• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:57

Кеміргіштерден келетін қауіп: Хантавирустың алғашқы белгілері қандай?

30 рет
көрсетілді

Хантавирус адамдар арасында жаппай таралатын індет емес. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары мәлімдеді. Олардың айтуынша, дәл қазір Қазақстан тұрғындарына алаңдауға ешқандай негіз жоқ, деп жазады Egemen.kz.

Хантавирустың негізгі тасымалдаушылары – кеміргіштер. Адамға инфекция ауру жануарлармен немесе олардың сілекейі, зәрі мен нәжісі арқылы жұғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, адамнан адамға жұғатын жалғыз штамм – «Андес» вирусы. Ол негізінен Латын Америкасы елдерінде тіркелген.

Мамандардың айтуынша, бұл штамм адамдар арасында тек ұзақ әрі тығыз байланыс кезінде ғана берілуі мүмкін. Көбіне мұндай жағдай отбасы ішінде немесе науқасқа күтім жасау барысында кездеседі.

24KZ мәліметінше, инфекцияның негізгі белгілері – дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, қатты бас ауруы, дененің сырқырауы, бет, мойын және кеуде тұсының қызаруы. Сонымен қатар іштің ауыруы, бөртпе шығуы және бүйрек тұсының сырқырауы байқалуы ықтимал.

Алдын алу үшін мамандар кеміргіштермен байланыстан сақтануға, олар жүруі мүмкін орындарға бармауға және жеке гигиена талаптарын қатаң ұстануға кеңес береді.

Жаңа пандемия қаупі бар ма? Еуропада хантавирус жұқтыру деректері көбейді

Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі Альберт Асқаров хантавирус әлемнің кеміргіштер кездесетін барлық өңірінде таралғанын айтты.

«Жыл сайын дүниежүзінде шамамен 100 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Алайда круиздік кемеде анықталған «Андес» вирусы – ең қауіпті штаммдардың бірі. Ол Қазақстан аумағында жоқ. Негізінен Оңтүстік Америка елдерінде таралған. Сондықтан қазіргі таңда елімізге қауіп төндірмейді. Егер вирус сырттан әкеліну қаупі туындаса, біздің медицина мекемелері мұндай жағдайға дайын», деді А. Асқаров.

Сондай-ақ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы саяхатшыларға арналған арнайы сайт барын айтты. Ол жерде әлем елдеріндегі эпидемиологиялық ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, қауіпті аурулардың таралу деңгейін көруге және сапар алдында қандай екпе алу қажет екенін білуге болады. Бұдан бөлек, эпидемиологиялық жағдайы қауіпсіз саналатын үздік 10 елдің тізімі де жарияланған.

Францияда хантавирус жұқтырған алғашқы адам анықталды

Соңғы жаңалықтар