• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қазан, 2017

ШҚО-да ең үздік ауыл мен ең үздік аудан анықталды

1240 рет
көрсетілді

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өңірімізде 15 шілде мен 30 қыркүйек аралығында «Үздік шағын қала», «Үздік аудан» және «Үздік ауыл» аталымдары бойынша облыстық байқау ұйымдастырылды.

Бұл мақсатта аймақта арнайы көшпелі комиссия құрылыпты. Комиссия мүшелері үздік атағына үміткер 15 ауыл мен кенттен, 2 шағын қала және 15 ауданнан инфрақұрылымы дамыған, барынша көгалдандырылған, абаттандырылған елді мекендерді таңдап алыпты. «Байқаудың бастапқы кезеңінде өтінімдер жиналып, үміткерлердің тізімі жасалды. Бұдан соң 14 тамыздан 8 қыркүйекке дейін конкурстық комиссия мүшелері таңдалып алынған елдімекендерді аралап, көрді», – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Болатқан.

Елдімекендер ғимараттардың, көше шамдарының, асфальт жабындысының, қоршаулардың, архитектуралық формалардың, балалар алаңдарының, тұрмыстық қалдық алаңшаларының, жеке үйлердің жағдайы, жасыл желек саны және тағы басқа да өлшемдер бойынша бағаланыпты. Құрамына облыстық басқармалардың, «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері және қоғамдық кеңестің мүшелері енген комиссияға облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов жетекшілік жасапты.

Сонымен, «Үздік шағын қала» аталымында 1 орынды Аягөз, екінші орынды Шемонайха шаһары иеленсе, «Үздік аудан» аталымында 1 орынды Зайсан, 2 және 3 орындарды тиісінше Үржар мен Катонқарағай аудандары қанжығаларына байлапты. Аягөз ауданындағы Шыңғожа ауылы «Үздік ауыл» деп танылса, Шемонайха ауданының Камышенка және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылдары 2,3 орындарға табан тіреген көрінеді. Алдағы уақытта байқау жеңімпаздарына абаттандыру мақсатында гранттар табысталатын болады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы