Құрылғанына ширек ғасыр толған Түпқараған ауданының орталығы – Форт-Шевченко қаласы. Аудан құрамына аталмыш қаладан басқа, Баутин, Қызылөзен, Таушық, Ақшұқыр ауылдары және Сайын Шапағатов ауылдық округтері кіреді.
Соңғы 10 жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жылдан жылға жоғарылап келеді. Барлық елдімекендер көгілдір отынмен қамтылған. Бүгінгі таңда ауыз су және кәріз су құбыры құрылыстары жүргізілуде. Барлық елдімекенде мектеп, балабақша, мәдениет үйлері жұмыс істейді.
Бүгін облыс әкімі аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтады. Ол алдымен Форт-Шевченко қаласындағы «Мәдениет үйі» мемлекеттік кәсіпорны жұмысымен танысты. Орталықтың сыйымдылығы 255 адам. Мұнда 37 адам жұмыс істейді.
-Жалпы ауданның өсу қарқыны жаман емес. Соңғы бір жылдың ішінде 70-ке жуық арнайы шағын және орта бизнес орындары, 100-ден аса жаңа жұмыс орыны ашылды. Бұл бір аудан үшін аз көрсеткіш емес. Мұның барлығы облысымызға тікелей әсерін тигізеді. Орта және шағын бизнестің айналасында көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек. Осыған байланысты аудан әкіміне де тиісті тапсырма берілді. Ол менің тапсырмам емес, ол Елбасының алдымызға қойып отырған тапсырмалары, деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Мерекелік салтанатты жиыннан кейін өңір басшысы «Дарын» аудандық қосымша білім орталығына барды. Білім беру мекемесі 2011 жылы ашылған. Қазір мұнда 45 қызметші еңбек етеді. Орталықтың сыйымдылығы 62 орындық. Білім ордасының мақсаты - оқушылар мен жасөспірімдердің сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану. 2017-2018 жылдарға дейін 600 баланы қосымша біліммен қамтуды жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, қонақтарға «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Түпқараған аудандық жобалық офисі таныстырылды. Қазір ауданда 4 кіші бағдарламадан тұратын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық жұмыс тобы, Жобалық топ пен хатшылық құрамы бекітілді. Аталған топқа өңірдің зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, БАҚ өкілдері енгізілді. Сондай-ақ, Түпқараған ауданы бойынша «Рухани жаңғыру» аудандық жобалық офисі құрылып, бүгінгі күні аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізуде.
Аудан орталығында мерекеге арналған шеру ұйымдастырылды. Оған аудан ардагерлері, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, құқық қорғау саласында ұлттық қауіпсіздік комитеті, аудандық прокуратура, аудандық сот, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, аурухана, білім бөлімінің қызметкерлері, ауданның қуатын бейнелейтін өндірістік мекемелер, спортшылар, аудандық «Тұлпар» әскери-патриоттық клубы, ауданның белсенді жастары және мектеп оқушылары қатысты. Шеру соңы концерттік бағдарламамаен жалғасты. Мерекелік концерттен кейін ат шабыс алаңында «Аламан бәйге» ұйымдастырылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы