• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2017

Ғаділбек Шалахметовтің «Пятый сон» атты кітабының тұсаукесері өтті

507 рет
көрсетілді

Елордадағы академиялық кітапханада белгілі қоғам қайраткері, публицист, Ғаділбек Шалахметовтің «Пятый сон» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Кітапта Еділ өзені мен Орал таулары арасында созылып жатқан Каспий жағалауындағы оқиғалар сөз болады. Соңғы үш ғасырдың оқиғалары мен белгілі тұлғалар қамтылып, автор құндылықтар мен дәстүрлер туралы ой толғайды. Әсіресе, қазақ пен орыс арасындағы мәдени байланыстар мен достықтың ма­ңыздылығын нақты деректермен ашып көрсетеді. Кітаптағы негізгі желі қазақ ағартушысы, қайраткер, кезінде «Мақаш правитель» деген лақап есімге ие болған Мұхамеджан Бекмұхамедов пен орыс философы Н.Г.Чернышевский арасында болған әңгіме төңірегінде өрбиді. Олардың 1886 жылы Астраханьда кездескені тарихтан мәлім. Сол кездесуде қандай әңгіме айтылғаны қалың оқырманға беймәлім. Бірақ автор соған өзінің қисынды уәждері мен болжамдарын қосып, «Пятый сон» кітабын жарыққа шығарып отыр. Бұл арқылы досы, жазушы Сәтімжан Санбаев алдындағы парыз да өтелген сыңайлы. Бұлай дейтініміз, кітаптың таныстырылымы кезінде Ғаділ­бек Шалахметов марқұм Сәтім­жан Санбаевтың «Мақаш прави­тельдің» ұрпағы болғанын, ол туралы көркем шығарма жазуға ниет­тенгенімен, мақсатына же­те алмағанын әңгімеледі. «Ол кітапты ақыры жаза алмады. Бірақ біз олардың істерін әрі қарай жалғастыруымыз керек. Бұл – біздің парызымыз. Өзімді осы кітаптың жалғыз авторымын деп есептемеймін. Кітаптың ішіндегі барлық суреттер осы кітапханадан алынды. Сондықтан кітапта кітапхананың да үлесі бар»,  деді ол.

Шарада Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқали кітаптың үлкен тарауы «Мақаш правительге» арналғанын айта келіп, оның өз арманындағы кейіпкер екенін де жеткізді. «Шын мәнінде ол тарихтан өз орнын алған, ерекше айтылуы тиіс адам. Жеті атасынан бері би болған тұқым. Құнанбай секілді қарадан шығып, үлкен шен алған. Оның ағартушы екенін де білеміз. Кезінде қазақ өмірінен хабардар етіп, баспасөзге мақалалар да жазып отырған. Қызметтері үшін патшадан сый-сияпат та алған. Оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі де зор. Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет туралы он тоғызыншы ғасырда Мақаш жазған»,  деді ол.

Шарада ЕҰУ профессоры Сей­дахмет Құттықадам, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Еу­ра­зия ұлттық университеті, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, ақын Оңайгүл Тұржан, т.б. елге белгілі зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, кітаптың ерекшелігі туралы сөз етісті.

 

 

Айгүл СЕЙІЛ,

«Егемен Қазақстан»