Парламент Мәжілісінің көп жылдардан бергі депутаты, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Жексенбай Дүйсебаев «Жайылымдар туралы» Заңның негізгі авторларының бірі болғанын біз бұрын бірнеше рет жазғанбыз. Алайда қабылданғанына жарты жыл өтсе де осы заң орындалмай жатыр. Осыған байланысты депутаттың Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалын беріп отырмыз.
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясында Мемлекет басшысы қабылданған заңдардың орындалуын бақылау ісіне айрықша назар аударды. Әрине Парламент қабылдап, одан Президент бекітіп қол қойған уақыттан биліктің атқарушы тармағына жеткенше және олардың заңнамалық нормативтік-құқықтық құжаттар қабылдағанынша әжептәуір уақыт өтетінін жұрттың бәрі де біледі. Алайда олардың кейбірінің орындалуының шектен тыс ұзақ уақытқа созылып кеткеніне алаңдаушылық туып отыр. Мәселен, Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленіп, ұзақ уақыт талқыланып, қайнауы жеткен өзекті мәселені заңнамалық тұрғыдан шешуге тырысқан «Жайылымдар туралы» Заңның қабылданғанына жарты жылдан артық уақыт өтсе де оның әлі күнге орындалмай жатқанына не айтуға болады?
Үкіметтің жұмыс регламентінің талаптарына қарасақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар заңнамалық нормативтік-құқықтық актілерді 2017 жылдың сәуір айының аяғына дейін қабылдауы керек еді. Соған қарамай жергілікті билік орындары ауылдық округтер мен аудандық бағыныстағы қалаларға қарайтын жерлердің арасындағы жайылымдарды басқарудың жоспарларын жасап, оны мәслихаттардың сессияларында бекітпегенін біліп отырмыз. Мұндай құжаттар жасалмаса, заңның нормалары орындалмайтыны белгілі. Қазір республикамызда 2548 ауылдық округ пен аудандық бағыныстағы қалалар бар, бүгінгі күнге дейін соның 175-іне ғана аталған жоспар жасалған немесе әзірлену үстінде. Бұл 7-ақ пайыз деген сөз. «Жайылымдар туралы» Заң ауыл тұрғындары арасында жайылым жетпегендіктен талас тудырып отырған өте өткір мәселені шешіп, мал басының өсуіне жағдай туғызуына, мал шаруашылығы өндірісін арттыруға, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға бағытталғанына қарамастан, осындай күй кешіп отыр.
Аймақтардағы ауыл тұрғындарымен кездесу барысында біз олардың «Жайылымдар туралы» заңды, ондағы өздерінің құқықтары мен мүмкіншіліктерін білмейтіндігіне көзімізді жеткіздік. Көптеген БАҚ та заңның орындалмай жатқанын көрсетіп жүр.
Осы мәселелерді ескере отырып, Бақытжан Әбдірұлы, Сізден «Жайылымдар туралы» заңның орындалуы үшін қажетті шаралар жасауыңызды сұраймыз».
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Мәжіліс депутаты