Еліміздің еңбек рыногында кәсіби жұмысшы мамандардың тапшы болып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды.
ҮИИД бағдарламасы бойынша елімізде озық технологияларға негізделген бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылды. Міне, осыған байланысты сол заманауи өндіріс орындарында жұмыс істейтін өзіміздің білікті жұмысшы кадрларының жоқтығы анық көрінді.
Жергілікті жастардың осы зауыт-фабрикаларға келіп жұмысқа орналасуы үшін қажетті мүмкіндіктер жасалмаған. Олар біліктілігі жоғары кәсіби жұмысшы мамандығын игергеннен гөрі қара базарлардағы жүк таситын ауыр жұмысқа жегілгенді оңай көреді. Еліміздегі кәсіптік-техникалық білім саласының экономикалық өмірден сырт қалуы, еңбек рыногы мен кәсіптік оқу жүйесі арасындағы байланыстың үзілуі, жұмысшы мамандарын даярлаушылар мен жұмыс берушілер арасында бір мақсат жолындағы ортақ келісімнің болмауы осындай келеңсіздіктерге жол беріп, уақыт талабына сай техникалық бейімі жоғары кәсіби жұмысшылар даярлауды тығырыққа тіреді.
Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын», деп атап көрсетті. Сөйтіп елімізде тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін енгізу аясында еңбек рыногына қажетті жұмысшы кадрларды даярлаудың үлесін арттыруда бетбұрыс басталды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты мақсаты еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, олардың біліктілігін шыңдауға бағытталған шараларды іс-жүзіне асыру болып табылады.
Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылы іс жүзіне асырыла бастаған жоба екі бағыт бойынша қолға алынды. Бірінші – жұмысшы мамандығын игеруге ниет білдіргендердің барлығының өтінішін қанағаттандыру үшін жергілікті бюджеттер есебінен оқыту. Бұған қызмет көрсету саласының, ауыл шаруашылығына техникалық және технологиялық қызмет көрсету салаларының мамандарын даярлау кіреді. Биылғы жылы осы бағытта мемлекеттік тапсырыс бойынша 79,5 мың адам кәсіптік білім беру орындарына қабылданды. Екінші бағыт бойынша республикалық бюджет есебінен 2017-2021 жылдар аралығында жұмыспен қамтуды және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде кәсіптік оқыту жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл орайда, техникалық және білікті кәсіби жұмысшылар даярлауға басымдық беріледі.
Осы уақытқа дейін біздің кәсіптік-техникалық білім беру колледждері 80 пайыз орта дәрежедегі маман кадрлар және 20 пайыз кәсіби жұмысшы мамандарын даярлаумен айналысып келген. Биылғы жылы бағдарлама аясында бұл мәселені түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Егер бұрын студенттер колледждерде 2 жыл 10 ай оқып, бір ғана мамандық алып шығатын болса, енді осы мерзімде үш мамандық бойынша кәсіби жұмысшы дәрежесін меңгеріп шығады. Енді еліміздің еңбек рыногы бірнеше мамандықты игере алатын кәсіби жұмысшылармен толығатын болады. Бұл кәсіби техникалық білім беру саласында модульдік оқыту бағдарламасын енгізудің арқасында мүмкін болды. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының бағдарламалары жұмыс берушілердің келісімімен және олардың талаптарын ескере отырып жасалатын болады. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы, ол еліміздің барлық өңірлерінің шалғай елді мекендеріндегі жастарды молынан қамтуға бағытталған. Осыған байланысты республика бойынша 1855 мобильдік топ құрылды.
Оның құрамына колледждердің оқытушылары, ауылдық әкімдіктердің өкілдері, учаскелік инспекторлар және жастар ұйымының өкілдері кіреді. Олар шалғай елді мекендерді аралап, мамандығы жоқ жұмыссыз жастарды оқуға тартады. Осы шараның арқасында үстіміздегі жылы 24,8 мың адам кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне тартылды.
Бағдарлама бойынша сұранысы жоғары болашақтың мамандықтарына да басымдық берілуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында 7 жаңа мамандықты оқыту басталды. Алдағы уақытта Қарағанды облысында бұрын еңбек рыногында белгісіз болып келген 15 жаңа мамандық бойынша кадрлар даярлау қолға алынбақ. Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие болып отырған мамандықтың бірі мехатроника болып табылады. Озық технологиялар көптеп қолданысқа енгізіле бастаған экономикамыз интеллектуалды мамандарды көптеп қажет ете бастады. Ертеңгі интеллектуалды болашақ мамандығының негізі тұғыры – жан-жақты сапалы білім. Елімізде биылғы жылдан бастап кеңінен қолға алынған баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім бағдарламасының да басты ұстанымы білімді де білікті жұмысшы мамандарын даярлау болып табылады.