Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Абайды алғаш таныған алаштықтар еді. Оның тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазған Әлихан Бөкейханов болатын. Абайдың қазақтың бас ақыны екенін әдебиет теориясы тұрғысынан дәлелдеген Ахмет Байтұрсынов еді.
Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының, ұлттық қайта өрлеу дәуірінің, оның рухани жаңғыруының басында тұрсыз! Соның айқын дәлеліндей, қаламызда Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған іс-шаралар үлкен қарқынмен атқарылуда. Қаламыз қайтадан жасарып, жаңғыру үстінде, ондаған көшеге жаңадан ұзындығы 24 шақырымдық асфальт төселіп, бүкіл Ертістің оң жағалауы адам танымастай өзгеруде, болашақта бұл маңда тағы да балалар алаңы салынып, кіші кинозал құрылысы бой көтермек. «Қарағайлы» шағын ауданында бой көтеруге тиіс отыз биік үйдің үшеуінің құрылысы басталып та кетті. Семей әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде, ол болашақта халықаралық стандартқа сай «Боинг-777» сияқты ірі лайнерлерді қабылдайтын болады.
Өткен оқу жылында қаламызда бірнеше мектеп пен балалар бақшасы салынып, Назарбаев зияткерлік мектебі жаңа ғимаратқа кірсе, сан мыңдаған метр жылу құбырлары үнемі тоңып отыратын семейліктердің бойын ғана емес, жүректерін де жылытты, ірі «Абай Арена» спорт кешенінің салынуы, Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылуы – осының бәрі көңіл қуантады, қала жұртшылығының болашаққа сенімін арттырады. Көп жылдан бері қаланың бюджеті мұндай қомақты болып көрмеген де шығар!
Осы хат арқылы Сіздің біздің өңірге, біздің қаламызға, Абай еліне деген ықылас-пейіліңіздің ерекше екендігіне алғыс сезімімізді білдіргіміз келеді және «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» демекші, Сіз жіберген іскер басшы – облыс әкімі Даниял Ахметовке риза екенімізді айтқымыз келеді.
Бүгінде төрткүл дүниенің назары – Астанада және Сізде!
Семейлік ақын Құсмілия Сіз туралы: Ұлтқа қиын кезеңде, Ту ұстаған кемелім Жүз ұлыстың тізгінін, Тең ұстаған кемелім. Телісі мен тентегін, Кең ұстаған кемелім. Аяғынан шалса да, Жағасынан алса да, Алыспаған кемелім. Өркениет өріне, Қарыштаған кемелім. Бар ғұмырын халқына. Бағыштаған кемелім! – деп жырлағандай, Семей халқы Сіздің төңірегіңізге бұрынғыдан да топтаса түсті деп айтсақ артық болмас дейміз! Тәуелсіздіктің туын өзіңіз көтерген егемен еліміздің рухы биік, жұлдызы жоғары болсын!
Алғыс сезімімен Семей халқының атынан: Нәсен СЕМБАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Хафиз МАТАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Анатолий ЕРЕМЕНКО, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Әзімхан СӘДУАҚАСОВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Дүйсенбай ҚОШҚАРБЕКОВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Төкен ИБРАГИМОВ, Семей қаласының құрметті азаматы, абайтанушы; Арап ЕСПЕНБЕТОВ, филология ғылымдарының докторы; Айнұр МАУСЫМБАЕВА, Семей қалалық мәслихатының депутаты; Вера КРОПАЧЕВА, журналист; Жанна ЖИБРАЕВА, Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы; Амантай ДОҒАЛАҚОВ, Семей қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы; Мұхтарбек КӘРІМОВ, тарих ғылымдарының кандидаты; Омарбек БАЙУАҚОВ, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы; Жанат МОЛДАҒАЛИЕВА, дәрігер, Семей қалалық мәслихатының депутаты.