• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қазан, 2017

Әлемдік стандартқа сай болу – заман талабы

435 рет
көрсетілді

Мектеп қабырғасында алған алғашқы білім негіздері болашақ үлкен өмірдің тұсбағдары болып қалмақ. Дегенмен, оның ішінен математика, физика секілді нақты ғылымдар ерекше атап өтуге тұрарлық. 

Адамзаттың дамуына дүмпу берген өнеркәсіптің, технологияның дамуы бірінші кезекте осындай нақты ғылымдардағы жаңалықтардың арқасында жүзеге асуда. Қазіргі ақпараттық технологиялардың өркендеу дәуірінде де математика мен физика, компьютерлік ғылымдарға арқа сүйемейтін сала қалмады деп айта аламыз. Демек, орта білім саласындағы осы пәндерді оқытудың жаңа үлгілерін енгізу – заман талабы.

Осы ретте есепке жүйрік дарынды балаларға арналған Респуб­ликалық физика-математика мек­те­­бінің тәжірибесімен бөлісуді жөн көрдік.  Биыл іргесінің қаланғанына 45 жыл толып отырған Республикалық физика-математика мектебі кезекті мерейтойын білім берудегі өте жоғары көрсеткіштермен, елең еткізерлік жаңалықтармен қарсы алуда. Үстіміздегі жылы дәстүрге айнал­ған мамандандырылған мек­тептің оқу­шылары арасындағы физика, математика және инфор­матика пәндері бойынша халық­аралық Жәутіков олимпиадасы РФММ қабырғасында 13 мәрте жалауын көтерді. Әлемдегі үздік арнайы мектептердің арасында өтетін білім бә­се­кесіне Че­хия, Бол­гария, Сербия, Ру­мыния, Түркия, Үндістан, Индонезия, Моң­ғолия секілді әлемнің 22 елінен жыл сайын 60-тан астам команда қатысты. 

Сәт сайын жаңарып жатқан әлемде білім беру саласы әрдайым жаңа талапқа сай болуы тиіс. Бұл білім беру үдерісінде соны бет­бұрыс, жаңаша ойлауды қа­жет етеді. Осыған орай 2015 жылы Үкімет қаулысымен мектеп қайта құрылымдаудан өтіп, «Рес­публикалық физика-математика» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып өзгерді. 

Сонымен аталған өзгеріс мектеп бас­­­шылығына және ұжымына физмат мектебіне қандай жаңа­лық әкелді? Ең алдымен, бұрын мемлекеттік мекеме болған мек­теп­тің құқықтық мәртебесі, құ­ры­лымы, қызметтік лауазымдары өзгерді. Коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде мектептің Білім және ғылым ми­нис­трлігі және «Назарбаев зият­керлік мектептері» АҚ секілді тең үлестегі қос акционері пайда болды. Бұл жоғары органнан кейін мектептің стратегиялық басқаруын жүзеге асыратын орган – директорлар кеңесі құрылды. Директорлар кеңесінің құрамына Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру коми­теті, Білім және ғылым минис­трлігі, «Назарбаев зияткерлік мек­тебі» АҚ өкілдерінен бөлек тәуелсіз директорлар кірді. Ал мек­тептің атқарушы басшылығы басқарма ретінде өзгерді. Бұл өзгерістер заман талабына сай РФММ-нің жаңа даму стратегиясын жүзеге асыруға серпін берді. 

РФММ былтыр өз тарихындағы тұң­ғыш филиалын Астана қала­сында ашты. Заманауи мектеп ғимараты ең соңғы үлгі­дегі оқу құрал­дарымен жабдықталды. Ком­­мерциялық емес акционерлік қоғам бол­ғандықтан, мектептің тыныс-тіршілігін арнайы сай­лан­ған директорлар кеңесі ба­қылайды. Директорлар кеңесі өз кезегінде мектеп басқармасын тағайындайды. Әлемдік білім жүйесіндегі жаңаша басқару үлгі­сін еліміздегі ең үздік мектептің біріне енгізу, оқу орнын әлемдегі білім беру жүйесінің ең жоғарғы стандарттарына сай қылуға жағдай туғызады.

Түлектердің бастамасымен қоғамдық бірлестік ретінде құ­рылған Қамқоршылар кеңесі мектептегі соны өзгерістерге белсене атсалысады. Қамқоршылар кеңесінің мұрындық болуымен биыл Қазақстандағы орта мектептердің тарихында тұңғыш рет Эндаумент қоры құрылды. Мақсат – мектеп түлектерінің демеу­шілік есебіндегі қаржы­сын оңды-солды шашпай, қорға жинақтап, одан түсетін инвес­тициялық табысты бірінші кезекте олимпиадалық қозғалысты қол­дауға, дарынды оқушыларға бөлінетін гранттарды көбейтуге, мектептің инфра­құрылымын жақсартуға және ең бас­тысы, ұс­таздарды қолдауға жұмсау. 

Биылдың өзінде қордағы қаржыдан жиналған инвес­тиция­лық табысқа мектепте жаңадан жабдықталған математикалық сынып ашылды. Алдағы уақытта да қордың бар табысы мектептің мұқтажына, оқушылар мен ұстаз­­дарға қолдау көрсетуге жұм­салады. Дегенмен, ең бастысы, қордың көмегімен мемлекеттің үлесі бар орта мектеп әлемнің үздік жекеменшік оқу орындарымен терезесі тең түрде бәсекелес білім ордасына айналады. Осы бағытта алғашқы қадамдар жасалып та жатыр. Биылдан бас­тап РФММ жаңа эксперименталды оқу бағдарламасына көшті. Бұл бойынша 8-11 сыныптарда «Компьютерлік бағдарлама жазу», 10-11 сыныптар үшін таңдау ретінде «Эксперименталды физика», «Эксперименталды химия», және «Эксперименталды биология» пәндері енгізілді. Математика, физика және ағылшын тілін оқыту сағаттары ұлғайды. Жоғары сыныптарда «Физика», «Инфор­матика», «Биология» және «Компью­терлік бағдарлама жазу» пәндері ағыл­шын тілінде оқытыла бастады. Оның сыртында балаларды жобалау-зерттеу істеріне баулитын STEM-курстары, инжиниринг, роботты техника, модельдеу сияқты жаңа курстар ашылды. Жоғары сынып оқушыларын IELTS, TOEFL, SAT, NUFYP секілді халықаралық емтихандарға дайындау үдерісі жалғасуда. Былтыр мектеп STEM мектептердің халықаралық кон­сорциумына мүше болды. Оқы­тудың осындай халықаралық бағдарламасына қатысу арқылы РФММ өзінің арнайы оқу бағ­дарламасын әзірледі, оны одан әрі Қазақстандағы арнайы мектептерге таратуды көздейді. Яғни РФММ академиялық білім берумен бірге оқушыларды білімін нақты өмірде қолдана алуға бау­литын қолданбалы білім беру тәжірибесін болашақта еліміздің әр өңіріндегі мектептерге таратуды мақсат етеді. Игі ниет жүзеге асып жатса аймақтардағы білім деңгейін біршама көтеруге және Алматы мен Астана секілді ірі қалалардағы арнайы мектептердің деңгейіне жетеғабыл етуге жағдай жасайды деген үміт бар. Өз кезегінде РФММ әр аймақтағы математика мен физикаға алғыр балаларды тауып, олардың арасынан үздіктерін іріктеуге мүмкіндік алады. Бұл бағытта РФММ басшылығы былтырдан бастап еліміздің әр өңіріне көшпелі қабылдау комиссиясын жолдау дәстүрін қайта қолға алды. 

Мерейтой қарсаңында биыл РФММ-нің Алматы және Астана мектептерінде елімізде тұңғыш рет оқушыларды ком­пьютерлік бағдарлама жазуға үйрететін «Яндекс. Лицей» жобасы жүзеге асты. Бұл үшін РФММ-нің информатика пәні мұғалімдерінің арасында іріктеу өтіп, таңдаулы 2 маман мектеп қаржысының есебінен Мәскеуде «Яндекс. Лицей» жобасы бойынша дәріс тыңдап қайтты. 

Қазақстандағы орта білім беру жүйе­сіндегі көшбасшы мектептің бірінде қолға алынған осындай игі бастамалар болашақта тәлімді тәжірибе ретінде өзге мектептерге тарап жатса, Қазақстанның орта білім жүйесіне біршама оң өзгерістер еніп, ел мектептерінің дең­гейін бір саты көтерер еді деп санаймыз.

Ербол БАЕКОВ, «Республикалық  физика- математика мектебі» АҚ басқарма төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты