Өскеменнің іргесіндегі Глубокое кентіндегі «Шахан-Ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына биыл 20 жыл толды. Оны Жаңабай Тастанбеков басқарады. 20 жылдың ішінде аталмыш кәсіпорын Қазақстанның қалаларын былай қойып, көрші Ресейге өз тауарларын шығарып жатыр. Ал олардың ішінде нан, нан-тоқаш тағамдарының – 15, 40-тан астам тәтті пірәндік, 70-тен астам бисквитті-кремді торт, кондитер тағамдарының 100-ден астам түрі бар. Ол ол ма, келешегі кемел кәсіпорынның күнбағыс майын сығатын, ағаш ұстасы, жиһаз цехтары, құрылысқа қажет құм және көмір қалдықтарынан кірпіш жасайтын зауыт, мал соятын қасапханасы бар.
Бұл күндері серіктестікте 370 адам еңбек етеді, олар жалақыларын уақтылы алып тұрады.
– Шығысты ерекше ұнаттым. Бұл жақтың адамдары қарапайым, қонақжай екен, мені жатсынбай, бауырларына тартты. Ол кезде сауда-саттықтың қызған шағы. Көкөніс саттық, кәсіпкерлікті игере бастадық. Сол кездегі аудан әкімі Марат Әкрамов мені қабылдап, әбден тозығы жеткен бұрынғы нан зауытының ескі ғимаратын берді, оны жөндеп, қатарға қостық. 15 миллион теңге несие алып, жаңа жабдықтарды өндіріске енгіздік. Біз өндіретін өнімдердің сапасы жоғары, бағасы қымбат емес, сондықтан Өскеменнің 820 сауда дүкендерінен тәтті тағамдарға, торттарға тапсырыс түседі. Экологиялық жағынан таза, ешқандай консерванттар қосылмаған тағамдарымыз өткен жылы облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алды, дейді Ж.Тастанбеков.
Мал соятын қасапханада ауданның барлық шаруа қожалықтарының ірі қарасы сойылып, сауда орындарына жөнелтіледі. Жиһаз цехында неше түрлі бұйымдар жасалады, сапасына тұрғындар риза. Тәтті тағамдар цехына енгенімізде бір топ қыз-келіншекті жолықтырдық. Олар ауысымына жүздеген дана торт, кондитер тағамдарын жасайды екен. Ал кірпіш шығаратын цехқа енгенімізде, он шақты жұмысшыны жолықтырдық. Шлактан, құм мен цемент қосылып жасалған кірпішке де сұраныс ерекше көрінеді.
– «Шахан-Ата» деген атау нені білдіреді? деп сұрадық біз.
– Бабамыз Шахан-Ата 102 жасында Ордабасыдағы жоңғармен қазақтар қақтығысып қалғанда қолына найза алып, жауларымен шайқасқан. Ол кісі әулие болған, адамдарды емдеп жіберетін қасиеті тағы бар. Қазақ елінің тәуелсіздік алуын армандаған атамыздың рухы барлық қазақтарды қорғап-қоршап жүрсін деген ниетпен кәсіпорынға атамыздың атын бердік. Мақсат айқын, қазір бізде еңбек ететін 370 адам бір мыңға жуық адамды асырап отыр, дейді Жаңабай Тастанбеков.
Жүрегі жомарт, жаны таза азамат қайырымдылық шараларына белсенділікпен араласады. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанды» ұзақ жылдан өзіне серік еткен. Оңтүстіктегі ағайындар жайлы оқыған кезде төбем көкке сәл ғана жетпей қалады, дейді рухани жағынан кемелденген азамат. Жәкең кезінде облыстық «Дидар» газетінде қызмет еткен Зейнелғабиден Қалиевпен жақсы араласқан екен. Ардагер журналист қаза тапқан соң ол кісінің зиратын тұрғызып беріпті. Мәдениет, спорт саласындағы азаматтарға да сан мәрте демеушілік жасаған азаматты Глубокое ауданының тұрғындары ерекше құрметтейді.
– Бір өзі бір комбинат! Шіркін, Жаңабайдай іскер, кәсіпкерліктің ұңғыл-шұңғылын терең меңгерген азаматтар көп болса, алынбайтын қиындық болмас еді, өңіріміз өсіп-өркендей берер еді, дейді аудан әкімі Қалихан Байғонысов.
Оңдасын ЕЛУБАЙ Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы