• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қазан, 2017

Тараздағы Тәуелсіздік монументі туралы

1645 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің тарихын бейнелеп, айбынын асыратын дүние көп-ақ. 

Егемендіктің ширек ғасырдан астам тарихында еліміздің әрбір өңірінен бой көтерген еңселі ескерткіштер мен монументтер де елдіктің ерен қалпын танытады. Азаттықтың ақ таңына жету жолындағы тағдырлы сәттер, шешуші кезеңдер де ұлттық сәулет өнері арқылы кең даламызда көрініс тапты. Азаттық жолында айқасқан алыптар бейнесі де елдігіміздің ерен белгісіндей көрініс береді. 

Тараз қаласындағы Төле би көшесінің бойында «Гүлденген Қазақстан» атты монументалды-архитектуралық кешен бар. Мұн­да тараздық тұрғындар күн сайын серуендеп, сейіл құрады. Атал­ған мемориалдың жанынан Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Тәуелсіздік монументі» бой көтерді. Мо­нумент құры­лысы өткен жылы 30 қараша күні тап­сырылған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргіз­ген бас мер­дігер «Визарт НТ» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі. 

Монумент бастапқыда триум­фалды арка пішінде жоспар­ланған. Қазақ халқының ежелгі тарихы түрік сақтарынан бастау алатынын ескеретін болсақ, Шығыста арка мәңгілік махаббат пен бақыттың символы болып саналады. Ал монументтегі шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі ретінде бедерленген. Сондай-ақ сегіз бұрышты жұлдыз Қазақстанды болашаққа бастайтын жол іспетті жобаның мағынасын аша түседі. Монументтің биіктігі 15,8 метр, көлемі 3,5 метр. 

Көне шаһардағы алып монумент суретші-монументші Ама­нат Назарқұлов және сәулет­шілер Асқар Рыспаев, Ілияс Бекежанов, Жүсіп Суанбектің шығармашылық бірлестігінен туған. Ал нысанның композиция­сында Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі таңда қол жеткен жетіс­тіктері суреттер арқылы ай­шық­талған. 

Шаһардың шырайын ашып, көркіне көрік қосып тұрған осынау алып монумент Ел Тәуел­сіздігін мейлінше сипаттайды. Нысан бойында көрініс тапқан ұлттық нақыш, ұлттық ұғым-түсінік те елдің ғасырлар бойы сақталып келе жатқан дәстүр сабақтастығынан хабар береді. Төле би көшесінің бойындағы еңселі ескерткіш асқақтығымен де көз тартады.

 

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы