Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне Үндеуі
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесінің құрметіне қазақстандық диқандар рекордтық астық өнімін жинады. Отанымыздың қамбасына 29 миллион тоннадан астам дәнді дақыл, соның ішінде 24 миллион тонна алтын дән құйылды. Астық жинау әлі де жалғасуда.
Қазірдің өзінде рекордтық астық түсімі Кеңес Одағы кезеңіндегі көрсеткіштен асып түсті. Егер сол кездері астықтың түсімі гектарына 15,4 центнерден айналса, бүгінде бұл көрсеткіш гектарына 18 центнерден жоғары болуда.
Рекордтық астық өніміне еліміздің басты астықты өңірлерінің еңбеккерлері үлкен үлес қосты: Қостанай облысында гектарына 20,2 центнерден 8,7 млн. тонна, Солтүстік Қазақстан облысында 8,7 млн. тонна (гектарына 22,4 ц.,) және Ақмола облысында 7,1 млн. тонна (гектарына 16,7 ц.,) астық жиналды.
Бұл – Тың игеру кезінен бергі астық өніміндегі ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Егін орағының облыстардың өз күштерімен жүргізілуі де ерекше маңызды жәйт.
Астықтың 90 пайызының сапасы 1-3 сыныпты деңгейдегі әлемдік стандарттар бойынша бағаланады. Бұл Қазақстанның әлемдік астық рыногында бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалуына мүмкіндіктер береді.
Бүгінгі табысымыз – қазақстандық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жанкешті еңбегі мен Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған сындарлы мемлекеттік саясаттың нәтижесі.
Рекордтық астық өнімін алу қазақстандық аграрлық сектордың дамуының жоғары серпінін көрсетеді. Соңғы 10 жылда бұл саладағы жалпы өнім көлемі 3,5 есе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 есе өсті, ал ұн экспорты бойынша Қазақстан бүгінде төрт жыл қатарынан әлемде көшбасшылық орынды ұстап келеді.
Мен қазақстандық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін еңбектегі жаңа жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға игілік және өркендеу тілеймін!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.