• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2017

Биыл Балқаш қаласына 80 жыл толады

1437 рет
көрсетілді

Менің туған жерім – бүгінгі күні 80 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Балқаш қаласы. 

Атам заманнан халықтың игілігіне айналған бұл кенді аймақты талай ақын жырға қосып, талай жазушы шығармасына арқау етті. Бұл өңірге жаратылыс ерекше жомарттық танытып, бөлекше болмыс сыйлағандай. 

Мойындау керек, қойнауына құт дарыған қазақ даласына, оның жаратылыс сыйлаған ен байлығына көз алартқандар бұрын да болған, қазір де аз емес. Орталық Қазақстандағы қазба байлықтың мол қоры, ғаламат қазынасы орыс көпестерінің ұйқысын бұзды. Бұл ХХ ғасырдың басы болатын. Көнекөздердің айтуынша, бұл өңірде ол уақытта небәрі үш кәсіпорын жұмыс істеді. Оның өзі ілкіде ұсақ-түйек өндіріспен айналысты. Соның алғашқысын Ушаков деген көпес сатып алса, Қарқаралыға жақын маңдағы кен орнын Попов иеленді. Арқа қазақтары оны қазақ қызына үйленгендіктен Попоу деп атап кетті. Ол тегін қазба байлықты игеруге алғашқы болып келген Том губерниясының көпесі болатын. Берікқара кен орны ашылғаннан кейін бұл жерде бәсекелестік өрбіді. Қарағандыға жақын орналасқан Спасск іске қосылса, келесі жылы Успен кеніші өркен жайды. Артынан Қызылеспедегі қорғасын-күміс зауыты жұмыс істей бастады. Ал Кеңес өкіметі тұсында бұл кәсіпорындар жаңаша сипат алды. Сол кезеңде Балқаш құрылысы бүкіл Одаққа мәшһүр болды. Жұмысы күрделі де ауыр жүргенімен, қажеттілігі мен маңыздылығы өлшеусіз еді. Балқаш мыс комбинатын салуға жергілікті жұмысшылар көптеп тартылды. Бүгінде олардың ұрпақтары аталарының осындай тарихи оқиғаға атсалысқанын мақтан етеді. Олардың есімдері шежіре беттерінде өшпестей жазылып қалды. Өйткені Балқаш мыс комбинатының Кеңес одағы көлемінде теңдесі жоқтығы өз алдына, ол елді мыс тапшылығы мен шетелге тәуелділіктен құтқарды. Сол уақытта бір атақты ғалымның оған «Еуропада теңдесі жоқ кен орны» деп баға бергені айтылады.     

1934 жылы Балқаш мыс зауыты жобасы, 1935 жылы қаланың жобасы бекітілді. Шартарапты жаңғыртып Қоңырат кеніші ашылғаны жергілікті қазақтарға қуаныш сыйлағанымен, оның түпкі мақсаты әлі орындалмап еді. Балқаш көлінің жағасындағы екі алаңға уақытша салынған тәжірибе зауытында жас инженерлер 1800 рет тәжірибе жасап, 1935 жылы 19 наурызда Қоңырат кенінен қара мысты тұңғыш рет бөліп алды. Бұл тарихи жаңалық Балқаш құрылысын күрт жандандырып, қаланың іргесінің тез көтерілуіне тікелей ықпал етті. Құрылыс жұмыстары қауырт жүрді. Жан-жақтан мамандар тартылды. Басқа да облыстардан Балқаш құрылысына 450 маманның әкелінуі істің оңтайлы шешілуіне айтарлықтай мүмкіндік туғызды. Еңбек майданында мыңдаған қала еңбеккерлері оның ішінде әсіресе әйелдер ерен ерлік үлгілерін көрсетті. Соғыс жылдарында мыс зауытында 2875 әйел еңбек етті. Соғыстан кейінгі кезеңде де қазақ жастары Алматы, Қарағанды, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Новосібір жоғары оқу орындарын бітіріп, инженер, геолог, мұғалім, дәрігер мамандықтарын иеленіп, өздерінің үлестерін қосты.

Балқаш көлі демалыс пен саяхат үшін бірегей орын. Мұнда жыл сайын еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам келіп демалады. Өңір – әрі жылы, әрі күн сәулесі көп түсетін табиғаты жағынан Қазақстандағы тартымды жерлердің бірі. Шөлді болып келетін қуаң дала көл табанынан нәр алады. Бұл аймақ өзінің әсем көрінісімен, ерекше өсімдіктер және жануар­лар дүниесімен белгілі. ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін бұл жерді жолбарыс та мекендеген. Балқаштың ақбалығы мен оның алабұғасы халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Оңтүстік Балқаш жағасындағы қамыс тоғай арасын, өзен жағалауларын жыл сайын мыңдаған құс мекендейді. Солардың арасында мемлекет қорғайтын жиырмадан астам түрі бар. Бұл жерде қабан, құндыз, киіктер көптеп саналады. 

Осылай бір кездері қазақ ауылдары ғана қоныстанған Балқаш бүгінде адам танымастай өзгер­ді. «Ойында балығы, қырында киігі» ұрпаққа азық болған қасиетті өңірі тек қана өз еліміз емес шетелге де кеңінен танылды. «Елу жылда – ел жаңа» дейді қазақ. Ал сексен жылда қаланың адам танымас-тай өзгеруі – заңдылық. Бүгінде Балқашқа көрген көз сүйсінеді. Біз оны әрқашан жақсы көреміз әрі мақтан тұтамыз. 

Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Қарағанды облысы