• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2017

Оңтүстікте жалған полицей қылмыс үстінде қолға түсті

286 рет
көрсетілді

Елбасы бір жиында ел аузында жүр­ген анекдотты айтқан. 

Мәнісі мынау. Айға орыс, қазақ және неміс көшіп барады. Неміс бара сала үй салуға кірісіп кетеді. Орыс мұжығы бау-бақша өсіреді. Ал, бірге келген қазақ ұшты-күйлі жоқ.

Күз болады. Орыс бау-бақша өнім­дерін, арақ-шарабын көтеріп, немістің үйі­не келеді. Үй жайлы. Жып-жылы ұядай.

– Сенде үй бар. Менде азық-түлік бар.­ Бірге тұрайық, – дейді орыс. Неміс ке­ліседі.

Екеуі ас іше бергенде есік ашылып, қазақ кіріп келеді.

– Сержант Пәленшеев. Қоныстарың құтты болсын. Танысып қоялық. Мен сен­дердің «учасковойларыңмын».

Мемлекет басшысы әзіл ретінде айт­қа­нымен, ұлы абыз Абай мінеген жал­қаулықтан арыла алмай жүргеніміз рас. Бәрі бірдей болмаса да үй, қора салып, бау-бақша өсіргенде қоңсы ағайындардың көмегіне жүгінетіндігіміз және рас.

Оңай жерден пайда тапқысы келген жалған полицей Шымкент қаласында да пайда болыпты. Үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай полиция офицерінің киімі, қолында құжаты бар, дүкенге кіріп кел­ген ол заң бұзушылық фактілерін айта бастайды. Зәресі кеткен дүкен қо­жайыны «айыппұлын» қолма-қол тө­леп жібереді. Дәніккен полицейдің ер­кінсігені сонша ақша, телефон алудан бө­лек, тоңазытқыштарды ашып қарап, қа­лағанын ала бастаған.

Күдік алған дүкен иелерінің бірі жалған полицейді әңгімеге тартып тұрып, облыстық ІІБ қызметкерлеріне хабар береді.

Қылмыс үстінде ұсталған ол қаладағы Абай аудандық полиция бекетінде қамау­да отыр.

Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізілуде.

Біреудің мүлкін бопсалау арқылы пайда тауып келген жалған полицей енді шын полицейлерге жауап беріп жатыр.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы