• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2017

Алматыда «Qazaq-Oner» орталығы ашылды

766 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында Алматыда «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығы есігін ашты. Туризмді табыс көзіне айналдырып, елімізге арнайы саяхаттап келген жандарға ұлттық тәбәріктерімізді ұялмай ұсынуға ұмтылған жаңа туристік нысанның міндеті де алуан түрлі.  

Бір жағынан «Qazaq-Oner» орталығы – үйренушілерді қол өнеріне баулып қоймай, кәсіп­керлік, сауда-саттық пен мәдени шараларды қоса атқаратын орын болады.

Көлемі 800 шаршы метрді алып жатқан нысан Универ­сиаданы атқарып салған Атлети­калық ауылдағы Пирамида залына, дәстүрлі музыканың мульти­медиялық орталығы мен ұлттық мейрамханаға жақын орналасқан. 

«Қазір орталықта 20 қолөнер шеберінің жұмыстары қойылды. Олардың көбі ЭКСПО көрмесінен келді. Жаңа бұйымдар жасап үлгермеді. Бірақ алдағы уақытта бұйымдар қатары көп болары анық. Бұрын қолөнершілерге БҰҰ, ЮСАИД, ЮНЕСКО секілді халықаралық қоғамдық қорлар қолдау көрсететін. Биыл алғаш рет Алматы әкімдігі қолдау көр­сетіп, жаңа жылға дейінгі жал­дау қаржысын көтерді. Біз аяғы­мыздан нық тұрып кеткенге дейін, әрине. Бұл да ісіміз алға басқанша айтарлықтай көмек. Және орталықтың бар­лық жабдығы – жиһаз, сөре, орын­дық­тар қала әкімдігінің қара­жаты­на сатып алынды. Бұрын қолөнершілер демеушілерге арқа сүйеп, қорлардан көмек сұрап жүретін. Қандай да бір шебер­лік сыныптарының ресми жұмыс істегені сирек еді. «Жал­ғыздың үні шықпас» деген. Сондықтан орталықтың мақсаты – бірге жұмыс істеу. Бізде кассалық қана емес, төлем картасын қабылдайтын аппарат та болады. Бұл арқылы қолөнерді шағын бизнес деңгейіне дейін көтеріп, бюджет түсімін арттыруды ғана емес, клиентке заманауи қызмет көрсетуді көздейміз. Кор­поративтік клиенттер хабарласады, олармен құжат жүзінде жұмыс істеу керек. Серіктестер қатарында көптеген туристік компаниялар бар. Олар өз туристерін тартады. Қазірге Швециядан келген туристерді қарсы алдық. Олар өз қолдарымен киіз басып көрді», – дейді Алматы қаласы Іс­кер әйелдер кеңесінің мүшесі, жоба авторы, кәсіпкер Айгүл Жансерікова.    

«Qazaq-Oner» орталығы Алматыға туристерді тартуға әлеуеті бар нысан болады деп кү­тілуде. Оған қоса жергілікті өндірісті жолға қойып, жаңа ісмерлердің қатарын көбейтетін мекен болмақ.

«Жоба Алматы кәсіпкерлер палатасы дайындаған Туризмнің жол картасына енгізілген. Біз бұл жобаларды сүйемелдеп, қар­жылай емес қолдау көрсе­теміз. Сондықтан осындай орталық­тардың қатары көбейгені жақсы»,  деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Бір жақсысы, бұл жерде ықы­лас танытқандар жаңа қолөнер түріне машықтанып, отбасылық демалыс ұйымдастыра алады. Мұнда киіз басу, қыш құю, зер­гер­лік өнер, құрақ құрау, кесте тігу, то­қыма сынды өнердің талай түрі та­былады. 

 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ