ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасын таныстыру аясында «Қоғамдық сананы жаңғырту: Нұрсұлтан Назарбаев моделі» атты халықаралық-тәжірибелік конференция өтті.
Жиын сессиялары бірнеше негізгі тақырыптар бойынша бөлінді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева таныстырды.
«Санды технологиялардың қарқынды дамуы және олардың барлық дерлік салаға енуі нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жаңа парадигмасы туындады. Мазмұндық жағына өтпес бұрын осы бастамаға түрткі болған тарихи логикасына тоқталайын. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры аралығында біздің еліміз нарықтық экономикалы демократиялық мемлекетке айналуы жолында батыл реформалар жасады. Өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсерген Қазақстан қарқынын бәсеңдеткен жоқ.
2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды озық 30 елдің қатарына кіргізуді мақсат ететін дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын ұсынды. Бұл мақсатты орындаудың негізгі механизмі – адами капитал болатын. Әлем бір орында тұрмайды, біз ғаламат өзгерістер куәсі болдық. Өмір салты мен ойлау дағдысын өзгертуге болмас, алайда білім беру және нақты іс-әрекеттер арқылы қалыптастыруға болады. Елбасымыз мұны жалпыұлттық жобалар жүйесі арқылы іске асыруды ұсынды. Бұл жобалардың әрқайсысы жаңғырту ортасын қалыптастырып, қоғамды осы ортаға тартады. Осы мақсатта 6 жалпыұлттық жобалар ұсынылған болатын», деген Аида Балаева әрбір жобаға тоқталып, олардың іске асырылу барысы жайлы толыққанды мағлұмат берді.
«Егемен-ақпарат»