Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы жылына 4000 тоннаға дейін бройлер етін өндіреді. Осыдан 9 ай бұрын пайдалануға берілген аталмыш фабрика қазіргі уақытта өнімді жеткізу географиясын кеңейту бойынша жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар өндірісті одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды. Ал аталған қаржының 1,2 миллиард теңгесі «ҚазАгро» холдингінің құрылымындағы компания «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылады. Кәсіпкерлікті қолдау және оны насихаттау мақсатында «ҚазАгро» холдингі Байзақ ауданына журналистер үшін тур ұйымдастырып, оған республикалық газеттер мен телеарналардың Жамбыл облысындағы меншікті тілшілері, сондай-ақ облыстық басылымдардың тілшілері қатысты. «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Фарида Жүнісова журналистерге сұхбат беріп, фабриканың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігімен таныстырды. «Бүгінде кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша жоғары сапалы құс етінің өндірісін жолға қойды және жыл басынан бері 3 мың тоннадан астам өнім шығарды. Алғашқы экспорт Ресей мемлекетіне шығарылды. Енді басқа елдерге де экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында келіссөздер жүргізілуде», дейді Ф.Жүнісова. Сондай-ақ кәсіпорын басшысы құс өнімі Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар, Астана қаласын да қамтитындығын айтып өтті.
Өндіріс орны негізінен 1978 жылы салынған. Алайда тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезеңде жұмыс істемей қалған кәсіпорын түйетауық өсіретін ескі құс фабрикасының базасында құрылған. Ал жобаны іске асыру барысында 16 тауыққораға, қоймаларға, зертханаға және әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ сою және қоспажем цехтары қайта қалпына келтіріліп, инкубатор үйі салынған. Бұл тұрғыда мемлекеттің де қолдауының аса маңызды екенін атап өткен жөн. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде нысан құрылысы кезінде 547 миллион теңгеге коммуникациялық жүйелердің кеңейтілген желісі жүргізілген.
Кәсіпорын басшысы фабриканың болашақ жоспарларымен де бөлісті. «Алдағы уақытта «ҚазАгро» холдингінің қолдауымен кәсіпорынның қуатын 20 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Құс шаруашылығы кешені өңірде 40 сауда орнын ашуға мүмкіндік береді», дейді Фарида Амансарықызы.
Жалпы, Қазақстанның құс шаруашылығы саласында 2010 жылдан бастап отандық құс фабрикаларының өндіріс көлемінің өсімі 136,4 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ сала дамуының оң динамикасына «ҚазАгро» ұлттық холдингінің инвестициялық жобаларды қаржылай қолдауы ықпал еткенін де айтып өту керек.
Жамбыл облысы бойынша «ҚазАгро» холдингінің инвестициялық қоржынында құны 8,4 миллиард теңгенің жобасы бар. Сонымен қатар Байзақ ауданындағы «Әулие-Ата Феникс» құс фабрикасы және Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы ең ірі жобалар қатарына жатады. Айта кетейік, ағымдағы жылы облыста «ҚазАгро» желісі бойынша 900,1 миллион теңгеге 7 несие серіктестіктері қаржыландырылған. Алдағы уақытта да аталған серіктестіктер Әулиеатаның әлеуетін арттыратын жобалар қатарынан көрінетін болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы