• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2017

Қасқырдан қаймықпаған бала

654 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының Талдықұдық ауылына бөрі тиген.

Таң ата қорадағы малын далаға шығармақ болған 8-сынып оқушысы Мəди Өтегенов түз тағысымен бетпе-бет келген. Тауық шулап, бір нәрседен үріккендей азан-қазан болған соң жүгіріп барған Мәди аузы-басы қан-қан «үлкен сұр итке» тап болыпты. Жерден кесек алып, ұрмақшы болғанда түз тағысы қарсы секірген. Абырой болғанда жасөспірім жалма-жан қораның төбесіне шығып кетіпті. Оң аяғынан тістеген бөрінің аузын екінші аяғымен теуіп үлгерген.

Мәдидің айғайлаған дауысын естіген үлкендер көмекке келіп, Жанболат есімді көршісі шақырылмаған қонақты мылтықпен атып тастаған.

Әрине, Мəдиге ауылдық фельдшерлік пунктте алғашқы жәрдем көрсетіліп, шұғыл түрде Жалпақтал ауруханасына жет­­кізілді. Аурухананың бас дəрігері Алмас Тоғай­бай­ұлының айтуынша, Мәдиге құтыруға қарсы вакцина жасалған.

– Қазір бала хирургиялық бөлімде бақылауда. Жарасы таза, ауырсыну белгілері жоқ. Ал ауылға беймезгіл келіп, елді әбігерге салған қасқырдың миы ветзертханаға жібе­рілді, – дейді бізге қазталовтық әріптесіміз Тұрарбек Қайырғали.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы