұйығылау ке­летіні де рас. Көбінде біз­дің өзіміз емес, жасаған жұмыста­рымыз «сөйлейді» ғой. Десе де өз уақытымда өнер адамы ретінде жақсы бағаландым, жан-жақты танылдым деп ойлаймын. Жастар өсіп келеді. Олармен жағаласа бермеуді де жөн көреміз. Осы кезге дейін 15 рет көрме өткізіппін. Оның 11-і шетелдерде, төртеуі өз елімізде болды. 2005 жылы осында ұйымдастырылған көрмеме 500-ден аса адам жиылған. Көр­­меден бір ай бұрын қалада билбордтарым ілулі тұрды. Телеарналардың журналистері де насихаттап бақты. Мұның бәрі жарнаманың арқасы. Рас, бұл жолы жарнама жағы онша ес­керілмеген сияқты. Өз басым көрме өткізуге көп дайындаламын. Оған 5-6 жылдай уақыт жұм­саймын. 

– Сізді «қазақ гобеленінің анасы» дейді... 

– Студент кезімде ұстазда­рым Салихитдин Айтбаев пен Тоқболат Тоғызбаев екеуі де­ «Бәтима, сенің түстерді кө­ру қабілетің жақсы, суретші бо­луың керек» дейтін. Онда қыз­дар арасынан суырылып шыққан суретшілер аз болатын. Айша Ғалымбаева мен Гүлфайруз Исмайылованың дәуірлеп тұрған шағы еді. Ал Ақырап Құдайбергенов есімді ұстазым жұмыстарымды «қолданбалы өнерге жақын» деп бағалап, гобеленнің қыр-сырын үйренуге шақырды. 1969 жылы училищенің «Безендіру» факультетін бітірерде сол кісі­нің айтуымен осы саланың біл­гірі Құрасбек Тыныбековтен гобе­лен тоқу техникасын үй­рен­дім. Оның жанында отырып бір апта жұмыс істедім, яғ­ни тәжірибелік сабақ алдым. Жалпы, ол гобелен тоқу өнері елімізде дами қоймаған кезең-тұғын. Қазақ қыздары арасында бірінші болып осы кәсіпті меңгергендіктен, «гобеленнің анасы» дейтін шығар? Әйтсе де баса айтатын нәрсе, егіз өнердің іргесін ажыратпай суретшілікті де қатар алып келе жатырмын. Тоқитын композицияларымды алдымен майлы бояумен салып аламын. 

Гобелен өнері елімізде 1970-1990 жылдар аралығында жақсы дамыды. Ірі-ірі мемлекеттік тап­сы­рыстар осы кезеңде түс­ті. Мысалы, Алматыдағы «Қазақ­стан» қонақүйінің фойесіне гобелен тоқу үшін арнайы тапсырыс алдық. Оны екі жылда бітірдік. «Бір орыс, бір қазақ» дейтін саясат еді ғой. Әріптестеріміз Ярема, Нико­лаевамен бірге Құрас­­бек екеуміз «Қазақстан кемпір­қосағы» атты жұмысты абыроймен аяқтадық. 

– Гобеленмен көп жылдан бе­рі айналысып келесіз. Қазір­гі кезде бұл өнер қанша­лықты биік­ке шықты? Тоқу­дың тех­ни­­касына, ерекше­лігіне қа­тысты не айтар еді­ңіз?

– Гобелен тоқу – ерекше­ өнер. Қиындығы «инемен құ­дық­ қаз­ғандай». Көз майыңды тауы­сып отырып тоқитын бол­ған соң 1 мм қисайтып жібе­руге қа­қың жоқ. Менің 25 жылда жұмыстарым 400-ден асқан болар. Тек бір жұмысты бітіруге ғана жылдар кетеді. Кейбіреулер он жыл тоқуы мүмкін. Ол енді шеберлікке, машыққа байланысты. Италия мен Францияда гобеленнің шпалер дейтін түрі бар. 

Шеберлер бір жылда 1 шаршы метр ғана тоқиды. Кәдімгі мулина машина жібімен тоқы­латын сол дүниелер музейлерде тұрады. Ал өзіме келер болсам, қазір көбінде шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Мен эскизін жасап берем, олар тоқиды. Араларында жеке көрмелерін өткізіп жүргендері де бар. 

– Техникалық жағы қиын шығар? Ал идея ше? Түрлі ойларды тұтас композицияға жи­нақ­тап беру туралы айтса­ңыз. Қандай бағытта жұмыс іс­тей­сіз?

– Әрине, идея ең бірінші орында тұрады. Сондықтан эскиз жасау оңай емес. Эскизді майлы бояуға көшіріп, содан кейін гобеленге айналдырам. Осылайша суретшілікті де ғұмыр бойы қатар алып ке­ле жатырмын. Менің кейбір жұмыс­тарымды абстракциялық бағытта деп бағалайтындар бар екен. Менде шарттылық жоқ. Ең бірінші қағидам – өнер туын­дысы сұлу болуы керек. Ою-өрнек композицияларына мән беремін. Заманауи стильмен салуға тырысамын. Мүмкін сол кейбіреулерге абстракция сияқты көрінетін шығар. Әйтпе­се шетелге еліктеуді өз басым құп көрмеймін. Шы­ғармашылықта ұлттық бояу қанық болуы қажет. Ше­телге шығарсаң да ұлт­тық нақыштағы дүниелерге қы­зығушылық жоғары болады. Өз басым жұмыстарымда ою-өрнекті көп пайдаланамын және бояудың алуан тү­рін қолданғанды ұнатамын. Мы­салы, гобелен тоқығанда 5-6 жіптен бір ғана қанық түс шы­ғаруға да немесе 30 жіптен 150-ге дейін түс шығаруға да болады. Бояуды қолдана алсаң, ол да бір шексіз әлем.

– Шетел демекші, Түркия­да «Бәтима ханымның қыз­да­ры» деген атау қалай қа­лып­­тасты?

– 1997-2000 жылдар аралы­ғын­да Түркияда тұрдым. Ол жаққа баруымның өзі бір хикая. Әлгі атауға қатыстысын айтайын. Сол жақта бір галереямен көрме өткізу туралы келісім-шарт жасасқанбыз. Галерея басшылығы менен көбінде натюрморт пен пейзаж салуым­ды сұрады. Оның алдында бұл жақта адамдар бейнеленген картиналар өтпейді дегенді естігенбіз. 35 жұмыс жасадым. Көбі сол натюрморт пен пейзаж. Бірақ жұмыстар біркелкі болмасын деген ниетпен арасына бір қыздың суретін қостым. Нағыз қазақ қызының бейнесін жасаған едім. Табиғи сұлу дене бітіміне жан дүниесінің сұлулығы үйлескен сол бейне­нің болмысында ұлттық ерек­ше­лігіміз, яғни қазақ қызына тән ұяңдық, өнегелілік, арлы­лық, имандылық көрініс бе­руі­не көбірек күш жұмсап жібергем. Сол портрет көрме ашылмай жатып сатылып кетіпті. Галерея басшылығы «біз клиенттерімізді көрме бас-талмай тұрып екі сағат бұрын шақырамыз», деп түсіндірді. Жалпы, содан бастап қазақ қызының бейнесін көп жасайтын болдым. Түркияда «Vakko» дейтін ірі компания бар. Сол жылдардағы президенті 80-нің шамасындағы қария кісі еді. Өзі ТМД елдерінің суретшілерін жақсы көретін. Ол да менің жеке көрмемді өткізді. Сол көрмеден кейін Түркияда бейнелеу өнері әлемінде «Бәтима ханымның қыздары» дейтін атау пайда болды. 

– Ақыры шет жағасын шы­ғардыңыз ғой. Түркияға ба­руыңыздың хикаясын айта кетсеңіз. Ол жақта гобелен өнеріне деген көзқарас қан­дай?

– Өзіңіз білесіз, 90-шы жыл­дардың ортасы қиын кезең болды ғой. Сонда да біздің, яғни суретшілердің шетелдерге іссапарлары сирек те болса болып тұратын. Өз басым үш рет Францияға бардым. 1996 жылы Президенттің резиденциясы салынып жатты. Мен дизайнер ретінде қатыстым. Дәл сол жылы министрліктің ұйымдастыруымен Түркияда көрме аштық. Бірде мені бір түрік бизнесмені іздеп жүргенін өзімізден барғандардың бірі айтты. Картиналарымды сатып алғалы жүрген шығар деп ойладым. Сөйтсем ол маған басқа ұсыныс айтты: «Сіз осында келіңіз. Жастарға, оқушыларға мына өнеріңізді үйретіңіз. Біз сізге жағдай жасаймыз», деді. «Гобеленді үйретіңіз» деді ғой қысқасы. Бірақ мен елге барып отбасыммен ақылдасуым қажет екенін түсіндірдім. Алматыға келген соң жолдасыма айттым. Сейітқали өзі қызмет атқаратын оқу орнының ректорына барып жағдайды түсіндірді. Ректор оған рұқсатын берген соң, біз отбасымызбен Түркияға кеттік. Енді ең қызығы, бізді шақырған бизнесмен «бізде ғимарат дайын емес» деп біраз созбалақтап жүрді. Ол жақта гобеленді көпшілік түсінбейді екен. Сондықтан майлы бояу-мен салынған картиналармен көрмелер ашуыма тура келді. Түркияның мәдениет министрлігінің ұсынысымен ұйымдастырылды алғашқы көрмем. Сосын маған қайта-қайта тапсырыс берушілер көбейіп кетті де, әлгі шақырған адамға барғым да келмей қалды. 

– Қазір ше? Қазір сіз­дің туындыларыңызға тапсы­­рыс көп түсе ме? Картина­лары­ңызды негізінен кімдер сатып алады?

– Елдегі жағдай белгілі ғой. Қарапайым адамдардың картина сатып алуға шамалары келе бермейді. Қалталы адамдардан тапсырыс түсіп тұрады. Мені жақсы білетін адамдар өздері іздеп тауып,­ бұ­йым­тайларын айтады. От­басымызбен Алматыда тұр­ғанымызбен, Астанаға да ке­ліп-кетіп жүрем. Мұндағы пә­терде де біраз жұмыстарым бар.­ Ол жұмыстарға бір туысы­мыз «менеджерлік» жасайды. Жалпы, мен өзім тыныш оты­ра алмайтын адаммын. Та­­­биғи талантыңды малданып, жалқаулыққа салынсаң, же­тістікке жету жолы қиын­дай­­­­тынын өмірде көп көрдім. Бірақ енді қазір жастық шақ­тағыдай жатпай-тұрмай еңбек­тенуге денсаулық та сыр бере бастады. Сонда да әр күнімді босқа өткізбеуге тырысып жүр­мін. 

 – Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛ, «Егемен Қазақстан»