Жыландар, әсіресе, сұр жыландар Торғай өңірінде жиі кездеседі. Көнекөздердің айтуынша, тың жерлерді игергенге дейінгі уақытта жыланның көптігі сондай, қалың шыққан бұталардың үстімен жорғалайды екен. Ал Тобыл бойында бұл бауырымен жорғалаушылардың дала сұр жыланы және кәдімгі сұр жылан деген екі түрі бар.
Бірақ биологтар олардың сиреп кеткені туралы дабыл қақпаса да, жиі еске салатын. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Любовь Кулакованың айтуынша, Қостанай-Торғай өңірінде жыланның 19 түрі мекендейді, соның алтауы улы жыландар. Бірақ Тобыл бойында улы жыландар кездеспейді. Десе де, жыланның түсі суық. Биыл сұр жыландардың ауыл ішіне, үйлердің ауласына кіріп кеткен оқиғалардың қайталанғаны жөнінде Қарабалық ауданынан жазғанбыз. Енді Қостанай ауданындағы Ульянов селосында тамызда шөп жинап жүрген әйел басып кеткен жылан оны шағып алған.
Дәрігер көмегінен кейін үш күн бойы өзін ауыр сезініп, денсаулығы бірте-бірте дұрысталған. Қыркүйек, қазан айларында да ауылда, көшеде тас жолдың үстінде жатқан сұр жыландарды көріп, ауыл тұрғындары санитарлық-эпидемиологиялық станса мамандарына, ветеринарларға хабарлаған. Олар ауыл маңында жиілеген жыланға ешқандай шара қолдана алмаған. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, биолог Андрей Андрющенконың пікірі жұбатқандай болды.
– Қостанай облысының Тобыл өзені аймағын улы жыландар мекендемейді. Дала сұр жыланы мен кәдімгі сұр жылан шаққанмен, одан адам өлмейді
Оның зәрі аз уы кішкентай бала мен денсаулығы нашар адамдарға ғана қауіпті болуы мүмкін. Ал жыланның тас жолда жататыны, олар қыздырынады, асфальттың үсті жылы болады. Оны адамдардың жиі байқайтыны сондықтан. Жыландар ұйықтауға кеткенде одан ауыл адамдары да құтылады, – дейді Андрей.
Бір қызығы, жыландардың көбеюі, одан адамдардың зардап шегуі Ресейдің Қостанаймен көрші Челябі облысында да байқалған. Ұзынқұлақтан естуімізше, сол облыстағы Қыштым қаласының үш тұрғынын жылан шаққан. Тіпті саяжайға барғанда жылан шаққан 25 жасар қыз аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Бұл оқиға қыркүйек айында болыпты.
Жыландардың ауыл айналасына жиі келуінің себебін сұрағанымызда ғалымдар пікірі де әртүрлі шықты. Профессор Любовь Кулакова жыландардың бұрынғыдан жиі ұшырасуына биылғы жаздың салқын болып, жылудың кеш келуі, яғни ауа райының, климаттың өзгерісі әсер етуі мүмкін екенін айтса, биология ғылымдарының кандидаты Нина Валяева: – Жылан ауыл маңына тышқан іздеп келеді. Қазір ауылдарда астық сақтайтын орындар, қырмандар бар, ал ондай орындарды кеміргіштер торуылдайды. Бұрынғы уақытта кеміргіштерді санэпидемиологиялық станса мамандары дәрілеп, құртып отыратын. Қазір сол жұмыс жеткілікті және үздіксіз жүргізіледі деп айта алмаймын.
Сұр жыландар елді мекендерге жақын жүруі сондықтан болуы әбден мүмкін, – дейді. Қалай болғанда да, сұр жыландардың ауыл ішіне кіруі адамдардың көзі үйренбеген құбылыс болып тұр. Қазір Қостанай өңірінде алғашқы қар ұшқындап, күн суып қалды.
Биолог мамандар жыланның ұйқыға кететін уақытының болғанын айтып отыр. Ал келесі жылы олар биылғы әдетін қайталар ма екен?
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ