«Киношок-2011» фестивалінен олжалы оралды
Режиссерлер Сәбит Құрманбековтің «Кешіккен махаббат» және Әділхан Ержановтың «Риэлтор» атты фильмдері Анапада өткен «Киношок-2011» фестивалінде қазылар алқасының арнаулы жүлдесін жеңіп алды.
Оны бізге «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі қуана хабарлаған. Айтқандай, басты рөлдерді Жерар Депардье, Наталья Арынбасарова, Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетовтер сомдаған «Кешіккен махаббат» картинасы – «Жиде» деп те аталады. Наталья Арынбасарова ойнайтын кейіпкердің аты – Жиде.
Ал Ресейде өткізілетін «Киношок» фестивалі 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Бүгінде ол Ресейдегі ең ірі кинофестивальдердің бірі.
Бір айта кететін жайт, «Киношок-2011» фестивалінің «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесіне Нұржұман Ықтымбаев, ал «Ең үздік әйел адам рөлі» жүлдесіне Наталья Арынбасарова ие болды. Кинофестивальдердің тарихында болсын, кинематографияда болсын бұл салмағы бар марапаттар.
Әйгілі француз актері Жерар Депардьенің қатысуымен түсірілген бұл фильм шынында да жүрекке жылы тиетін – тамаша фильм. Кеудесінде жаны тұрғанда әрбір адам өз бақыты үшін күресумен, сол бақытты күтумен өмірі өтеді. Ал енді біреулердің күтпеген жерден арманы орындалып, бағы ашылады. «Кешіккен махаббат» дәл осындай картина. Француз актері «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында қазақ киносына түсу өзіне аса ұнағанын айтып: «Бұл фильмде шындық пен өмір бар. Фильмді түсіру барысында қазақ актерлеріне бауыр басып кеттім. Мұндай фильмге қатысу үлкен тәуекелді қажет етеді. Себебі, мұнда ешқандай коммерциялық мүдде болған жоқ. Мені фильмнің адами жағы қызықтырды», – деген болатын.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
–––––––––––––––––
Суреттерде: «Риэлтор» фильмінің режиссері Әділхан Ержанов; продюссер Серік Әбішев.