Ақсаң, Жалғызқайың, Қаражар ауылдары маңындағы Мырзашоқы тауында қазір шаңғы тебу кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ауыл тұрғындары қысқы туризм жобасы тыныс-тіршілігімізге өзгеріс әкелер деген үмітте.
Баянауылға сапарымызда тау баурайында отырған ауылдарға да барып қайтамыз. Бір Ақсаңның өзі айнала қаптаған қалың таулы көрікті табиғаттың ортасында. Көркемдігін сақтап, дұрыс көзқараспен қараса, жазғы-қысқы туризмге сұранып-ақ тұрған жер. Сабындыкөлдің жағасындағы республикалық маңыздағы үлкен жол тау ішімен жүріп отырып, Ақсаң ауылына алып келеді.
– Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде жобалау-сметалық құжат дайын, қаражат мәселесі шешілсе, күтіп тұрған ауыл жолы да жөнделіп қалар, – деді ауыл әкімі Кенжебек Дүйсенбаев.
Ауыл аудан орталығының іргесінде орналасқан. Жалғызқайың, Қаражар ауылдарын қосқанда Ақсаң ауылдық округінің аумағында мыңға жуық халық тұрады. Осы мыңның 514-і жұмыста, көпшілігі Баянауыл Ұлттық паркіне қарасты орман шаруашылықтарында тұрақты және маусымдық уақыттарда еңбек етеді екен.
Ауыл әкімі Кенжебек Дүйсенбаев Оңтүстік Қазақстан облысына барып, солтүстікке келетін отбасылардың бір-екеуін Мақтаарал ауданынан Баянауылдың Ақсаңына көшіріп алып келіпті. Алдағы уақытта тағы да барып, бірнеше отбасын көшіріп әкелу мақсаты бар. Көшіп келген Бейбітжан мен Әлімжанның отбасылары қазірдің өзінде жер алып, жылыжай ашып, көкөніс өсіреміз деп дайындалуда.
Ауыл балаларының оқып-білім алуларына барлық жағдай жасалыпты. Қалың қарлы, табиғаты ғажап Мырзашоқы баурайында өскен ауыл балалары шетінен шаңғышы көрінеді. Аудан бойынша өтетін қысқы спорттық жарыстарда үш ауылдың спортшылары жүлделі орындарды иеленіп жүр екен. Желаяқ жас шаңғышылар Олжатай Мұратбек, Марал Исмайлованың, ересектер арасында Арайлым Сембекова, Төлеген Төлеубаевтың есімдері үнемі үздіктер қатарында аталады.
Бір өкініштісі, шағын мектептерде бала санының азаю мысалдары Баянауыл ауылдарының бәрінде кездеседі. Ақсаңда былтыр бар-жоғы 7 оқушы мектеп бітіріпті. Сондықтан ауыл әкімдігі алдағы уақытта тағы да оңтүстік өңірден бірнеше отбасын көшіріп әкелуді жоспарлап отыр.
Мырзашоқы – Қараржар ауылы маңында, таудағы шаңғы кешені осы жерден ашылмақшы. Қысқы туризмді қолға алғандар енді тау-тасты қазып, жол жасамақ. Ауыл тұрғындары да шаңғы кешенін тұрғызуға қатысып, жұмысқа алыныпты. Тау баурайындағы тыныштықты құрылыс дауысы бұзғандай. Биік тауға электр энергиясын тартып, жолды жөндеуді айтпағанның өзінде, Мырзашоқыға басқа да инфрақұрылымдар тартылмақ. Біз келгенде Түркиядан орындықтары бар арқан жол әкелініп, құрастырылып жатыр екен. Биіктігі бір шақырымды құрайтын таудан 800 метр төменге қарай сырғанайтын арнайы жол салынуда. Яғни, алдағы уақытта үш ауылға туристер келе бастайды. Бұл – ауыл үшін жұмыс көзі. Мырзашоқының әлеуеті артады.
Тау баурайындағы ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да туристік әлеуетпен жарасым табар. Туризмнен түсер пайданың арқасында Жалғызқайың ауылының балаларын мектепке тасымалдауға жаңадан автобус алынып, Қаражар ауылына шағын мектеп салып беріп, әбден ескірген су құбырлары, жолдары жөнделіп, Ақсаң ауылдық округінің еңсесі көтеріліп, бір жаңарып қалар деген ойдамыз.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы