Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүшесі ретінде ротация қағидаты бойынша аталған құрылымға алдағы уақытта төрағалық ете алады. Бұл Қазақстанның әлем тағдырына ықпал ететін мемлекеттер қатарында жаһандық мәселелерге қатысты өз сөзін айта алатын елге айналғанын білдіреді.
Қауіпсіздік Кеңесі әлемге қауіп төндіретін қандай мәселе болсын ашық талқылайды. Кеңестің 15 мүшесінің 9-ы «иә» десе мәселе шешіледі. Ол өз ұсынысымен заңды түрде экономикалық санкциялар, қарулы күш қолдану туралы шешімдер шығарады. Әрине ҚК-нің тұрақты мүшелері АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция ұйымдағы негізгі ойыншылар. Олар қандай мәселе болсын вето жасау құқығына ие. Алайда екі жылға сайланатын ҚК-нің тұрақты емес 10 мүшесі де бейбітшілік пен соғыс мәселелеріне қатысты өз позициясын қорғай алады.
Жалпы, ҚК БҰҰ-ның түрлі дискуссиялық алаңдары шеңберінде күрделі де қайшылықты мәселелерді келіссөздермен, консенсусқа келу арқылы шешуді мақсат етеді. Мемлекеттер арасындағы, халықтар арасындағы жанжалдарды қантөгіске айналдырмау ҚК үшін ең маңызды міндет болып саналады. Даулы құбылыстар тым асқына берсе, БҰҰ ҚК шешімімен бейбітшілікті қорғаушы әскери күштерді қолдана алады. Мәселен, БҰҰ-ның бітімгершілік күштері 1950 жылы Корей соғысында түңғыш рет пайдаланылды. Одан кейін БҰҰ-ның «көгілдір каскалары» деп аталған әскерлері Сомалиде, Югославияда, Руандада, Конгода, Иракта, Либериада және Сирияда бейбітшілікке жету мақсаттары үшін қолданылды.
Қазақстан бейбітшілікті қорғау бағытындағы жүрісінен жаңылған емес. Басқаны былай қойғанда, тек кейінгі жылдардың өзінде Қазақстан Ресей мен Түркияның арасында орын алған қайшылықты реттеуде шешуші қызмет атқарды. Сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелердің оңтайлы шешілуіне біздің еліміз барынша атсалысты. Сирия дағдарысын реттеуге байланысты Астанада бірнеше мәрте келіссөздер жүргізілді. Әлем «Астана процесі» деп атаған бұл бейбіт келіссөздердің Сириядағы күрделі қайшылықты шешуге үлкен позитивті ықпал жасағанын мойындады.
Сонымен қатар Қазақстан Ауғанстандағы ұзақ жылдарға созылған саяси, әлеуметтік дағдарысты шешудің тиімді жолдарын ұсынуда. Біздің еліміз Ауғанстан аумағының әлемдік есірткі трафигінің орталығы болуын өте қауіпті құбылыс ретінде қарастырады. Сондықтан Ауғанстанның экономикасын көтеруге дамыған мемлекеттер көмектескені абзал. Ол үшін Ауғанстан жастарын түрлі мамандықтарға оқытуға жағдай жасалуы пайдалы болмақ. Қазақстан өз каржысына жүздеген ауған жастарын жоғары оқу орындарында оқыта бастады. Бүгінде осы елдің экономикасын дамытатын инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер Қазақстанда дайындалуда.
Қазақстан ислам әлемі дамуының мәселелерін ИЫҰ-ның шеңберінде халықаралық дәрежеге көтеруді көздейді. Бүгінде ислам әлемінің инновация, ғылым, технология салалары бойынша артта қалуы байқалады. Осы орайда Қазақстанда өткен «жасыл энергетика» тақырыбындағы ЭКСПО көрмесі мұсылман әлеміне үлгі бола алады.
Осы арада айта кетейік, ислам халықтарының беделіне нұсқан келтіріп отырған исламдық радикализм, исламдық терроризм құбылыстарының асыл дінімізге ешқандай қатысы жоқ екендігін Қазақстан өз үлгісімен әлемдік қоғамдастық алдында дәлелдеп келеді. Оның айғағын Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінен көруге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дін лидерлері Астанада бас қосып, жер шарындағы діни татулықты, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолдарын талқылауды дәстүрге айналдырды.
Қазақстан БҰҰ-ның қызметін уақыт талабына сай жетілдіру жолдарын да ұсынуда. Бұдан бөлек, Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауына ие болды.
Айта кетейік, Қазақстан БҰҰ ҚК-ге төрағалықты 2018 жылдық қаңтарында бастайды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа ядролық қаруды таратуды шектеу, халықаралық терроризмге қарсы күресті өрістету, кедейшілік пен экологиялық сауықтыру, т. б. ірі жаһандық мәселелер жөнінде ұсыныстар бермек. Сонымен қатар Қазақстан тарапы БҰҰ мен ҚК қызметін жандандырып, жаңа деңгейге көтеру арқылы әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейтуге болады деп есептейді.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор