Ағымдағы жылы өңірде 654,8 гектарға қарқынды алма бауы отырғызылса, қарқынды баудың жалпы көлемі 2 800 гектарға жетіп отыр. Алма өсіру – Оңтүстікте ауыл шаруашылығының басымды бағыттарының бірі. Өңірдің табиғаты қолайлы болғандықтан алма облыстың кез келген ауданында өседі. Дегенмен бұл шаруашылықпен айналысуды Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Сарығаш, Ордабасы және Бәйдібек ауданының шаруалары мықтап қолға алған.
Жалпы аймақта алма өсірумен айналысатын 100-ге жуық шаруа қожалықтары бар. Соның ішінде «Амангелді» ЖШС-гі ең ірісі саналады. Аталған серіктестік иелігінде бүгінде 530 гектар алма бауы бар. Ал, «Арсенал сад” ЖШС-гі 304 гектар жерде өз бауын жайқалтып отыр. Оңтүстік Қазақстанда өсірілген алма жемісі негізінен Қазақстанның өзге облыстарымен қатар Ресей мен Өзбекстанға экспортталады.
Қалыпты алма баудың әр гектарынан 20-30 тонна өнім алынса, қарқынды баудан 40-50 тоннаға дейін өнім жинауға болады. Сондықтан мемлекет қарқынды баумен айналысам дегендерге қолдау көрсетуде. Мәселен, қарқынды баудың әр гектарына сапасына қарай 1 миллионнан 2,8 млн ға дейін субсидия беріледі. Сондай-ақ, отырғызылған жемістің әрбір көшетіне 135 теңге субсидия қаралған. Ал, жай баудан тек алманың апорт сұрыпына субсидия беріледі. Оның да өзіндік талаптары бар. Мұндай бау теңіз дегейінен 900 метр биіктікте, сонымен қатар егіс көлемі 5 гектардан кем болмауы тиіс. Ал оның әр гектарына 549 мың теңгеден бастап субсидия алуға болады.
Бүгінгі күнде облыс бойынша жалпы жеміс-жидектің егіс көлемі 14,4 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылы 108 мың тонна жеміс (2016 ж - 91.3 мың тн) жиналған.