Атырауда 14 жастағы жасөспірімді ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиғаға байланысты полицияға 30 мамыр күні қала тұрғыны арызданған. Анасының айтуынша, бір топ жасөспірім оның ұлын алдап пәтерге шақырып, бірнеше сағат бойы заңсыз ұстап, күш көрсеткен.
Таразда жасөспірімдер арасындағы кикілжің жаппай төбелеске ұласты
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 15-16 жастағы барлық жасөспірімді анықтады. Олар заңды өкілдерімен бірге полиция басқармасына жеткізілген.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды», деп мәлімдеді полиция департаменті.
Құқық бұзушылыққа қатысы бар жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне алынды. Сонымен қатар іс материалдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
Жасөспірімдер трагедиясы қоғамды ойландырып тұр
Ал олардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңға сәйкес бұл құқық бұзушылық үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы – 43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жалғасып жатыр.