Алматы қаласында «Алматы туры – 2017» Халықаралық кәсіпқой көпкүндік шоссе веложарысының бесінші, мерейтойлық нұсқасын өткізуге орай ресми баспасөз мәслихаты өтті.
Биыл «Алматы туры» халықаралық жарысы мерейтойлығымен ғана емес форматымен де ерекшеленіп отыр. Велосипедшілердің Халықаралық Одағы (UCI) регламенті бойынша шосседегі көпкүндік веложарысы жаңа статусын алды.
Баспасөз мәслихатында Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Әбіл Донбаев. Қазақстан велосипед спорт федерациясының вице-президенттері Аманбек Құлшықов пен Александр Винокуров, UCI техникалық консультанты Пьер Хатсебаут, сондай-ақ, «Astana Pro Team» командасының велошабандоздары Алексей Луценко мен Якоб Фульсанг сөз сөйледі. Жиын барысында олар бесінші «Алматы турының» ерекшеліктері, жарыстың жаңа форматы, қатысушы командалар мен қаланың дайындығы туралы айтып берді.
«Алматы туры – 2017» алғаш рет екі кезең бойынша өтеді. Өткен жылдары халықаралық веложарыс «критериум» форматында өтіп келді, қатысушылар бұл кезде айналма маршрутты қайта-қайта айналып өткен. Ал биыл велошабандоздар сөреден мәреге дейінгі қашықтықты өткеруі қажет, олардың арасында жатқан қалалық жолдың қашықтығы жүзден аса шақырымды құрайды.
«Алматы туры – 2017» жарыс жолы түрлі ландшафтта жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, веложарыстың негізгі бөлігі – Алматы қаласының асфальт төселген көшелері, ал мәреге жететін бөлігі таулы аймақ – «Медеу» мұз айдынының территориясы.
Екінші кезеңнің мәресі «Медеуде» орналасқан жол жайлы Александр Винокуров айтып берді: «Қиын жол. Біреулер оңай деп ойлап қалуы мүмкін, бірақ 160 шақырым жүріп өткеннен кейін жолы тік емес трассамен мәреге жету қиын болады. Тікұшақтан жасалатын трансляциядан тауларымызды көрсетеді. Велоспорттың басқа спорт түрлерінен айырмашылығы осы ғой – жарыс өтіп жатқан елдің пейзажын тамашалауға болады».
«Алматы турының» бірінші кезеңі 30 қыркүйекте «Астана» алаңының маңында, Қазақ-Британ техникалық университеті территориясынан бастау алады. «Қалалық айналым» Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов көшелерін, Абай даңғылын және Желтоқсан көшесін қамтиды. Мәре «Алматы Арена» территориясында орналасқан. Жарыстың екінші кезеңі, 1 қазанда «Халық Арена» ғимаратының маңынан басталады да, велошабандоздар «Шығыс айналма жолы – әл-Фараби» шеңберімен жүріп өтеді, ал финалдық бөлігі Тұңғыш Президент Саябағынан «Медеу» мұз айдынына дейін жалғасып, осында мәре нүктесі орналасады.
«Алматы туры – 2017» қалалық тіршілік жағдайына бейімделген болады. Біріншіден, веложарыстың сөре мен мәре нүктелері белгілі бір ғимараттардың маңында орналасады, яғни көшелер мен жолдар қамтылмайды. Екіншіден, биыл жолдарды жабу процесі динамикалық әрі жылдам іске асырылады. Қатысушылар белгілі бір көшеге жетіп, межеге жеткеннен кейін жолдар қайта ашылып отырады. Сонымен қатар, «Алматы туры - 2017» көрермендері мен жанкүйерлерін қаладан веложарыс мәресі орналасқан «Медеу» мұз айдынына жеткізетін көлік ұйымдастырылады.
«Кейбір жолдар жабылатындықтан қала тұрғындарына ыңғайсыздық туындайды, бірақ оған қарамастан Алматы қаласының әкімшілігі «Алматы турын» барынша қолдап, көмектесіп жатыр. Жұрт «Алматы турының» дәстүрлі турға айналғанын біледі, шарадан кейін олардан жылы лебіздер естіп жатамыз. Биыл біраз уақытқа қаланың орталығы жабық болады, сондықтан тұрғындар түсіністік танытады деп үміттенеміз. Оның үстіне, бұл ыңғайсыздықты барынша білдіртеу үшін барымызды салып жатырмыз», деп атап өтті Аманбек Құлшықов.
«Алматы туры – 2017» велододасына әлемнің 17 елінен 20 команда қатысады. Дәстүрлі түрде жарысқа Қазақстан атынан жалғыз кәсіпқой команда «Astana Pro Team» шығады. Отандық команда осыған дейінгі төрт жарыста топ жарған еді. «Алматы туры – 2017» қатысушыларының ішінде Италия мен Франциядан проқұрлықтық командалар, әлемнің әр елінен келген 14 құрлықтық команда, сондай-ақ Өзбекстаннан, Словакиядан және Қазақстаннан 3 ұлттық команда бар.
«Әдетте командаларды біз шақыратынбыз. Бұл жолы, жарыстан шамамен жарты жыл бұрын «Алматы турына» қатысқысы келетін командалардан көптеген хат алдық. Және солардың ішінен ең мықтыларын таңдауға мүмкіндік болды, - деп әңгімеледі Аманбек Құлшықов. – Әрине, бұл жарыстан кейін мұндай командалардың саны артады деп сенеміз».
Сонымен қатар Пьер Хатсебаут баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне «Алматы турының» төрт ұтыс жейдесін таныстырды. Жарыс жеңімпазына көк жейде арналған, үздік спринтерге – жасыл, үздік таулық көк жейде киеді, ал үздік қазақстандық велошабандоз қазақтың дәстүрлі оюы бар жейдені киеді.
Бүгін қатысушы командалардың таныстырылымы мен велошабандоздардың ресми жаттығуы өтеді.
«Алматы турының» жабылу салтанаты «Медеу» спорт кешенінің сахнасында өтеді.