• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қыркүйек, 2017

Дені «сау» су

1697 рет
көрсетілді

Қазіргі экологиялық жағдайда табыстың бір көзі – таза су болып қалды. Ауыз судың маңызын айтып тауысу мүмкін емес. Басқасын былай қойғанның өзінде, өмірге келу де – су, кету де – су. Ал енді сенсеңіз де сенбесеңіз де, халқымыз ұзақ жасауды қаласа, бұл да пайдалы судың сапасына барып тіреледі. 

Жуырда бірнеше еуропалық баспалардан қатар шыққан «Ресурстар үшін соғыстар» кітабының авторы, сарапшы Майкл Клэйр қазіргі уақытта әлем соғыстардың жаңа кезеңіне өтуде деп сәуегейлік жасапты. Бетін аулақ қылсын, яғни бұл ресурстар үшін соғыстар. Соның бірі – су.

Өткен ғасырдың адамдары мұнай үшін соғысса, алда су үшін қырғын болуы мүмкін деген болжамдар айтылып қалады. Бұған негіз де жоқ емес. Трансшекаралық өзендердің өзі де аз мәселе туындатып отырған жоқ.   

Сондай-ақ судың жады бар екенін, жақсы сөздермен суды қуаттандырып, шипасын арттыруға болатынын ғалымдар айтып жүр. Жер бетіндегі әрі қатты, әрі тәтті бола алатын судың жұмбағы әлі де зерттеліп келеді.

Оның бер жағында, суға күніміз түспейтін күн жоқ. Ал енді күнделікті ішуге арналған сулардың мемлекеттік стандарттары жасалған. Яғни «Ыдыстарға құйылған сауыз судың қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың» регламенті бар.

Онда ауыз су, ыдыстарға құйылған ауыз су, табиғи су, жер асты суы, бұлақ суы, шығарылған жері белгіленген су, тазартылған су, жер үсті суы, артезиан суы туралы жіктеліп, сапасы, сипаты көрсетілген.

Ең бастысы «Нарықта таңбалау белгілерінде тұтынушыны адастыратын, асхана және тазартылған ауыз суына табиғи минералды су, бұлақтың суы және жер асты суымен байланысты таңбалау рәміздерін қойып, сондай-ақ, оның өндірілетін географиялық аймағын нақты емес немесе күмәнді ақпаратты қоюға болмайды» деп анық тиым салынған.

Және Қазақстан Республикасы аумағында ыдыстарға құйылған ауыз суға қойылатын бірыңғай талаптары стандарты рұқсат еткен бірінші санаттағы су мен жоғары санаттағы судың айырмашылығын өндірушілер жақсы біледі.

Мәселен, бұл стандартта дәмдеуіштер мен жемістерден алынған ароматизаторлар, эссенциялар мен сірінділер ыдыстарға құйылған ауыз суларға қосу рұқсат етіледі, бірақ соңғы өнімнің салмағының бір пайызынан аспауы тиіс.  Ауыз суда натрий иондары өте аз мөлшерде, яки мүлдем болмауы тиіс.

Ал минералды су басқа бөтелкедегі суларға қарағанда тұрақты деңгейі мен құрамындағы элементтердің салыстырмалы санымен ерекшеленеді. Бұл су түріне ешқандай минералды компоненттер қосылуы мүмкін емес.  

Ыдыстарға құйылған ауыз суды өндіруге рұқсат беретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) халықаралық стандарттарына келсек, табиғи су ұңғымадан тікелей ыдысқа құйылуы керек. Ал жасанды тазартылатын ауыз суы – су көзінен алынған суды химиялық реагенттер қосу арқылы тазартылуы тиіс.

Мәселен, өткен жылы еліміздің Денсаулық сақтау саласы бойынша 2019 жылға дейін бағдарламаcы жасалып, бұл Президент жарлығымен бекітілген болатын. Бағдарламаның басты мақсаты қазақстандықтардың денсаулығын жақсартумен қатар, халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту болып табылады. Осы бағдарламаға сәйкес, 2019 жылы халықтың орташа өмір ұзақтығы 73 жасты құрауы керек. Қазір бұл көрсеткіш 71 жасты құраса, 3 жыл ішінде біз өмірімізді 2 жылға ұзартуымыз керек. Бұл қалай жүзеге асады дегенде, саламатты өмір салтынан бастап, оның толып жатқан алғышарттарының ішінде, адамның дұрыс тамақтанумен қоса, дені сау суды қабылдауына да тікелей байланысты екені көрсетілді. Яғни, бірінші кезеңде бағдарламаға халықтың физиологиялық толыққанды сулар туралы, яғни табиғи минералды сулар туралы дұрыс ақпараттандырылуы кірді.

Алыстан мысал іздемей-ақ қоялық. Басқасын айтпағанда, нашар су ең болмағанда созылмалы бүйрек ауруларына шалдықтыратынын жұрт біліп болды. Тұрақты түрде сапалы су ішетін адам, талай дерттің алдын ала алады.

Мәселен қазір Қазақстан әлем рейтінгінде орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша 152 орында (70,5 жас) тұр. Дүниежүзі бойынша ең ұзақ өмір сүретіндер – жапондықтар (84 жас). Себебі бұл мемлекетте физиологиялық толыққанды суды пайдалану мәдениеті қалыптасқан.

Бөтелкеге байланған су

Мына қызықты қараңыз, енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сапалы ауыз суды адам ағзасының жүйелі түрде жұмыс жасауына мүмкіндік беретін биологиялық белсенді макро және микроэлементтердің мекен ету ортасы ретінде қарастыруда. 2 012 жылы ДСҰ әлемнің барлық елдеріне тәулігіне кем дегенде 450-700 мл табиғи минералды суды ішуге кеңес берді. Тәулігіне қажетті мөлшерде су ішу арқылы, адам өзіне керекті микро және макроэлементтерді азық-түліктерден емес, судан алады. Себебі, ағзаға бұндай жолмен түскен пайдалы элементтер (кальций, магний, фтор, йод, калий, натрий т.б.) тез сіңіріліп, нәтижесі де тез байқалады.

Алайда ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап суды жаппай сүзгілеу жүйелері іске қосылды. Мұндай үрдіс бізге де дендеп еніп кеткенін байқамай қалдық. Бұндай әдіс суды тұзсыздандырып, маңызды, пайдалы минералдар мен микро-макроэлементтерінен айырады (егер судың құрамында олар тұзсыздандырмас бұрын болған болса). Егер өндірістік тілмен айтар болсақ, онда бұл кері осмос деп аталады. Осы процесстен кейін су дистиллятқа айналады. Ал осының барлығы ауыз судың сапасы қандай болуы керектігі туралы білмегендіктен пайда болды.

Қазақстанда бүгінде ауыз су тақырыбына үлкен мән берілуде. Нәтижесінде  мемлекетіміз 2005 жылы сулардың химиялық құрамының физиологиялық толыққандылығы бойынша өзгерістер енгізді. 2008 жылы Кеден одағы елдерінің арасында алғашқы болып сулардың химиялық құрамы бойынша физиологиялық толыққандылығы туралы түсінікті ҚР ұлттық техникалық регламентіне енгізді.

Алайда...

Еуразиялық экономикалық Одақ 2017 жылы бөтелкеленген сулардың техникалық регламентін енгізді. Онда ауыз судың физиологиялық толыққандығы туралы түсінік пен нормативтер қарастырылмаған. Ауыз судың жағымды әсері мен пайдасы жазылып тұратын зат таңбаларға арналған талаптар жоқ. Судың физиологиялық толыққандылығы туралы түсінік (ұлттық регламенттың алынып тасталуына байланысты заң жүзінде күшін жояды)

Бұл регламент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал ол кезде ауыз судың физиологиялық толыққандығы туралы түсінік жазылған ұлттық басты техникалық регламент алынып тасталынады. Жалпы алғанда қазіргі таңда ауыз суларға қатысты пайдаланылатын барлық нормалар мен талаптар өз күштерін жояды. Пайдалы минералды ауыз сулар фильтрациядан өтіп, тұзсыздандырылған сулардың жаппай өндірісі жалғасын табады.

Сол сияқты...

Сол сияқты ауыз сулардың сапасына байланысты тұтынушылардың да арасында  алуан-алуан түсінік бар. Яғни ауыз суларына қатысты ақпарат жетіспеушілігі де байқалып отыр.

Көпшілігіміз ауыз судың физиологиялық толыққандылығы туралы білмейміз. Мысалы, минералды суды ішу зиян деп, тұрмыстық жағдайда қолданылатын кері осмос қондырғыларынан шығатын дистилденген суды ішеді.

Ашық ақпарат көздерінде «дені сау, дұрыс» су туралы ақпарат мүлдем жоқтығы айтылуда. Өйткені тұзсызданған судың дәурені жүріп тұр. Қазір ТМД-ның басқа мемлекеттерінде денсаулық үшін «оптималды» су ретінде тұзсызданған судың жарнамасы жер жарады. Қоғамдық орындарда да тұзсызданған суды өткізетін қондырғылар орнатылуда. Қысқасы, тұзсыздандырылған және жасанды сулардың бөтелкеленуі нарықта 50 пайызды құрайды.

Сүзілген суда не қалды?

Жүз жерден таза көрінсе де, сүзгіден өткен, барлық пайдалы құрамынан түк қалмаған судың да пайдасы шамалы.

Мәселен мамандар, төмен минералды суы бар аймақтарда жүрек-қан тамырлары, тістотығы, зат алмасуының бұзылуы көп кездесетін айтады.  

Ал судың жасанды минералдануы жасанды өндіруге мүмкін емес табиғи минералды сулардағы ион түрінде, диссоциацияланбаған молекулалар, газдар және коллоидты бөлшектер түрінде кездесетін пайдалы заттарды адам ағзасынан жояды.

Минералсыз сулар қанды сұйылтып, сүйектен минералдарды шайып шығарады. Өйткені, минералсыз су жасушалардың өмір сүруіне жағдай жасайтын табиғи құрылым мен оттегіден айырылған. Түптеп келгенде бұл талай дертті қоздырып, сулы-тұзды және сілтілі-қышқылды тепе-теңдікті біртіндеп бұзады.

Қайтпек керек?

Сондықтан да шын мәнінде адам ағзасы үшін пайдалы су шығаратын өндіріс орындары ҚР заңнамалық базасын жетілдіру мен заңнама бағдарламаларына емдік су мен ауыз судың физиологиялық толыққандылығы туралы түсінікті енгізуді текке сұрап жүрген жоқ.  

Қазақстанда емдік-асханалық сулар Боржоми, Набеглави, Ессентуки сияқты импорттық маркаларымен белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сары-Ағаш» курорттық аумағынан бірнеше өндірушілер отандық емдік суларының бірқатар сериясын шығарады. Ал Солтүстік Қазақстанның қорықтық өлкесінде жер асты қойнауының табиғи минералды сулар алынатын аумағынан «Kulager» емдік-асханалық суы өндіріледі. Өзімізде шығып жатқан бұл сулардың құрамында аса айқындалған емдік қасиетті белсенді йод бар. Бірақ бұлардың пайдасы көп болса да, жарнамасы жетіспейді.

Сол сияқты ауыз сулардың қауіпсіздігі, құрамы, қасиеттері және сапа сұрақтары бойынша ұлттық ғылыми-зерттеу институтын құратын уақыт келді, деп отыр ғалымдар. 

Мектеп алды және орта білім беру орындарында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламалары бойынша сапалы ауыз суына тиісті назар аудару, бұқаралық ақпарат құралдарында бөтелкеленген сулардың сапасы, олардың қайнар көздері, өндірісі, құрамы мен қасиеттері туралы қолжетімді ақпараттардың ақиқи болуы да өте маңызды. Себебі сол, адамға ең керек, ең өтімді тауардың бірі – ауыз су болып тұрғанда, тұтынушы үшін талас жүре береді. Сөрелерде «мөлдіреп», айлап-жылдап сірескен сулардың нені жасырып тұрғанын жәй халық қайдан біледі?

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»