«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі арасында, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының қаржылық қолдауына сүйене отырып, энергияны үнемдеу саласындағы мәселелермен айналысып жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары жөнінен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасындағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел әңгімелеп берді.
Спикердің сөзінше, келісімшарт энергияны үнемдеу саласындағы инвестициялық жобаларға қолдау көрсету механизмін қалыптастырудың жемісі болып отыр.
«БҰҰ Даму бағдарламасы әрі Қазақстан Республикасы бірлесіп «Төмен көміртекті дамуға арналған орнықты қалалар» жобасын іске асыруды қолға алған болатын. Жоба 2020 жылға дейін атқарылады. Біз аталған жобаны қазіргі уақытта Қазақстанның 7 қаласында, дәлірек айтқанда Қостанай, Лисаков, Шымкент, Ақтөбе, Теміртау, Орал, Тараз қалаларында қанатқақты жобада жүзеге асыратын боламыз. БҰҰ Даму бағдарламасы жобаның қаржылық индикаторларын жетілдіру әрі оның өз-өзін өтеу мерзімін азайту үшін төменкөміртекті жобаларды іс жүзіне асыруға қарыз бөлуге көмекқаржы төлеу, дәлірек айтқанда коммерциялық несиенің 10%-дық банктік мөлшерлемесін жабу механизмін сынақтан өткізетін болады. Мысалы, несие бойынша банк мөлшерлемесі орташа мөлшермен 15% болса, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы қаржылық көмегі шарасынан пайда көретін тарап үшін мөлшерлеме 5%-ды құрайтын болмақ. Бұл Еуропа елдеріндегі жобалар қойылымдарымен деңгейлес болып саналады», деп атап өтті Қазақстан Республикасындағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел.