Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты
Алдымен Түркістан қаласында болған Премьер-Министр тек қалада ғана емес, көршілес аудандарда да табысты жұмыс істеп жатқан «Яссы нан» зауытында және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды.
Түркістанның шығыс бөлігінде орналасқан, «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған «Отырар» шағын ауданына барды. Мұнда қала әкімі Әліпбек Өсербаев «Аймақтарды дамыту» бағдарламасының қалай орындалып жатқандығы жайында баяндап берді.
Шымкент қаласында кәсіпкерлермен кеңес барысында қатысушылар мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру, Шымкент қаласында халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын жаңғырту және салу, сумен қамту жүйесін қалпына келтіру, өсімдік шаруашылығын субсидиялау, отандық тауарларды экспорттау кезінде кездесетін кедергілерді алып тастау, АӨК-ті жеңілдікті несиелендіру, облыстың экономика салаларын цифрландыруға қатысуы, жаңа экспорт саясатын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Бұл тақырыпта «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Karlskrona LC AB» ЖШС бас директоры Уәлихан Ахметов, «SCAT» АҚ президенті Владимир Денисов, «Қайнар май» ЖШС президенті Хали Сарманов, «Визит» АССЗ ЖШС бас директоры Вельким Злавдинов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайнар Абасов, «Стекло и К» АТ-тобының жетекшісі Юлдашев Хондамир сөз сөйледі. Осы мәселелерге байланысты Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр, Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов, облыс әкімі Ж.Түймебаев түсініктеме берді.
Шымкенттегі «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен туризм және кәсіпкерлік салаларының дамуы мәселелері бойынша жиын өтті.
Кеңеске еліміздің бірқатар министрлері мен Астана және Алматы қалаларының, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты.
Кездесуде Премьер-Министр сапар мәнісінің Елбасы тапсырмаларының өңірде қалай орындалып жатқандығын бақылау, түйінді мәселелерді бірлесіп шешу екендігін айтты.
– Жалпы, Оңтүстік халқы еңбекқорлығымен ерекшеленеді, – деді Бақытжан Сағынтаев. – Оларға былай істе деп үйретудің қажеті жоқ, мемлекет тарапынан жеткілікті көмек болса, өздері шаруаны дөңгелетіп алып кетеді.
Облыста бау-бақша шаруашылығы өте жақсы дамып келеді. Оның келешегі зор екендігін әлемдік мысалдардан білеміз. Біз дүние жүзіне бау-бақша өнімдерін шығарып отырған Польша кәсіпкерлерімен кездескенімізде олар мемлекеттік көмектің арқасында еңсе тіктеп, жақсы сұрыптарды дүние жүзіне таратып жатқандығын айтты. Мемлекеттік көмек Үкіметке олар төлеген салықтар есебінен мол көлемде қайтып жатыр. Біздің шаруалар да осындай мүмкіндікке ие болып келеді. Үкімет оларға тиісінше қолдау көрсетеді.
Осылай деп дихандардың көңілін бір тоғайтқан Премьер-Министр мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына талдау жасады. – Оңтүстікте халық көп, жер көлемі аз. Ал солтүстік облыстарда жер қоры көп болғанымен, еңбек ресурсы жеткілікті емес. Сондықтан жағдайы келіскен шаруаға жайлы жерлерге көшуді одан әрі қолға алу керек. Осы жер ата-бабамның қонысы дейтін емес, қазақтың бар даласы қазақтың ұрпағыныкі. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыздар да өз жерлеріңіз, деген Премьер-Министр көшіп барған отбасыларға жер беру, баспана және жұмыспен қамтамасыз ету жағдайын қозғады.
Жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Мемлекет басшысының саясаты арқасында облыстың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтқан аймақ басшысы өңір халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін алға қойған міндеттер орындалуда деп мәлімдеді.
– Облысымызда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы құны 208 млрд теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 млрд теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артып, 257,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда, – деді өңір басшысы.
Облыста «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив ашылған. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестиция көлемі 21,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артқан. Оңтүстік Қазақстан облысында туристік саланың да тұрақты дамып келе жатыр. Бүгінде туристік нысандар саны 195 бірлікті құрап, тиісінше 31 пайызға өскен. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 млрд теңгені құрап, 43 пайызға артқаны байқалады. Биыл облысқа 128 мың турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға көбейген.
Жиында салалық министрлерге және «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасына, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген өкілдерге сөз берілді. Атқарылып жатқан жұмыстар таразыланды.
– Біз Оңтүстікке келгенде бұрын тәп-тәуір ашылғанымен соңынан қиындыққа ұшыраған кәсіпорындарда болып, ондағы жағдайдың оңалғанына куә болдық, – деді Премьер-Министр қорытынды сөзінде. – Кәсіпорындар – Қазақстанның келешегі. Кәсіпкерлікке кең өріс ашылады. Елбасы Үкіметке осы жағын нықтап тапсырып отыр. Өзекті мәселелерді шешуде билік тарапынан батыл шешім күтіледі. Біз оны жасаймыз. Кездесулер барысын қорытындылаған Премьер-Министр алға қойған міндеттерді мүлтіксіз орындаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы