• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 09 Қазан, 2017

Румыния-Қазақстан: жеңілістер сабақ болса...

506 рет
көрсетілді

Қазақстан Футбол феде­ра­­ц­ия­сының қолдауымен Ру­мынияға сапар шегіп, 2018 жылғы әлем чем­пио­­­на­тының іріктеу кезеңі ая­сын­да өткен Румы­ния-Қа­зақ­­стан құрама коман­да­лары­­ның ойы­нынан репор­­таж жазудың сәті түскен еді.

 

Ойын туралы бұдан бұрын айтып кеткендіктен, шет мемлекетте өзіміз көзбен көрген кейбір жайттарды оқырман қауыммен бөлісе кеткенді жөн санадық.

Қолдау деп осыны айт!

Қазанның екісі күні Қазақ­стан Ұлт­тық құ­ра­масының футбол­­шы­лары мен жаттық­тыру­шылар штабы Бухарест қаласына келіп жетті. Құрама футболшылары әуежайдан түсе салып, 2018 жылғы әлем чем­пионатының іріктеу кезеңі аясындағы Румыния-Қазақ­стан матчы өтетін Плоешти қаласына жол тарт­ты. Біздің елде ұлттық құрама ойындарының Астанада өтетініне үйре­ніп қалғандықтан, Румы­ния-Қазақстан матчы ел астанасында өтетін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, олай болмай шықты. Ру­мын әріптестерімізден «Халықаралық кездесу Бухаресте емес, неге ша­­ғын қалашықта өтіп жатыр?», деп сұрағанымызда «Плоеш­­тиде футбол­дан Ру­­­мынияның үш дүр­кін чемпионы және ел кубо­гының иегері болған жер­гілікті «Петролул» (Мұ­­най­шы) командасы бар. Қар­жылық дағдарысқа бай­ланысты клуб екі жыл бұрын Румынияның төр­тінші лигасына түсіп қалған болатын. Биыл үшінші лигада ойнап жүр. 2019 жылы «мұнайшылар» жо­ғары лигада ойнауды ал­дарына мақсат етіп қой­ған. Румыния футбол фе­де­рациясы бұл клубқа мораль­дық қолдау көрсетіп, жер­гілікті жан­күйер­лерге фут­бол мерекесін қайта сезін­­діру мақсатында ұлт­тық құрама матчын «Пет­ролул» командасының ста­дионында өткізуді ұй­ғар­ған», деген жауап алдық. 

Плоешти – мұнайлы қала

Іргетасы 1596 жылы қалан­ған Плоешти қала­сы Румынияның оң­түс­тігін­де орналасқан, 190 мы­ң­нан аса халқы бар шағын шаһар. Ел ас­танасы Бухарестпен ара­сы 60 ша­қы­рым қа­шық­ты­қты құрайды. Хал­қы­ның басым бөлігі – румындар, сығандар және мажарлар. Сондай-ақ аз мөлшерде украиндар, еврейлер, түріктер де бар екен. XIX ғасырдың орта тұсында қара алтынның ірі қоры табылған Плоешти қала­сы Румы­нияның не­гізгі мұнай орталы­ғы са­на­лады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жүзім өсіру­мен айналысады екен. Жоғарыда айтып өткені­міздей, жергілікті «Пет­ролул» футбол коман­дасы 1952 жылы құрыл­ған. «Пет­ролул» футбол­шылары өз алаңын­дағы кездесулерін команда құрыл­­ғандағы ең алғаш­қы жаттық­тыру­шысы Илие Оаненің есімі б­е­ріл­­­ген стадионда өткіз­еді. Арена­ның сыйым­ды­лығы – 15 000 адам.

Шағын қаланың халқ­ы аз, тро­туар­лары кең және арнайы вело­жол­­дары бар. Сондай-ақ қалада төрт радио торабы жұмыс істейді. Плоештиде тарихи ғи­мараттар өте көп екен. Жаңа ғимараттар да қа­ла­­ның архитектуралық кел­­бетін бұзбай, көне ғасыр сти­лінде салынған. Мұнайлы қала­да қымбат қонақүйлер көп. Көше­лерде мемлекеттік бағ­дар­лама билборд­тары кездеспейді. Тіпті Румы­ния-Қазақстан матчына байланысты ешқандай баннерлерді де ілмеген. Тек жарнама ғана бар.

Жанкүйер мәдениеті

Румыния мен Қазақ­станның уақыт айырма­шылығы үш сағат екен. Матч өтетін күні Илие Оане атындағы стадионға екі сағат бұрын жетіп ал­дық. Біз келгенде арена­да жанкүйер атымен жоқ екен. Матч болардан бір күн бұрын румын әріп­тес­теріміз билеттердің тү­гел сатылып кеткенін айтып еді...  Содан ойын бастал­ғанға дейін жүрек жал­ғап алайық деп ста­дионға жақын жерден тамақ­танатын дәмхана іздедік. Сөйтсек, жанкүйерлердің барлығы жазғы мейрам­хана, кафелерде отыр. Жан­күйерлердің осындай дәстүрі бар екен. Ал фа­нат жанкүйерлер бол­са, көшеде Румыния туын ұстап «Румыния алға, бәріміз құрамаға жан­күйер боламыз!» деп ұран­датып жүрді. Тағы бір қызығы, жанкүйерлердің бәрі стадионға жаяу келді. Ойынға дейін де, одан кейін де көшеде көлік кеп­телісін көрмедік. Есе­сіне тәртіп сақшылары қаптап жүрді. Мұның себебі, ішкі біріншілік ойындары кезінде жанкүйерлер ара­сында кикілжіңдер көп туын­дап тұратын көрінеді. Абы­рой болғанда, бұл жолы жанкүйерлер қақты­ғысының куәсі болған жоқпыз және өзіміз де елге дін аман жеттік.

Жаңа бапкермен – жаңа жетістікке

Румыния-Қазақстан мат­чы Космин Контра үшін бас жаттықтырушы ре­тіндегі алғашқы ойын болды. Румыния құра­ма­сының тізгінін ол осы­дан екі апта бұрын ал­ған екен. Федерация жа­ңа жаттықтырушымен 2020 жылға дейін келі­сім шартқа отырыпты. Бас бапкердің алдына ел құрамасын 2020 жыл­ғы Еуропа чемпионаты­на шығару міндеті қойы­лыпты. Плоешти қа­ла­сы­ның жергілікті жанкүйер­лері Контрадан үлкен нәти­же күтетіндерін жа­сыр­майды. Себебі ол 2012-2014 жылдары «Пет­ро­лул» командасын жат­тық­тырып, клубпен бірге Ру­мы­ния кубогын жеңіп алған. 

Журналистермен бол­ған баспасөз мәсли­ха­тын­да Контраның өзі де Ру­мыния құрамасымен бірге жоғары нәтижеге жеткісі келетінін айтты. «Құрама бапкері ретінде тұңғыш матчымды Қазақстан құ­ра­масы­на қарсы өткі­зе­мін. Бұл мен үшін ма­ңыз­ды ойын болмақ. Сон­дай-ақ матч Плоешти қаласында өтетіні жақсы болды. Өйткені жергілікті командамен Румыния кубогын жеңіп алғанмын. Ертең де аталған қала­да­ғы жеңісімді жалғас­тыр­ғым келеді. Румыния құрамасымен алдағы уа­қытта әлем және Еуропа чемпионы атанғым келе­ді», деп ағынан жарылған еді. 

Кездесуден кейінгі бас­­пасөз мәслихатын­да Контра қарлыққан дауыс­пен сөйлеп, жур­на­лис­­терді бір күл­дір­тіп ал­ды. «Сіздерден ке­ші­­­рім сұраймын. Фут­бол­­­шы­ларға алаң жие­гі­­нен айғайлаймын деп, ойын­­­­ның алғашқы 20 ми­ну­т­ы­­нан кейін даусым қар­­­лы­ғып қалды», деп ақталды ол.

Болжам және жұбату

Плоешти қала­сын­­дағы қона­қүй­ден Илие Оане атын­дағы стадионға қа­рай бет алғанымызда, Румы­ния футбол фе­де­­­ра­циясының өкілі ке­ліп: «Румыния-Қазақ­­стан ойы­ны 1:1 есебі­­мен аяқ­талсын. Дос­тық же­ңіс­пен тең тар­қаса­йық», деп жы­миды. «Жеңі­ліп қал­май, тең тар­қас­­қаны­мыз дұрыс шы­ғар», деп қол алы­сып, тең ойынға келістік. Стадионға кел­генімізде румы­ния­лық әріптестің бірімен аз-кем тілдескен едік. Бір қызығы, ол да әлгі феде­р­а­ция өкілі айтқан­дай, «Ойын 1:1 есебімен аяқ­тал­сын, иә», деп қолын ұсынды. 

Екеуінің тең есепке риза болайық деп айтқа­нына қарағанда, бүгін жеңіске жететін шығармыз деген ой ұшығының жылт ете қалғаны рас еді. Бірақ матч біткенде таблода мүлде басқа нәтиже тұр­ды. Румын әріптесім матч­тан кейін «Көңіл күйің­ді түсірме, сендер де жеңіс­ке лайық болдыңдар. Ойын­шы­лары­ңа дән риза бол­дым», деп арқамнан қақты... 

Румынияның Плоешти қаласындағы Илие Оане атындағы стадионда өткен кездесуде жерлестеріміз қарсыластарына 1:3 есебі­мен есе жіберді. Конс­тантин Будескудің – екі Клаудиу Кешерюдің бір голына Бауыржан Тұрыс­бек жалғыз ғана доппен жауап берді. 

Сонымен Қазақстан құрамасының турнирдің бітуіне үш тур қалғанда өз тобындағы соңғы орын­нан жоғары көтеріле ал­майтыны белгілі болды. Футболшыларымызға же­ңі­лістер сабақ болса екен дейсің...

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан» –  Бухарестен