Сөйлете қалсаң, «Бізде керемет жерлер көп қой, әттең, пайдалана алмаймыз өзіміз», деп таусыла тұрса да, бір мақтанып алатын, «бұ жаққа алғаш аяқ бастым» деген жанды көрсе, Тянь-Шанның ұшар басына бір көз тастап қойып «Хан-Тәңірін көре алмайтын болдыңыз», деп иегімен бұлт басып жатқан шың жақты нұсқайтын, сонысымен-ақ біраз нәрсені аңғартып тастайтын нарынқолдықтар соңғы күндері алақанын ысқылап бір жаңалық күтіп жүр. «Бұрынғы Нарынқол ауданы жеке бөлініп шықпақшы екен» дегенді кездесе кеткен кім-кімнің де аузынан естуге болады.
«Аудан орталығы жөнделіп жатыр». Тіпті «бөлініп қойыпты, енді әкімнің сайлауы ғана қалыпты», дегенді сенімді айтатындар да ұшырасады. Газетте істейтініңді білгесін, «Не болып жатыр? Рас па өзі?» деп, тіпті тақымдайды. Анығында, сен білгенді өзі де біліп тұр. Сөзін мақұлдату үшін немесе көңіл демдерлік әйтеуір бір сөз есту үшін ғана сұрайды. Содан соң ғана «Газетіңе жаз, бөлінгені жақсы. Әйтпесе мына түрімен ауылда адам қалмайды», деп сынай қарап бір тоқтайды.
Көпшілік жеке аудан болуды ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуымен байланыстырады. Одан кейін әрине шалғайдағы аудан орталығына ісі түсіп барған сайын гөй-гөйге басып, «қайран баяғы кезді» жиі көксейтін шеткі ауылдар жол қысқартатынына қуанады (ең шалғай орналасқан Сүмбе ауылы мен Кегеннің арасы 135 шақырым). Тағы бір мәселе, бұрын да айтылған, ел іші де жиі сөз қыла бастапты білікті мамандардың жоқтығы. Анау-мынауға көнбейтін күрделілеу ауруларын қалаға барып емдетіп үйренген тұрғындар медицина төңірегінде көп бас қатырмайды. Көбінің уайымы – мектеп. «Бізді қойшы, балаларға обал» дейтін үлкендер алдымен оқушының азайып кеткенін айтады. Оқушы неғұрлым аз болған сайын, бәсеке кемиді. Оқу-тоқу ғана емес, балалықтың базары да қайнап жататын мектепте оқушылар бірнеше есеге дейін кеміпті. Сонау бір замандарда әр мектепте 11-шіні орта есеппен үш сынып бітіріп жататын. Әр қайсысында 30-ға жуық оқушы болатын. Қазір 1-2 сыныпты әрең құрайтын көрінеді, әрқайсысында 9-10 оқушыдан.
Бір жылдары дүрк көтеріліп қалаға көшкендердің бірен-саран болса да қайта оралып жатқаны, әрине, көңіл демдерлік дүние. Бір қарағанда ауылдың анау айтқандай қаңырап қалған да ештеңесі жоқ. Тіршілігін жасап, күнін көріп отыр. Тек, цифр қуаласаң бос қалған үйлердің саны көңіл құлазытатыны болмаса. Бұрынғы аудан орталығы Нарынқол ауылында 400-ге жуық үй бос тұр дейді. Сатса өтпейді, өтсе де пұл болып жарытпайды. Ең ірі ауыл саналатын Нарынқолға үлкен өлшем жарасады-ақ, одан әлдеқайда кіші Текес ауылының өзінде 100-ден аса үй иесіз қалған. Орталық саналатын мұндай ауылдарда бос қалған үйлер онша біліне қоймайды, ал шағын ауылдар тіпті бос қалған деуге болады. Кіші Текес аталатын бар жоғы 100-120 шаңырақ тұрған ауылда 56 үй көшіп кеткен. Ауылдың жартысы жоқ деген сөз. Соларды көргенде шын құлазисың. Анығында, көшіп кетті аты болғанмен, көпшілігі ауылдан қол үзе қоймаған. Көбі қалада тұрып жатса да, көктем мен күздің арасын жалғайтын жер жырту, тұқым себу мен жиын-терін кезінде ауылда жүреді. Мақсат түсінікті – азды-көпті жер егіп, өнімін қалаға әкеп сату. Ауылға тамырынан байланған елдің үзіле қоймаған бұл байланысы – бұрынғы аудан қалпына келіп, өз алдына отау тігіп, жаңа бастамалар қолға алынып жатса, бір күнде қайта көшіп келуге дайын біраз ел бар дегенді білдіреді.
...Иә, Нарынқол жаққа бара қалсаңыз, бір жаңалық қашан болар екен деп, екі көзі төрт болып орталыққа қарап отырған елді көресіз...
Шаруасы малға қараған...
Райымбек ауданы – сонау Кеңес заманында мал шаруашылығымен аты шыққан өлке. Ет, сүт, жүн өндіруден берісі облыс, әрісі республикадағы кез келген ауданмен бәсекеге түсетіндей жетістіктері аз болмапты. Колхоз, совхоздар тарап, шабындық пен жайылымды, түлік атаулыны бөліске салғанда пайға тиген азғантай жандығын жағалы тон емес, қарын жұбатар жарты қап ұнға, иығын жабар жарты кез матаға айырбастап жүріп түгесіп алған ел еңсесін тіктей бастағанда қайтадан мал жинауға тырысыпты. Содан да болар, қызмет бабымен ауысып келген жалғыз-жарымы болмаса, мал ұстамайтын үй жоқ. Жаз шықса, мал бағатын әлдебір туысына қосып, жайлауға шығарып жібереді. Ал шаруа қожалығын ашып, құлашты кең жаюға жердің шалғайлығы да аз кедергі жасамайды. Тек соңғы жылдары ғана бұл тарапқа аздап қан жүгіре бастағаны аңдалады. «Казмясо» ЖШС-нің құрылтайшылығымен құрылған «Жаңа Ақтасты» ЖШС былтырдан бері шаруашылығын үлкейтіп жатыр. Асыл тұқымды, ет бағытындағы ірі қараның санын арттырып, сапалы, экологиялық таза өнім ретінде бәсекеге түсуді көздейтін серіктестіктің күрделі жөндеуден өткен заманауи қора жайы 7000 басқа дейін ірі қара қабылдай алады. Қазір 800 бас абердин-ангус сиыры Саты ауылында бағылып жатыр. Асыл тұқымды ірі қара тұқымын Аустралиядан әкелмек. Түп атасы Шотландиядан шығатын бұл тұқымның етін ғана емес, ұрығы мен бұқашаларын сату да шаруашылықтың негізгі бағытының бірі болмақ.
Ал жалпы аудан бойынша 117031 ірі қара, 74023 жылқы, 533748 қой бар. Бұның көпшілігі жаңа айтқан жеке тұрғындардың қолындағы азғантай малдың есебінен өсіп отырған көрсеткіш. «Айсұлтан», «Жарсу» сияқты шағын шаруа қожалықтары биыл 100-ге жуық ірі қара тұқымын сатып алғанын да айта кету керек. Ал жалпы өсім көрсеткіші былтырғыдан аса ұзай қоймапты. Аудан басшылығы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді өсіреміз деп отыр. Ірі қара мен қой саны еселеп болмаса да, шамалап өсіп келеді. Ал жылқы шаруашылығы 2015 жылғы көрсеткіштен өзгермепті. Аудан әкімінің орынбасары Мәдени Нұрдәулетовтің айтуынша, шалғай аудандарда жеке және орта кәсіпкерлікті дамыту оңай шаруа емес. Көп кәсіпкерлер жолға кететін шығыннан қашатын көрінеді. Шалғай және шекаралық аудандарда адамдар тұрақтанып қалу үшін арнайы жағдайлар қарастырылуы керек. Айталық қала маңында мемлекеттік қызмет істейтіндер мен шалғайдағы қызметкердің жалақысы бірдей. Ал тұтынатын тауарлар мен күн көріске кететін шығын әртүрлі. Азық-түлік бағасы бұл жақта қымбаттау. Бұрынырақта шекаралық ауданда, экологиялық аймақта тұратындарға айлыққа қосымша ақша төленетін (қысым жоғары болғандықтан теңіз деңгейінен биік орналасқан аймақтар экологиялық саналады). Қазір ол жоқ. Осы мәселені қалыпқа келтірсе, одан соң жаңа ауданмен бірге жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар реттелсе, шекара маңы жалаңаш қалады деген уайымнан арылар едік.
Ақтастыдағы алып «жұмыртқалар»
Бұл тақырыпты алғаш Фейсбук желісінен көріп қалғанымыз бар. Жол түсіп барғанда өзіміз де көрдік. Шабындықта теңкиіп-теңкиіп жатқан аппақ «жұмыртқалар» алыстан көз тартады. Сөйтсе, бұл Қазақстанға алғаш келген жаңа технология бойынша дайындалған шөп екен.
«Жаңа Ақтасты» ЖШС дайындап жатқан бұл өнімнің артықшылығы сол – шөп үш жылға дейін сақталады және сиымдылығы жоғары. Бір орамына 700 келіге дейін сиятын бұл шөп орамдары жинауға, тасымалдауға ыңғайлы. Германиядан әкелінген «Крон» комбайны шабылған бетте шөпті кептірмей, сөлін кетірмей арнайы вакуумге орайды. Вакумыңыз – қатты целлофан. Бұрынғы тәсілмен орағанда шөп қурап кететін. Кепкен шөптің азықтық нәрі кемитін көрінеді. Оның сыртында арнайы ұраға жиып, шөпті бастыруыңыз бар, оны орауыңыз бар, оған кеткен шығыннан бөлек, уақытты есепке алсаңыз, шөптің беткі қабаттары қап-қара болып шіріп кетеді екен де, нәтижесінде 10-15 пайыз өнім жарамсыз болып қалады. Ал біз айтып отырған жаңа технология бойынша дайындалған өнім мұндай артық шығындарды болдырмайды.
«Жаңа Ақтасты» ЖШС-нің 8787 гектар жері бар. Соның 2500-і егістік. Биыл 900 гектар жерге Германиядан әкелінген көп жылдық құрама шөп егілген. 150 гектарға арпа, 20 гектарға беде, 50 гектарға бұршақ егеді. Бәрі – мал азық үшін. Қалған жер жайылымға арналған. «Келер жылы артатын мал басымен бірге егістік, шабындық алқап та кеңейе түседі», дейді «Жаңа Ақтастының» атқарушы директоры Жарылқасын Адасбаев.
Нарынқолдың картобы
Базар барсаң, тауарын өткізу үшін «Бұл – Нарынқолдың картобы», деп қарап тұратын (басқа жақтікі болса да) алыпсатарлардың әрекеті бұл аймақтың өніміне сұраныстың көптігін білдіреді. Көбіне қара топырақты болып келетін жердің құнары бұл өнімнің ірі болуына ғана емес, сапалы, таза болуына да ықпал етеді. Бұл тараптағы көрсеткішті де жеке тұрғындардың есебінен өсіп отыр деуге болады. Дегенмен, мал шаруашылығына қарағанда бұл жағынан жеке шаруа қожалықтарында ілгерілеу бар. Аудан бойынша картоптың 25-30 сорты егіледі екен. Оны жетілдіріп, будандастырып, жаңа сұрыптар шығару да қолға алынып жатыр. Аймақтың топырағы мен климатына ыңғайлап шығарылған «Текес» атты тұқым ендігіде көптеп таралатын болады дейді аудандық ауыл шаруашылығы мамандары. Берісі аудан, әрісі облыс-ты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған «Өркен», «Самғат», «Мирас», «Бану» сияқты ірі шаруашылықтар бар. Солардың бірі – «Қарқара өнімдері» ЖШС.
«Қарқара өнімдері» ЖШС көп салалы шаруашылық – арпа, бидай, шөп, картоп өсірумен айналысады. 60 гектарлық картоп алқапты бір айналғанда 300 метр жерді қамтитын 150 метрлік агрегат картопты тамшылату әдісімен суарады. Су келетін канал бұзылғалы 2 жыл, содан бері біршама жерден насоспен тартуға мәжбүр. Десе де, Голландиядан әкелінген осы техниканың арқасында егістікті суару мәселесі шешілген. Алдымен суға үнем, екіншіден топырақты қатырмайды. Әр гектарынан 25-30 тоннадан өнім алып отырған шаруашылық картопты 2,5-3 градус температурада арнайы қоймада сақтайды. 300 гектарға – арпа, 500 гектарға – бидай, 267 гектарға шөп егіп отырған, жыл сайын заманға сай базасын нығайтып келе жатқан серіктестіктің 1170 гектар жерін игеріп отырған 12 адам ғана. «Адам күші аз араласқан сайын, өнім мен жұмыс сапасы да жақсарады», дейді шаруашылық басшысы Серік Нұрлыбаев. Облыс әкімі Амандық Баталов жиі айтатын жеке кәсіпкерлердің өнімдерін өткізуде делдалдардың ықпалын азайту мәселесі бұл жақта да алдымыздан шықты. Былтыр картоптың әр келісін 35 теңгеден сатуға мәжбүр болған шаруашылық иесі «кәсіпкерлердің бір жыл бойы табан ақы, маңдай терімен, қаншама шығындалып тапқан пайдасын делдалдар шөп басын сындырмай-ақ табады. Сол себепті, жеке кәсіпкерлер көп жағдайда өз өнімдерін арзан өткізуге мәжбүр», дейді. Картопты қымбат сатудың бір жолы – чипсы зауытын ашу. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапы қызығушылық танытып отырған көрінеді. Алғашқы кездесулер мен келісімдер жасалған. Арнайы келіп, көріп кетіпті. Инвестиция құйып, бірлесе жұмыс істемек ойлары бар.
Ауданның тағы бір күш салса дейтін саласы – туризм. Бірақ бұл тарапта да жердің шалғайлығы қолбайлау болып келеді. Десе де, ештеңеге қарамай, шағын да болса демалыс орнын ашып, бүгінде алыс-жақыннан демалушыларды тарта бастаған – «Шоған сай» демалыс үйі, «Ақкөл» балаларға арналған демалыс лагері, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі сияқты тұмса табиғат аясындағы демалыс орындары туризм саласындағы алғашқы қарлығаштар іспетті. Тұзкөл сияқты батпағы емге пайдаланылатын шипалы орындар игерілсе дегенді де көп естідік. Ауданда бірнеше тұзды көл бар. Алматыдан арнайы келіп, емдеу-сауықтыру орталықтары алып кететін көрінеді. Көлсайдың жөні басқа – мемлекеттік қорғаудағы қорық, атағы да бұл күнде шекара асып кеткен. Ал қатар жатқан Шоған сай мен Ақкөл шағын да болса келем деушілерге сервистік қызмет ұсына алатын демалыс орталықтарына айналып келеді екен. «Ақкөл» лагері жазғы маусымда үш ауысыммен 300-ден аса баланы қабылдай алады. Ал «Шоған сай» жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейді.
Сондай-ақ атқа мініп, таудың төбесінде қар суынан пайда болған Ақкөл мен Қара көлді көріп қайтуға мүмкіндік бар. Екі көлді көріп қайту үшін түней жатып, екі күн жол жүруге тура келеді. Ақкөлдің тақалмасындағы Күрілдек сарқырамасы да көрген жан оңайықпен ұмыта алмас бір сурет. Ақкөл сәл беріде, ал Қара көлге жете алмадық. «Оған жету үшін тағы бір күн керек», деді жолбасшымыз. Техника түгіл, аттың өзі әрең жүретін жолдың өне бойы теңкиіп-теңкиіп жатқан қойтастар. Жерден өніп шықпағаны түсінікті, бір замандарда тау құлаған. Ақкөлдің пайда болуы да сол тастардың әсері. Көлдің суы сол тастардың арасынан саңылау тауып, жер астынан шыққандай, төменге қарай асығыс құлдайды. Биікте не болып жатқанынан бейхабар адамдардың арасына жеткенде, қатардағы кішкене өзен болып қалатынын қайдан білсін...
Мынадай биіктен түскенде, өзіңнің де біраз уақытқа дейін етектегі елді қоңылтақсып жүретініңді ойлайсың...
Қапталыңда Қытай.
Мұқағали есіңе түседі:
«Міне, Мен Отанымның шетіндемін...».
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы