Павлодардан елордаға дейінгі төрт жолақты, 1А санатына жататын автобанның 191 шақырымы – Павлодар облысының, өзгесі Ақмола өңірінің аумағында орналасқан. Сағатына 140 шақырымға дейін жүйткітуге болатын жаңа стандарттағы жолдың арқасында бас қалаға дейінгі уақыт бұрынғыға қарағанда қысқарды, жеңіл көлікпен небәрі 3-3,5 сағатта жетіп барасыз. Өкінішке қарай, осы екі аралықта жолаушыларға қолайсыздық туғызатын кемшілік жетерлік.
Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігі халықаралық және республикалық маңызы бар барлық автокөлік жолында қысқы кезеңге ғана жылдамдық режімін төмендету туралы шешім қабылдағаны мәлім. Оның аясында Астана – Павлодар автожолында жылдамдық режімі сағатына 140 шақырымнан 110 шақырымға дейін төмендетіліп, 30 наурызға дейін күшінде сақталып келді. Дей тұрғанмен өзгеріс күткендегідей нәтиже бермегені байқалды. Керісінше, аталған жол бойында жол-көлік апаттары жиілей түскен.
– Биылғы қыс айларында Астана – Павлодар автожолында 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Автобан ақылы. Оның ішінде 24 шақырымы (230–254 шақырым аралығы) бөлігі пайдалануға берілмегендіктен, ақы алынбайды. Тәулігіне шамамен 5 мыңдай автокөлік жүріп өтеді, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігінен.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 188 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 283 адам жарақат алған. Ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде тәртіп сақшылары 234 апатты тіркепті (13 адам опат болып, 323 адам зардап шеккен). Жол-көлік оқиғалары 20 пайызға азайғанымен, бұл санатқа Астана бағытындағы үлкен жолдың түк қатысы жоқ.
Биыл қыста Астана – Павлодар автожолында жылдамдық режімі сағатына 140 шақырымнан 110 шақырымға дейін шектелген еді. Алайда ресми статистикадан бұл шектеудің жол-көлік апаттарын азайтуға ешбір әсер етпегенін аңғару қиын емес. Бүгінде жеңіл көліктер бұл жолда бір аралыққа – 879 теңге, жүк көліктері салмағына, ал автобустар орын санына байланысты 3 655 теңгеден 18 156 теңгеге дейін төлейді. Дегенмен ақылы жолдың жағдайы көңіл көншітпей тұр.
Ең әуелі бетон жолдың Павлодар облысы аумағындағы сапасы нашар. Былтыр жазда ыстық ауа райына шыдас бермей, цементбетонды жабын екі мәрте көтеріліп кетті. Оқиға салдарынан бірнеше көлік апатқа ұшырап, зақымданды. Бетонды жол қыста өте тайғақ. Қыстың жылымық күндері жалтыраған мұзға айналып шыға келеді. Екі ортада қыс бойы жол жиі жабылып, көлік қозғалысы шектеле беретіні жүргізуші қауымның наразылығын тудырып отыр. Оның үстіне кейінгі жылдары жолдың көп бөлігінде ойықтар пайда болған. Бетонды жолдағы шұңқырларды жамап-жасқау асфальтты жолдағыдай емес, күрделі әрі уақытты көп алады. Бұған қоса Шідерті кенті маңындағы жол бөлігі Бозшакөл кенішіне қатынайтын жүк көліктерінің салдарынан ту-талақайы шыққан. Бұл аумақтан жүріп өткеніңіз үшін ақы алынбағанымен, жүргізушілерді бөгеп, кейде ой-шұңқыры көп жерлерде апаттық жағдайлар жиі туындайды.
Жүргізушілер ақылы жол тарифінің көтеріліп кеткеніне де наразы. Кейінгі үш жылда тариф шамамен екі есеге жуық артқан. Алайда жол ақысы өскенімен, жолға қызмет көрсету сапасы ақсап тұр. Қыста қар уақтылы тазаланбайды, жазда ой-шұңқырлар тегістелмейді.
Көпшілік ақылы жолмен жүрудің тәртібіне жиі шұқшиып, кінәні жүргізушілерден іздеуге дайын тұратын Ішкі істер министрлігінің өткен қыстағы шешімі көңілге қонымды болмағанын айтады. Әр бағытта екі жолағы бар автобанда жеңіл көліктерді баяулатып қою ойға сыймайды. Оның үстіне көлік құралдарының орташа жылдамдық режімін бақылайтын тұтас бейнекамералар жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан ең әуелі жолдағы қауіпсіздік мәселесін шешу, яғни жол жабынының сапасын арттыру, жол бойындағы сервистік қызметтерді көбейту қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес», деген еді бір сөзінде. Президент тендерді жыл сайын бір-екі компания ғана ұтып алатыны, жолдарды жөндеу жұмыстарының өте баяу жүретіні, жол жөндеуге бөлінетін қаражаттың көп бөлігіне мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмағаны үлкен проблема екенін атап көрсеткен.
Бұл мәселені тарқату үшін жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығы аса байыпты әрі шешімді істер атқарады деп сенеміз. Сапа жақсарса, ақылы жолдағы қауіп-қатер азайып, көлік ағыны молая түсетіні анық.
Павлодар облысы