Ақтауда «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасының шеңберінде Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов «South Caspian Operating Company» компаниясының төрағалары Рао Есвара және Бехара Санкар Бхагаватхимен өңірдің экономикасын дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«South Operating Company» компаниясы Қазақстан Республикасының аумағында жобалау, құрылыс және өндіру жұмыстарымен айналысады.
Тараптар Ақтау және Атырау қалаларында қолданыстағы мұнай-химия зауыттарында қосалқы қондырғыларды пайдалану және оларға қызмет көрсету туралы шарт жасасты.
Шетелдік компания Маңғыстау жерінде темір металдан болат арматурасын өндіру үшін тәулігіне 400 тонна қуаттылықты құрайтын болат балқыту зауыты, темір рудадан жасалған болат бланкілерді өндіру үшін тәулігіне 400-500 тонна қуаты бар металлургиялық зауыт, ішкі тұтыну үшін бидайдан күніне 400 метрлік тонна крахмал өндіру зауыты, тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтыну үшін тәулігіне 500-50 000 текше метрді құрайтын тұзсыздандыру қондырғысы, 100-200 МВт қуаты бар күн электр станциясы мен мұнай-газ және басқа салалар үшін технологиялық азық-түлік жабдығы, үлкен құрылымдарды, мұнай сақтау қоймалары мен мұнай-газ өнеркәсібі үшін қажетті өзге де өнеркәсіп өнімдерін өндіруге арналған болат өнімдерін өндіруге арналған қондырғылар, сондай-ақ 100-ден 200 МВт дейін газ электр станциясын салу, автомобиль өнеркәсібі үшін аккумуляторлық зауыт салу және Кендірлі курорттық аймағының жобасы (әуежайдың, тұрғын алабының және туристік аймақтың құрылысы) секілді бірнеше жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Кездесу барысында аймақ басшысы Е.Тоғжанов бағдарламаны жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге екі жақтың да күш-жігер салатынына сенім білдірді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы