• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қазан, 2017

Шымкентте «Қоғамды жаңғыртудағы медиацияның рөлі» атты диспут-форум өтті

299 рет
көрсетілді

Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің ұйымдастыруымен «Қоғамды жаңғыртудағы медиацияның рөлі» тақырыбында республикалық диспут-форум өтті. 

 

Республикалық форумға ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгеру­шісі Дархан Мыңбай, Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұр­жан Әлтаев, Парламент Мәжі­­лісінің депутаттары, Жоғар­ғы соттың судьялары, Бас про­кура­тураның, Білім және ғылым министрлігінің, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің өкілдері, ҚХА жа­нындағы Медиация кеңесінің мү­шелері, барлық облыстардағы медиация орталықтарының жетекшілері мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің жанындағы медиация кабинеттерінің мең­герушілері қатысты. 

Форумды Парламент Мәжі­л­ісі­нің депутаты, Қазақстан хал­­қы Ассамблеясы Медиация ке­ңе­сінің төрағасы, заң ғылым­дарының докторы, профессор Бақытжан Әбдірайым жүргізіп отырды.

– Болашағы біртұтас елдің бар­лық мемлекеттік және азамат­тық қоғам институттары қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту, – деп сөз бастаған Дархан Мың­бай ойын төмендегідей жинақ­тады. – Осы орайда барлық тарап­тардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын құрметтеу ар­қылы бітімгершілікке қол жет­кізуге бағытталған медиа­ция институтының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамыту­дағы рөлі зор. Сондықтан Мемлекет бас­шы­­сының Жарлығымен қабыл­данған Қазақстан халқы Ассамблея­сының 2025 жыл­ға дейінгі даму тұжырым­да­масына сәйкес елдегі медиация институттарын дамыту Ассамблеяның жаңа бағыт­тарының бірі болып белгіленді.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, медиация Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-та түрлі даулар мен жанжалдарды рет­теу­дің көп тараған әдістерінің бірі болып табылады. Мысалы, АҚШ-та барлық істердің 93%-ы, Ұлыбританияда 87%-ы, Слове­нияда – 40%-ы, Қытайда 30%-ы соттан тыс қаралады.  Қазақстан тарихынан Билер институтының араағайындықты қолдану арқылы жұмыс істеген көптеген мысалдарын табуға бола­ды. Дала халқы үшін «араағайындық», «бітімгер», «ел­дес­тіруші» және басқа терминдер жақсы таныс. Қазақ халқы ежелгі замандарда-ақ даулы мәселелер шықса биге жүгінетін болған. 2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның тұтастай құқықтық жүйесі үшін айтарлықтай оқиға болған «Медиация туралы» заң қабылданды. 2011 жылғы 3 шілдеде Үкіметтің қаулысымен Медиаторларды дайын­дау бағдарламасы бойынша оқыту ережелері бекітілді. Осылайша, елімізде медиация институтын енгізу және дамыту үшін нормативтік-құқықтық негіз қалыптастырылды. 

Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық медиа­торлар институтын қалыптас­тырып, дамытуға және әлеуметтік дау-жанжалдарды алдын ала реттеуге арналған кәсіби медиа­цияны дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 

Ассамблеяның жалпыреспуб­ликалық инклюзивті желісі дамуда. ҚХА Медиация кеңесі құрылған, Достық үйлері жанынан 17 кабинет ашылған, об­лыс­тарда 13 медиация кеңе­сі жұ­мыс істейді, аудандық, ауыл­­дық деңгейдегі қоғамдық келісім кабинеттерінің саны 1019 бірлікті құрайды. Оған сондай-ақ: ҚХА-ның 2207 Қоғамдық келісім кеңесі, ҚХА-ның 2141 Аналар кеңесі, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі, ҚХА-ның 16 өңірлік ғылыми-сараптамалық тобы кіреді. 

Бүгінде медиация институты белгілі бір оң нәтижелер көрсетуде. 

Медиация институтын дамыту перспективалары қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік­тің қазақстандық үлгісін жетіл­діру мәнмәтінінде, ел Пре­зи­денті бастамашы болған конс­­ти­ту­циялық реформалар бағ­дар­­­­ламасы шеңберіндегі демо­кра­­тия­ландыру, сондай-ақ Қазақ­­станды үшінші жаңғыр­ту мін­деттерін іске асыру шеңбе­рінде айқындалатын болады.

Алқалы жиынға қатысу­шыларды құттықтаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Ме­диа­ция тараптарды татуластырып, өнбес даудың өріс алуына жол бермейді. Елбасының бұл институтты әрі қарай дамыту ісін Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеп отырғандығы сондықтан. Ырысты ынтымақтан іздеген елі­міз қашанда бірлікті бекем­дей­тін қадамды ұстанған. Халық тарихындағы билер мен қазы­лар төрелі түйін жасап, ар мен намыстың қамын жеген. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласында көненің көзін­дей болған ұлттық құнды­лықтарды заман ағымына сай қайта түлетуді міндеттеген еді. Медиация – баяғы «Жеті жарғы­ның» бүгінгі жалғасы ретін­де халықтың байырғы мәмі­легершілік дәстүрін жалғастырып отыр. Дауласушы тараптарды өзара келісімге келтіріп, ортақ пайым жасауға жетелейді», деді. Республикалық жиын аясында ҚХА жанындағы Медиа­ция кеңесі мен Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігі, ҚХА жанынд­ағы Медиация кеңесі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы