Ақтөбеде халықаралық қариялар күніне арналған мерекелік іс-шаралар жалғасуда. Олардың ішіндегі ауқымдысы – облыс әкімінің бүгінгі салтанатты қабылдауы.
– Құрметті ардагерлер, сіздер мемлекетіміз бен Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты ең алдымен әлеуметтік сұрақтарды шешуге бағытталғанын жақсы білесіздер. Қазақстанды дамытуға, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы үшін тер төккен ардагерлерге қамқор болу – басты басымдықтардың бірі болып есептеледі. Қазақстанның бүгінде жемісті дамуы – аға ұрпақтың қалаған мықты іргетасының нәтижесі. Біз сіздердің алдарыңызда борыштармыз. Мемлекет басшысы айтқандай сіздер – Қазақстанның алтын қорысыздар. Сіздердің ақылдарыңыз, даналықтарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз жас ұрпақты тәрбиелеуге жұмсалуы қажет. Облыс басшылығы атынан қолдауларыңыз бен үлкен қоғамдық жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын, сіздерге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Отбастарыңыз аман болсын! – деді Бердібек Сапарбаев.
Салтанатты шараға жүзге тарта ақтөбелік қария шақырылды. Олар үшін концерттік бағдарлама әзірленіп, ардагерлер мен зейнеткерлер өздерінің сүйікті әндерін кәсіби шығармашылық ұжым мен әртістердің орындауында тыңдай алды.
Мерекелік шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірманов Кеңес Баймұханұлы, еңбек ардагерлері, Ақтөбе облысының құрметті азаматтары – Беркімбаев Сматолла Молдашұлы мен Сапар Сағынтаев, сонымен қатар, еңбек ардагері Дуля Николай Емельянович те сөз алды. Олар облыс басшылығына өңірдің қарт тұрғындарына көңіл бөліп, үнемі көмек көрсетіп отыратындары үшін алғыстарын білдірді.
Ақтөбе облысында жасына байланысты 88 мың зейнеткер болса, олардың ішінде 90 – Ұлы Отан соғысының ардагері және 7 мыңнан астамы – тылда еңбек еткендер.
Соғыс ардагерлерінің барлығы баспанамен қамтылған. Осы жылы ҰОС Жеңіс күніне орай 9 мыңнан астам соғыс және еңбек ардагерлеріне 287 млн теңге көлемінде материалдық көмек берілген болатын, ал қарттар күніне орай 20 мыңнан астам қарияға 110 млн. теңге көлемінде материалдық және қайырымдылық көмек көрсетіледі.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»