• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қазан, 2017

«Сөз бен саз»: белгілі әннің белгісіз авторы болмауы тиіс

1455 рет
көрсетілді

Ақтауда «Сөз бен саз» атты авторлық бағдарламаның тұсауы кесілгеніне бір жыл болды.

 Маңғыстау өңірінде, жалпы қазақ даласында әуендері шырқалып жүргенмен өздері тасада қалған немесе өмірден өтіп кеткен сазгерлерді халыққа таныту, насихаттау мақсатындағы бағдарлама көрермен ықыласына бөленіп келеді. 

– Ақтауда белгілі «Шалқымалы» әнінің авторы, әнші-сазгер, ақын, журналист Талғат Атшыбаев ағамыздың қаралы намазы өтіп жатқан кез. Ағайын-туыс, ел-жұрты өз алдына, қайғыдан қан жұтқан өнер адамдары талантты ағаларын қимай тұнжырап тұрған. Осы кезде әнші Баймұрат «әттең, біздің асылды тірісінде бағалай білмейтін өте нашар әдетіміз бар... Қазақтың талантты қанша ұлы мен қызы көзі тірісінде қолдаусыз, қошаметсіз, насихатсыз кетті?! Өлген соң өтірік мүләйімсігендей болып жүрген жоқпыз ба, әлде дарындылардың тек өлгенін ғана күтеміз бе? – деп күйініп, бір идеяның ұшын сілтегендей болды. Ойлана келе, «Сөз бен саз» бағдарламасының тұсауын кестік, дейді жоба авторы Бердіхан Әлмен. 

Бағдарлама аясында бір жыл ішінде үш рет концерт өткізіліп, алғашқы кон­­цертте 22 сазгердің басын қосса, екінші концертке – 18, бір жылдыққа орай ұйымдастырылған үшінші концертке 12 сазгер қатысқан. Осы уақыт аралығында барлығы 63 сазгердің 584 әні «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы арқылы насихатталған. Аталмыш жобаға тек маңғыстаулық қана емес, еліміздің Тараз, Қызылорда, Атырау, Алматы, Астана, Шымкент, Семей қалаларынан сазгерлер қатысып, өз әндерін тыңдармандарға ұсынды. Олардың арасында Өктем Алтаев, Кентау Назарбек, Бекжігіт Сердәлі, Әбдірейім Өміров, Сауранбек Елеуов, Әбдіғапар Теміров сынды сазгерлер бар. Үшінші концертте «Қыздарға әсемдік жарасады» әнімен тыңдарманын тәнті еткен қостанайлық Қайрат Нұрғазин, «Қыздар-ай, қыздар», «Мені ойлап қам жемеші» әндерінің авторы тараздық Үміт Битенова, Қызылордадан «Қорқыт ата қобызы» әнінің авторы Рамазан Тайманов қонақ ретінде қатысты. 

Жұртшылықтың ықыласына ие болған бағдарлама туралы жоба авторы теңіз жағасында ауқымды концерт өткізу және Маңғыстау өңіріндегі 1936 жылы туылған Ш.Сабытаевтан бастап, қазіргі ең жас сазгер, Қ.Нұртас, Т.Төрәлі әндерін жазып жүрген жерлесіміз – Ө.Амангелдиев арасындағы сазгерлердің шығармаларын жинақтап, ән мәтіндері мен ноталары басылған «Маңғыстау сазгерлерінің антологиясын» шығарып, облыс мектептері мен мәдениет үйлеріне тарату, сондай-ақ «Сөз бен саздың» эфирден өткен сандарын DVD дискі түрінде тарату жоспары бар екендігін айтты. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы