• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2017

«Халықтық кеңсеге» келушілер көп

512 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласында тағы бір қанатқақты жоба тұрғындардың игілігіне қызмет ете бастады. Бұл – «Халықтық кеңсе» атауын иеленген ха­лық­қа қызмет көрсету орталығы. 

 Оның өзі тек­тес әлеуметтік мекемелерден өзгешелігі – аза­мат­тарға мемлекеттік қызметті сапалы әрі қол­же­тім­ді, қолайлы түрде көрсетуді мақсат тұтуы. Мұндағы жұмыс «бір терезе» қағидатына негізделген.Бірегей жоба «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында өмір­ге жол тартты.

Бұған тән басымдықтар ашықтық пен жария­лы­­лыққа арқа сүйеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қол­жетімділік пен ыңғайлылықты бірінші кезекке қою болып отыр.

«Халықтық кеңседе» тұрғындар мемлекеттік қызметті пайдалану үшін түрлі сатылардан өтіп әуре-сарсаңға түспейді. Өтініштерін берсе жеткілікті. Қалған істің бәрі өз жөнімен ретін тауып жүре береді. Өйткені мұндағы мамандар халықтың талап-тілектерін көп кешікпей тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. Қанатқақты жобаның «Халықтық кеңсе» атауының бір төркіні осындай болып шықты. Бұған дейінгі құқықтық қызметтер орталығы да алдағы кезде «Халықтық кеңсемен» қоян-қолтық жұмыс жасамақ.

Қызметтер тізбесін неғұрлым сапалы әрі жан-жақты көрсету үшін жаңа әлеуметтік құрылымға 20 ұйымның кеңесшілері мен мамандарын қатыстыру көзделген. Мұнда қызметтің 600-ден астам түрі көрсетілмек. Атап айтқанда, қыз­меттің ең негізгілерін жер қатынастары, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы, көлік және коммуника­ция, ауыл шаруашылығы, білім, кәсіпкерлікпен шұғылдану және құрылыс пен туризм салалары құрайды.

 Тұсауы кесілгеніне санаулы күндер бола тұрса да «Халықтық кеңсенің» қызметіне деген сұраныстар бірден өсіп сала берді. Бұл сөзімізге алғашқы күннің өзінде орталыққа мыңдаған адамдардың келгені айқын айғақ.

 

 Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

 АҚТӨБЕ