«Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы» екенін айтқан Елбасы, ең алдымен, сот жүйесінің тәуелсіз жұмыс істеп, әділетті сот төрелігін қамтамасыз ету қажеттігін алға қойды.
Ал мұны жүзеге асыру үшін соттарға толыққанды жағдай жасалып, өркениетті елдердің озық тәжірибесін игеруде құқықтық, заңнамалық қолдау көрсетілді. Осылайша бүгінде ел соттары әділ шешім шығаруда ең тәуелсіз әрі жан-жақты қорғалған және толық қамтамасыз етілген орган болып табылады. Осыған орай біз сот реформасын жүзеге асыруда халықпен етене жұмыс істейтін аудандық соттардың ахуалын білу үшін Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының төрағасы Арман Ақылбайға жолығып, әңгімелескен едік.
– Арман Серікұлы Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот төрелігіне ерекше мән бергенін жақсы білесіз. Ендеше, сот жүйесінің ескі қағидалармен өмір сүрмей, жаңаша тыныстауына мүмкіндік беретін бұл шаралардың маңызы қандай болды деп ойлайсыз?
– Иә, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы сот жүйесіне қатысты айтылған міндеттер адамның нақты құқын қорғауға бағытталған мәні зор шаралар болып табылады. Мұнда кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндетінен кейін екінші бөлімде заңның үстемдігін қамтамасыз ету қадамдары қойылды. Онда он бір қадам тұтас сот жүйесінің жұмысын жақсартуға бағытталды. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, сот сатыларын оңтайландыру, алқа билер соты қолданатын салаларды кеңейту және т.б. қадамдар нақты заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Соған сай бүгінде сот жүйесі материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген, рухани жан-жақты қолдау тапқан құрылымға айналып, өз мәртебесіне сай жұмыс істеуде. Әрине, тәуелсіз мемлекетіміз де әлемдегі өркениетті елдермен иық тіресіп, халықаралық аренада үлкен беделге ие бола бастағаны сөзсіз. Оған Елбасының көшбасшылық бастамаларымен халқымызды жұмылдырған еңбегінің, қажырлы қайратының, сабырлылық пен төзімділігінің, халықтың бірлік пен ынтымағының арқасында қол жеткізіп келеміз.
– Сот жүйесінің жұмысын жақсартуда көптеген игі істердің қолға алынып жатқаны белгілі. Соның бірі ретінде өткен жылы қабылданған төрт бірдей жаңа кодексті атауға болады. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде сот жүйесінің темірқазығына айналған маңызы жоғары әділдік, ізгілік қағидасына бағытталған құжаттар дүниеге келуде. Соның бірі ретінде Елбасының бастамашылығымен қылмыстық құқық саласын ізгілендіру жолындағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі», «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі», «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі» деп мақтанышпен айтуға болады. Бұл кодекстер қылмыстық құқық саласын ізгілендіру идеясының негізінде қабылданған өте маңызды да ауқымды шара болып отыр. Сонымен қатар бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшудің де саяси-әлеуметтік маңызы ерекше екенін айта отырып, азаматтардың сот әділдігіне жүгінудің жолын жеңілдетуге деген талпыныс байқалатыны анық.
Бұл кодекстердің қабылдануы арқасында судьялардың да жауапкершілігі артып отыр. Өйткені судьяларды барынша іріктеп, оларға жоғары талап қоюдағы басты мақсат – олардың адамгершілігі мен адалдығын оятумен қатар, білімін, іскерлігін күшейту. Осы тұста ұлы Абайдың «Адам баласының жүректен аяулы жері бар ма?», «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған сөйлемейді...», «Биік мансап – биік жартас, Қиялап ұшып қыран да қонады, Бауырымен жорғалап жылан да шығады!» деген, даналық сөздері еріксіз ойға оралады. Демек бүгінгі қазыларымыз шын мәнінде, рухани тазалықтың, ар-ұят пен адалдықтың мызғымас тірегіне айналуға тиіс деген қағиданы мәңгілік ұранға айналдыру қажет.
– Судьялардың өз ісіне адал қарауы, халық алдында ант қабылдауы және өз мәртебесін қадірлеу сынды міндеттер уақыт пен қоғам талаптарынан туындап отырған жайт. Бұл орайда әр жылдары жетілдіріле, толықтырыла отырып қабылданған Ата Заңымыздың маңызы зор дейміз.
– Иә, біздің Конституциямыздың орны ерекше. Сонау 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Ата Заңымыз жаңа мемлекетті және оның қоғамдық құрылымын айқындаған тарихи құқықтық акт болды. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтары, олардың конституциялық міндеттері ерекше көрсетілген және ел көлемінде қолданылатын құқық нормалары адам құқықтары жөніндегі халықаралық қалыпқа негізделген маңызды құжат болып табылды. Онда өзара қарым-қатынас жүйесінде үйлесімдік тапқан биліктің тармақтары бекітілді. Соның ішінде сот жүйесінің құқықтық мәртебесі бөлек тараумен айқындалды. Демек, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ететін сот билік органы болып құрылып, барлық істер мен даулар әділдік таразысына тартылып, заң арқылы шешілетіндігі жария етілді.
Ал 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция сот билігін қалыптастыруда маңызды кезеңге жол ашты. Осы тұста Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары шықты. Оның негізі соттардың құрылымдық жүйесінің құрылуы және сот қызметінің базистік нормалары бекітілумен мазмұндалды. Сот жүйесінің тәуелсіз және дербес сот билігі ретінде қалыптасуына ықпал етті. Сөйтіп судьялардың ауыстырылмайтындығы мен оларға ешкімнің тиіспеушілігі, жергілікті сот судьяларын Президенттің тағайындауы, сондай-ақ сотты құрметтеу үшін жауапкершілік сияқты нормалармен қамтамасыз етілді.
Өзінің бағытын нақты ұстанған сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүргізілген тегеурінді сот реформасының аясында биік асуларды бағындырды. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл әркімнің құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне нұқсан келтiретiн немесе кез келген заңсыздықтардан сот арқылы қорғауға кепілдік беретін орган, яғни болмыс-тіршілікте адамзат әділдік іздейтін, оның ақ-қарасын айқындайтын алаң. Сондықтан да сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігін туындатты.
– Бүгінде соттардың дауласушы тараптарды татуластырудағы рөлі артып келеді. Осы орайда соттардың дауларды шешудегі баламалы тәсілдеріне тоқталып өтсеңіз?
– Елбасы 2009 жылы 19 қарашада өткен Судьялардың V cьезінде сөйлеген сөзінде, сот қызметін таразылай келе «Қазақстанда сот билігі үшін көп іс атқарылды. Халық судьялар корпусынан соттың заң мен әділдіктің әрқашан сенімді тірегі болатындай жұмыс істеуін талап етуге құқылы» деп атап көрсетті. Ал 2013 жылы Астана қаласында өткен Судьялардың VІ съезінде Президент сот саласының қол жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. Оның жұмысын оңтайландыру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Бұдан кейін сот дауларын шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиация туралы заңнаманы қолданысқа енгізу күн тәртібіне қойылды. Бұдан шығатын қорытынды, дау мұраты тараптарды бітістіру, олардың шиеленіскен мәселелерін бейбіт жолмен шешу болып табылады.
Бүгінде осы даңғыл жол жанданып, оның биік тұғыры нығая түсті. Оған сот жүйесінде өз жемісін берген реформалар дәлел. Нақты айтсақ, елімізде «Медиация туралы» заң, «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы», алқабилер соты және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі толағай табыстар шежіресі Тәуелсіздік жылнамасының маңызды бір бөлігі болып саналатыны айнымас ақиқат.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»