• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Қазан, 2017

Қырғызстан: халық кімді таңдайды?

575 рет
көрсетілді

Қырғыз елінің алдағы тағдырына тікелей әсер ететін күнге аз ғана уақыт қалды. 

15 қазан – Республиканың президентін сайлау күні. Алғашқыда президенттік тақ үшін болатын саяси бәсекеде 59 адам бақ сынап көруге ниеттенген еді. Бірақ олардың арасында 9-ы Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) берген арызын қайтарып алса, 37 адамның бір бөлігі тиісті құжаттарын әзірлеу барысында райларынан қайтты, ал қалғандарының құжаттары толық болмай, ОСК-дан тіркеуден өте алмады. Сондай-ақ тіркелген 13 адамның бірі, экс-депутат Камшыбек Ташиев талапкерліктен бас тартты. Сонымен сайлау бюллетенінде 13 графа болады: 12 талапкердің аты-жөні және «бәріне қарсы» деген пункті.

Қырғыз Республикасының президенті болып 35 жастан төмен емес және 70 жас-тан аспаған, шетел азаматы болмаған, мемлекеттік тілді білетін және елде 15 жылдан кем тұрмаған Қырғыз Рес­пуб­ликасының азаматы бір рет қана сайлана алады. Бұрын сотталған, соттылығы алынып тасталынбаған азамат бұл қызметке сайлана алмайды.

Сонымен қатар ОСК-ға тіркелуге арыз берген талапкер белгіленген мерзімде өзін 30 мың сайлаушының қол­дай­тынын анықтаған құжатты тапсы­руы, сондай-ақ 1 миллион сом кепіл­дік ақшаны ОСК-ның қорына төлеуі тиіс. Құжаттарды қабыл­дау уақыты аяқталғанда, тіркелмеген талап­керлердің кепілдік ақшалары өздеріне қай­тарылып беріледі. Ал енді тіркелген талапкерлер сайлау күні дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 5 пайыз дауысын ала алса, сайлау науқанынан кейін олардың да кепіл­дік ақшасы қайтарылады.

Сайлау бір турмен бітетін болса, сай­лау­­шылар дауыстарының жартысынан көбін алған үміткер президенттік қызметке сайланды деп есептелінеді.

Жалпы, сайлауға түскелі отырған 12 талап­кердің барлығы да қырғыз еліне белгілі мемлекеттік және қоғам­дық қай­­­рат­­керлері. Атап айтар бол­сақ, Өмірбек Бабанов, Сооронбай Жээн­беков, Темір Сариев – экс-премьер-минис­трлер. Бақыт Төребаев – Қырғыз Респуб­ликасы Жогорку Кеңешінің депутаты, парламенттегі «Өнүгүү-Прогресс» пар­тиялық фракциясының лидері. Эрнис Зарлықов – Бішкек қаласының вице-мэрі (қызметін уақытша тоқтатқан). Адахан Мадумаров – «Бүтін Қырғызстан» сая­си партиясының төрағасы, бұрынғы мем­ле­кеттік хатшы (бұл қызмет қазір жойыл­ған), Жогорку Кеңештің бұрынғы төр­ағасы. Әзімбек Бекназаров – адвокат, рес­пуб­ликаның бұрынғы бас прокуроры, Жогорку Кеңештің бірнеше мәрте депутаты, «Революция бульдозері» деген ла­қап есімі бар. Арстанбек Абдылдаев – іс­кер, «көріпкел». Оның «Қыс болмай­ды» деген лақап есімі бар. 2011 жылы желтоқсанда «Биыл қыс болмайды», деп мәлімдеме жасап атын шығарған. Сол күндері аталған бейне таспаның орысша нұсқасын «ютубтан» 3 миллион адам көрген. Таалатбек Масадыков – генерал, қауіпсіздік саласының бұрынғы қыз­меткері. Ұлықбек Қошқаров – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты. Тоқтайым Үметалиева – құқық қорғаушы, Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайы­мы. Арсланбек Малиев – «Аалам» («Әлем») саяси партиясының лидері, Жогорку Кеңеш­тің экс-депутаты. 

Қазіргі кезде екі үміткердің мүмкіндігі жоғары болып тұр. Біреуі – Сооронбай Жээнбеков. 2016 жылдың 13 сәуірінен бері премьер-министр қызметінде болған бұл кісі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) атынан президенттік сайлауға түсетін болған соң, биылғы 21 тамызда өз еркімен отставкаға шыққан. Айта кетейік, ҚСДП-ның лидері – президент Алмазбек Атамбаев. Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланар болса, Қырғыз елінің бүгінгі басшысының жолын жалғастырмақшы. 

Президенттік сайлау Алмазбек Атам­баев үшін де үлкен сын болуда. Егер халық оны қолдаса, С.Жээнбеков президент болады. Ал қолдамаса... 

Аламан жарыста Сооронбай Жээн­бе­ковпен үзеңгілес келе жатқан талапкер – Өмірбек Бабанов. Ол президент болса, «сөзсіз экономикалық секіру болады» деген пікір бар.

Жақында сайлау науқанына қатысты тосын оқиға болды. Нақтылай айтқанда, биылғы 30 қыркүйекте Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздігінің мемлекеттік коми­теті (ҰҚМК) Жогорку Кенештің депутаты Қанатбек Исаевты 15 қазан – сайлау күні «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және билікті күшпен басып алуға әзірлік көру» деген айыппен қамауға алды. Республиканың бас прокуратурасы оған қылмыстық іс қозғап, 48 сағаттық қамау мерзімін тергеу аяқталғанға дейін­гі уақытқа ұзартты. Таратып айтсақ, Қа­нат­бек Исаев президенттіктен үміт­кер Ө.Бабанов сайлау­да жеңіп, бірақ оның жеңісі бұрмаланса, яғни фальсификацияланса, көтеріліс жасамақ болған екен. Қ.Исаевтың «ереуілді ұйым­дас­тырушыларға арнап» 800 мың сом беріп жатқанын көрсететін бейнетаспа теле­арнада және ғаламторда тарады. Кейбір саясатшылар, атап айтқанда, бұрын ҰҚМК төрағасының орынбасары қызметінде болған генерал Артур Ме­дет­беков Қанат­бек Исаев бойынша «акция» билік тарапынан ұйымдастырылған дейді. Ол дәлел ретінде, бейнежазу аппаратының Қ.Исаевтың бөлмесіне қойылғандығын және «акцияға» қатысқан топтардың сөз­деріндегі сәйкессіздікті мысалға кел­тірді. Қ.Исаевтың жақтастары 800 мың сом үгіт істеріне жұмсалатын заңды ақша дегенді айтуда. ҰҚМК болса, Қ.Исаевты кінәлі деп отыр. Анық-қанығын сот шешеді. Сот 30 қарашаға дейін созылуы мүмкін. 

Қазіргі таңда үміткерлер – С.Жээн­беков пен Ө. Бабанов бір-бірімен үзеңгі қағыстырып, қатар келе жатқандай көрі­неді. Дегенмен, үгіт-насихат науқанының ба­рысы көрсетіп отырғандай, соңғы күн­дері біріншісінің беделі артып, екіншісінің рейтингі төмендегендей. Бұған себеп, Ө.Бабановтың Ош облысына барған үгіт сапарында ұлты өзбек сайлаушылар көп тұратын ауданда «Өзбек елім, тізерлеп өмір сүргенше – тіке тұрып өлген жақсы!» деп айтқаны себеп болды. Ө.Бабановтың бұл сөзінде артық-ауыс ештеңе де жоқ. Бірақ мұны С.Жээнбековты жақтайтын бұқаралық ақпарат құралдары іліп әкетіп, әлгі сөзге басқаша сипат берді. 

Сондай-ақ биылғы жылдың 4 қа­за­нында республиканың таралым ауқымы кең телеканалы – ҚТРК (Қоғамдық телерадиокорпорациясы) сайлау ережесіне сәйкес, ақысыз пікірсайыс ұйымдастырған болатын. Оған президенттікке үміткер төрт адам қатысқан-ды. Онда жұрттың назары С.Жээнбеков пен Ө.Бабановтың өзара айтысына көбірек ауды. «Мен сені балапан кезіңнен білем, 2005 жылдан бас­тап қандай болғаныңды. Маған сыбайлас жемқорлықпен күреспейсің дейсің. Онымен мен күресемін, мен тазамын, ал сен күресе алмайсың. Не үшін дегенде, сенің қайда батқаныңды жақсы білемін. Менің саған 25 сауалым бар. Мен президент бола қалсам, сыбайластыққа қарсы күресті сенен бас­таймын», деп С.Жээнбеков Ө.Бабановты жарға тіреді.

Өз кезегінде Өмірбек Бабанов: «Соорон­бай Шәріпұлы, біріншіден, мен сіз­ге ешқашан балапан болған емеспін. Мен сіздей шенеунік те емеспін. Қайдан байлық тапқаныңызды сіз дәлелдеп бересіз. Екіншіден, мен әрдайым бизнес­те жүргенмін. Мені Бакиев қуғындап, қамай алмаған. Жээнбеков те қуғындап, қамай алмайды. Менің артымда халқым бар. Қорқытып-үркітетін сіз емессіз», деп жауап берді.

Дегенмен, Ош облысындағы оқиға және аталған телесайыс Ө.Бабановтың беде­лін біраз төмендетіп жіберген сияқ­ты. Бұл жағдайлар саяси сайыста үшін­ші болып келе жатқан үміткер Темір Сариев­ке дем бергендей болды. Соңғы күн­де­рі қаражатының аздығынан үгіт істерін бә­сеңдетіп алған ол сахнаға қайта көтерілді.

Президент А.Атамбаев 4 қазанда арнайы мәлімдеме жасады. Онда сайлау­шылар жалған мәліметтерден қорға­луы тиіс екендігі айтыла келіп, талап­кер­лердің бірінің ешнәрсемен расталмаған «ха­лықтың 65%-ы бірінші турда-ақ маған дауысын беруге әзір», деген мәлі­меті сөз етілген. Айта кетейік, үгіт кезін­де Ө.Бабанов халықтың 65%-ы мені қол­дайды деген болатын.

Сайлау бір турмен аяқталмай, екінші тур болуы да мүмкін. Ондай жағдайда дауыс көп алған екі талапкер сынға түседі. Олардың біреуі бас тарта қалса, оның орнын сайлауда үшінші көрсеткішке ие болған үміткер басады.

Назарбек САТТАР,  арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

БІШКЕК