• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2017

Дауыл алдындағы тыныштық болып жүрмесін

657 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниені тығырыққа тіреген 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессиядан» енді ғана оңала бастаған әлем экономикасы 2016 жылдан бастап баяу да болса тұрақты даму бағытына бет бұрды.

Биылғы жылдың басында жарыққа шыққан БҰҰ-ның «Әлем экономикасының ахуалы және болашағы» атты дәстүрлі баяндамасында жаһандық эконо­миканың 2016 жылғы өсімі 2,6 пайыз деңгейінде бағаланған болатын.

Ал Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жыл басында жаһандық экономиканың өсімі 2017 жылы 3,4 пайызды құрайтынын алға тартты. Өткен аптада ХВҚ әлемдік эконо­миканың биылғы жылға арналған даму болжамын тағы да жаңартты. ХВҚ сарапшыларының айтуынша, жаһан­дық экономика биылғы жылдың бірін­ші жартыжылдығында тұрақты даму қарқы­нынан айныған жоқ.

Әлемдік экономиканың нақты даму бас­палдағына көтерілуіне төртінші өнер­кәсіп­тік төңкеріс аясындағы цифрлы тех­но­логияны әкелген ғылыми техникалық про­гресс тұғыр болып тұр. Цифрлы тех­но­­ло­гия­ның әлемдік экономикаға тигі­­зетін игі ық­палы барған сайын арта бермек. Бұл сала­дағы жаһандық жетіс­тіктер мәселесін тілге тиек етуді алдағы уақыттың еншісіне қал­ды­рып, бүгінгі таңдағы әлемдік эконо­мика­ның нақты даму деңгейін таразылап көрейік.

Еуроаймақ экономикасының ахуалы биыл­ғы жылдың өткен айларында бір­ша­ма жақсарды деп сеніммен айтуға бола­ды. Еуропалық одақтың ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) биылғы жылдың бірінші тоқ­санында 1,9 пайыз өсті. 2016 жылдың сәй­кес мерзімінде бұл көрсеткіш 1,8 пайызд­ы құраған болатын. Еуроаймақтағы инфля­ция деңгейі біршама төмендеді. Еурай­мақтағы және Еуропалық одақтағы жұмыс­­сыздық деңгейі төмендеп келеді. 2017 жылдың маусым айына дейінгі мәлі­­мет бойынша, жұмыссыздық дең­гейі еуроай­мақта 9,3 пайызды құраса, Еуро­па­лық одақта – 7,8 пайызды құрап отыр. ХВҚ өзінің АҚШ экономикасының 2017 жылғы өсімі 2,3 пайызды құрайды деген бұрынғы болжамын өзгертіп, АҚШ эко­номикасының өсімі 2017 және 2018 жылдары 2,1 пайыз болады деген жаңа ақ­п­арат таратып отыр. 2017 жыл­дың бірі­нші жар­тыжыл­дығындағы дерек бо­йын­ша, АҚШ-тағы жұмыссыздық дең­гейі 4,4 пайызды құраған. Мамандардың айтуынша, АҚШ мемлекеті сияқты алып экономика үшін бұл жаман көрсеткіш емес. PwC эконо­мистерінің болжамы бойынша, 2017 жылы және таяу болашақта Азия әлемдік экономиканың драйвері болып қалмақ.

Алайда бірқатар білікті сарапшылар жаһан­дық экономиканың бүгінгі қанағат­танарлық жағдайынан болашақ әлемдік дағдарыстың алғашқы қатерлері көріне бастағандығын айтып, оның алдын алу қажеттігін ескертуде. Мәселен, ХВҚ-ның жаһандық қаржылық тұрақтылыққа жауап беретін жоғары лауазымды маманы Тобиас Адриан «Теңіздегі судың беті тып-тыныш тербеліп жатуы мүмкін, дегенмен оның астында үлкен қатер тұнып жатқанын білмейміз, сондықтан қазірден бастап қауіптің алдын алу шараларын жасамасақ, бұл қатер жаһандық экономиканың қал­пына келу тұрақтылығын бұзады», деп атап көрсетеді. Мамандардың айтуын­ша, кезекті дағдарыс қатері жаһан­дық қаржы жүйесіндегі шешімін тап­паған келеңсіздіктерден туындайтын көрі­неді. Егер олар жедел түрде ретке келті­рілмесе акциялар бағасының 15 пайызға дейін төмендеуіне әкеледі. Өз кезегінде ол жаһандық ІЖӨ-нің 1,7 пайызға құл­дырауына әкеліп соғады.

ХВҚ болашақ әлемдік экономикалық дағдарыстың бастауы G20 мемлекеттерінің қаржылық емес салаларында қордаланып қалған қарыз көлемінің болуы мүмкін екен­дігін айтады. Өткен жылы бұл қарыз­дың мөлшері 135 триллион АҚШ дол­ларына немесе осы мемлекеттердегі ІЖӨ-нің 235 пайызына тең болған екен. Ең кереметі осыншама жаһандық қарыздың үштен бір бөлігі АҚШ пен ҚХР-ға тиесілі көрін­еді. Әсіресе жылдан-жылға жоғары қар­қын­мен өсіп бара жатқан АҚШ мемле­кетінің қарызы жаһандық қаржы жүйесінің тұрақтылығына зор қауіп төндіріп тұр.

Қаржы рыногындағы активтер бағасы­ның күрт көтерілуі де ХВҚ экономис­терін алаңдатуда. Қор экономистері қар­жы рыно­гын­дағы бұл көрініске «эконо­ми­калық жә­не қаржылық циклдер арасындағы теңсіз­діктің артуы» деген баға беріп отыр. Қазір дү­ние жүзіндегі ең ірі отыз банк 47 трил­лион доллардан астам актив­ке ие. Бұл бү­кіл планетадағы активтің үштен бір бө­лі­­гі­нен артық. Бұл активтерге ие болып отыр­­ған осы ірі банктердің жар­­ты­сы өз ка­­пи­­тал­­дарының жоғары тиім­ді­лігін қам­та­­ма­­сыз ете алмай келеді. Олар­дың жеке ка­пи­­талы­ның табыстылығы 8 па­йыз­дан төмен. ХВҚ-ның болжамы бойын­ша банк үшін 8 пайыз – қызыл сызық, одан әрі банк шығынмен жұмыс істейді деген сөз. Дуа­лы ауыз сарапшылардың бол­жам­дары­нан бай­қа­ғанымыз, болашақ дағ­дарыс қа­те­рі тағы да банктерге тіреліп тұр­ған көрі­не­ді. Ендеше әлемдік қаржы институт­тарын қайта құратын жаһандық түбегейлі реформа қажет.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»