Кеше Астанада өткен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Премьер-министрі Сапар Исақовтың келіссөздері нәтижесінде бірқатар уағдаластық жасалды.
Сапар Исақов бастаған бір топ қырғыз делегациясы кеше Астанаға кештетіп жетті. Үкімет басшысы, оның орынбасарларынан бастап бүкіл министрлері бар қырғыз делегациясы Қазақстан Үкіметі басшысымен кездесу туралы бастаманы өздері ұсынған екен. Оған Қазақстан тарапы келісім берген сәтте бірден Астанаға ұшып келген.
Делегация құрамында бірінші вице-премьер-министр Толқынбек Абдығұлов, сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев, қаржы министрі Адылбек Қасымалиев, экономика министрі Артем Новиков, мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы Азамат Сулайманов, мемлекеттік салық қызметінің төрағасы Октябрь Абдыкаимов, мемлекеттік экономикалық қылмыстарға қарсы күрес қызметінің төрағасы Замирбек Осмонов, мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Медетбек Айдаралиев, мемлекеттік кеден қызметі төрағасының орынбасары Құрманбек Исаков және басқалары бар.
Екі ел Үкімет басшыларының кездесуі алдымен шағын құрамда жабық есік жағдайында өтті. Одан соң екі елдің министрліктері мен ведомстволары басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Оның барысында шекаралық, көліктік, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау, ЕАЭО және ДСҰ ержелері мен нормаларын ескере отырып, кедендік және салықтық әкімшілендіру мәселелері қарастырылды.
«Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бірнеше рет атап өткеніндей, бауырлас екі елдің қарым-қатынасы барлық жағынан жақсы әрі өңірдегі өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болуы керек», деді Б.Сағынтаев келіссөздер барысында.
Өз кезегінде С.Исақов Қырғызстаннан үлкен делегация келгеніне тоқталды. «Мен Қырғызстанның Премьер-министрі ретінде сындарлы жұмысқа бейілдімін», – деп атап өтті ол.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар 19 қазандағы 00.00 сағаттан бастап қазақ-қырғыз шекарасынан қол жүгі бар жеке тұлғалардың, жолаушы тасымалдайтын тұрақты автобустардың, жеңіл автокөліктердің, бос жүк көлік құралдарының басымдықты тәртіппен өтуін қамтамасыз етуге уағдаласты.
Сонымен қатар, екіжақты экономикалық қарым-қатынастардың өзекті мәселелері бойынша бірлескен «Жол картасын» әзірлеу үшін Қазақстан мен Қырғызстан Премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары төрағалық ететін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін оның қорытындысы жөнінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәлімдеме жасап, қырғыз елінен үлкен делегация келгенін, бұл сапар бірер күн бұрын осы тараптың бастамасымен болған телефон арқылы сөйлесудің нәтижесінде жүзеге асқанына тоқталды.
Үкімет басшысының атап өткеніндей, тараптар кеден және салықтық әкімшілендіруге қатысты түйткілді мәселелерді талқылады. Мысалы, біздің кеден органдары қырғыз тарапының Қытайдан импорттайтын тауарларын Қазақстан аумағы арқылы алып өткенде толық жарияламау деректерін анықтаған. Соның салдарынан біздің ел тікелей зиян шегіп отыр. Келіссөздердің нәтижесінде қырғыз жағы күн тәртібіне қойылған осындай мәселелермен келісті және Премьер-министр С.Исақов Қырғызстан жағының өз міндеттемелерін орындауына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық мүдделердің сақталуына қатысты мәселелердің оң шешілетіндігіне кепілдік берді.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»