• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қазан, 2017

Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Шығыс Қазақстандағы күндері өтті

340 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Шығыс Қазақстандағы күндері өтті. «Барлығы жастар үшін» деген ұранды ту еткен қор өкілдері облыс орталығы Өскеменде бірнеше кездесу ұйымдастырды. Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев әуелі облыс әкімі Даниал Ахметовпен жүздесіп, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

 

«Шығысқа келудегі мақсатымыз – жастармен кездесу, оларды Тұңғыш Президент қорының жобаларымен және гранттарымен кеңінен таныстыру. Бізде жастарға арналған бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар өте көп. Осы бағдарламалар мен жобаларға шы­ғыс­қазақстандық жастар да белсенді түрде қа­тысса дейміз. Кейде жастардың жақсы идеялары бол­ға­ны­мен, қаржының жоқтығынан ол идея сол күйін­де қалып қояды. Ал бұл – идеяны іске асыруға бері­летін үлкен мүмкіндік», дейді ол.

Биыл қордың өкілдері Қарағанды, Шымкент, Көкшетау және Талдықорған қалаларында болып, талантты жастардың жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіпті. Шығыс Қазақстан облы­сынан 24 адам, яғни жас ғалымдар мен студенттер қор­дың грант иегері атаныпты. Өз кезегінде өңір бас­шысы Тұңғыш Президент қорының облысқа қатысты барлық жобалары мен бастамаларын қолдайтынын, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ кездесу барысында қордың атқарушы директоры Үржар ауданының балаларға арналған арнайы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығына интерактивті жаб­дық сатып алуы үшін 3,7 миллион теңгенің серти­фикатын облыс әкіміне табыс етті. «Бұл әрине, үлкен қуаныш. Біздің әлеуметтік меке­менің тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сон­дықтан да Қазақстан Респуб­ликасы Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы қорының басшылығына зор ал­ғы­сымызды айтамыз», дейді Үржар ауданының бала­ларға арналған арнайы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығының директоры Айжан Мұхамадиева.

Қор өкілдері бұдан кейін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық универ­ситетінде жоғары оқу орындарының студент­терімен кездесті. Қанат Жұмабаев қордың жастарға арналған бағдарламаларын қарапайым тілмен, нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Қордың қолдауының арқасында бүгінде көптеген қазақстандық жастардың әлемге әйгілі Букинг, Фейсбук секілді халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүргенін айтты. Жуықта қор жанынан ІТ-кеңес құрылыпты. «Елбасы биылғы Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жөнінде бекерден бекерге айтқан жоқ. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген сөзінің астарында терең мағына жатыр. Бүгінде әлемде не болып жатыр? Дүние жүзі жедел қарқынмен дамып барады. 5-10 жылда әлем адам танымастай өзгереді. Бұл өзгерістерге біз дайын болуымыз керек. Бүгінде дүние жүзіндегі ғылыми еңбектердің 90 пайызы ағылшын тілінде.

Латын қарпіне көшудің маңыздылығы да осында. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, талантты да талап­ты жастар ел ішінде елеусіз қалып қоймаса дей­міз. Елімізді алға сүйрейтін, мемлекеттің мерейін асы­ра­тын жақсы идея болса, біз қашанда қолдауға дайын­быз. Астанаға келіңіздер, әрқайсыларыңызбен жұмыс істеуге, үйретуге, көрсетуге әзірміз. Есігіміз әркез ашық», деді қордың атқарушы директоры. Тұңғыш Президент Елбасы Қорының жанындағы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров қордың жастарға қатысты бағдарламаларын жан-жақты түсіндіріп, студенттерді ІТ-жобаларға белсенді қатысуға шақырды. «Бүгінде дүние жүзінде сұранысқа ие мамандықтардың көпшілігі ІТ-техно­логияларға қатысты. Біздің қордың жобаларына осы университеттің студенттері де қатысып, грант иегері атанды. Сондықтан батыл болыңыздар. Біріншісінде болмаса, екіншісінде болады», деді ол.

Сонымен қатар бұл күні қордың сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі, «Қазақстанның алтын виолончелі» Ермек Құрманаев ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің ішекті аспаптар бөлімшесінің студенттеріне шебер­лік сабағын өткізіп, жас музыканттармен пікір алмасты. Тұңғыш Президент қорының Өскемен­дегі іс-шаралары Металлургтердің мәдениет сарайын­да белгілі баритондар Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыргөзов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Гаухар Тасбергенова, Татьяна Вицинская, Болат Есімхан мен Ермек Құр­манаевтың қатысуымен өткен концертпен түйін­делді. Еркін форматтағы концертте өнерпаздар ән айтумен қатар көрермендермен сұхбаттасуға да уақыт тауып, қордың көмегі арқылы бүгінгідей биікке қалай жеткендіктерін әңгімелеп берді. «Шығыс Қазақстан – менің жүрегіме өте ыстық. Өйткені менің әке-шешем осы жақтан.

Ал Тұңғыш Президент қоры туралы айтатын болсам, 2010 жылы Финляндияда өтетін байқауға бару үшін қорға тапсырыс беріп, грантын ұтып алған болатынмын. Сол байқаудан жүлделі орын алып келдім. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын осы қордың лауреаты атандым. Қазір өзім тәрбиелеп жатқан шәкірттерім де осы қордың стипендианттары атанып, классикалық музыка өнерін насихаттап жүр», дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Азамат Жылтыркөзов.

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан»ъ

ӨСКЕМЕН